Ләззат – ең бiлiмдi педагог

Қазығұрт ауданындағы Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-лицей мұғалімі Ләззат Нұралиева шәкірттерін математика құпиясына бойлатудан жалыққан емес.

Ол таяуда облыстық білім басқармасына қарасты «Түркістан облысының әдістемелік орталығы», «Білім шыңы» қоғамдық бірлестігі және «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымдары ұйымдастырған «Ең білімді педагог» атты пән олимпиадасына қатысқан болатын.

Мектеп мұғалімдерінің педагогикалық шеберлігі мен кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында өткізілген осы сайыста Л.Нұралиева бас жүлдені жеңіп алып, «Ең білімді педагог» төсбелгісімен және дипломмен марапатталды.

Айта кетейік, Ләззат Әділханқызы оқушыларының интеллектуалдық дамуына жол ашып, оларды республикалық Ұлттық интернет олимпиада тарапынан қашықтықтан ұйымдастырылатын пәндік олимпиадаға даярлап келеді. Шәкірттерінің арасында Мирас Әбдіманапов, Зарина Білісбекова, Назкен Баймен І дәрежелі, Аяулым Байбосын ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды.

Біз Ләззаттың және оның жолын қуып келе жатқан шәкірттерінің бұдан да биік жетістіктерге жете беруіне тілектеспіз.

Жәмила БАЙМҰРАТОВА, Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-лицейінің мұғалімі. Қазығұрт ауданы.

Пікір қалдырыңыз