Сағыныштың сары өзенiн кешiп жүрмiн...

(элегия)

Өзі де құстың тұмсығындай ғана ғұмырды көзді ашып-жұмғанша келтелеп, қайран да қайран, беу шіркін уақыт-ай, сонша неге заулайсың?! Мәлім бір жол таңдамай, өр мен ылди талғамай, алдыңа да қарамай, артыңа да бұрылмай зымырандай замғайсың-ай! Қас қағымда айналаны жапырып, дүниені сапырып зулап барасың! Қамшы салдырмақ түгілі, сауырыңды да сипатпайтын бас бермес арынды асаусың-ау. Бір мезет жалыңнан ұстап тұрып, ілгеріге – кейінгіге ой жіберуге де үлгертпей алға шапшисың келіп. Желдей есіп, құйындай құйғытып, қайда алып-ұшасың, қайда аптығасың, ей, тым өктем уақыт!?

Түгелін де сан құбылтып, бәрін де қиратып, неліктен осынша аласұрасың?!

Аялдашы. Сәл аптығыңды басшы, қымбат та қатал уақыт. Құлдырап аққан жұлдыздай уақыт, бір сәтке кідіре тұршы... Қиыла өтінем. Мен ес жиып, еңсемді тіктейін. Жүрегімдегі қордаланып, меймілдеп тұрған жырымды төгейін, санамды сансыратқан сырымды ақтарайын. Сөйтіп мұң тұтқынындағы жанымды шамалы бір босатайын...

Мәңгілік дейтін түпсіз кеңістікке өтіп кеткеніңе де жыл жақындап қалыпты-ау, жан балам! Жо-жоқ! Жоқ! Жоқ! Ей, не деп кеттім мен осы?!. Құдайым-ай, не деп адасып,.. шатасып отырмын!?

Бұл денені қақаған аяздай қарып түскен, басымды инедей піскілеген қайдағы сұм сөз аузыма қайдан сап ете қалып еді?! Мәңгілікке... демек бақилыққа кеткені несі?! Жо-жоқ! Жоқ! Әлгі... онсыз да қайнап шаршаған миымды зірк еткізген, төбеме төтеннен тастай суық су құйып жібергендей өне бойымды тітіренткен жаңағы айтқан лепесім, Алла, өзің кешіре гөр, өтірік! Жалған! Бекер! Енді жан күйзелісінен туған, арпалысқан ойларымның арасынан кездейсоқ, абайсызда шығып кеткен әншейін сөзім.

Біржола деген не сөз ол жүректі тілгілеген!? Жоқ! Сен бізден біротала алшақтаған жоқсың, ұлым! Ұза-ақ сапарға аттанып кеткенсің. Асқақ арманыңа қол жеткізу үшін алы-ес жолға жүрдің. Сол себепті де әзірге қияндасың. Ортамызға келесің! Ораласың!

Бар болмысыңмен қашанда қасымыздасың! Жанымыздасың! Арамыздасың! Өзімізбен бірге күліп-ойнап, жайраң қағып жүрсің, балам!

Осындай періште иланымымды жазғыра көрме, Жаратқан ием! Құдіретің де шексіз. Жұбаныш нанымымды айыптасаң, қайтемін енді. Бәрін де түсінемін... түйсінемін. Бәрібір мен үшін жан балам, жер-дүниеде барсың! Барсың! Шетсіз кеңістіктің бір қиырында қиял мен арманыңның аясында жүргендейсің. Бәлкім иірімі терең, көтерілуі шырқау мақсатыңа қалай да жетем деп шығандаған сол қияныңда басыңа түсті-ау бір қыстау. Соның тосыннан тартқызған тауқыметіне тап болдың ба, балам?! Төтеннен тұтқан сол қиямет-қайымнан құтылуға дәрменің жетпей, үнсіз қалдың ба?

Бір басыңда белес-белес жобаларың о-ой, өзі де жүдә тым көп еді. Біріне жанталасып, табандап жететінсің. Оған тоқмейілсімей, тым болмаса, сәл-пәл дамыл алмай, іле екіншісін тез орындап тастауға құлшынып, жанығып кірісіп те кете беретінсің. Кейде тіпті қабат істі қатар жүргізіп, жас басыңды бәйгеге қаймықпай тігетінсің. Мүмкін қос-қостан қиындықтар маңдайыңды тасқа тигізіп, жас жаныңды ерте шалдықтырып тастады ма екен?.. Жоқ! Бұлай болуы мүмкін емес! Менің білетінім – сен жас та болсаң, қайтпас қайсарлығыңмен, тірліктің көзін таба білетін қарымды қабілетіңмен бәрін де жеңетінсің! Жанкештілікпен еңбек ететін қайратыңмен, сен ұлым, қымбат уақытыңның құнын жақсы тұшындың...

Әрбір күннің бағасын қадірлейтініңді «Уақыт – алақанымызға құйып алған су секілді, шөлімізді қандырып үлгеруге тиіспіз» деген қағиданы қойын кітапшаңның бірінші бетіне жазып алғаныңнан да байқап едім. Сөз арасында Мұқағалидың:

«Уақытты тоқтатар шамаң бар ма?

Бәрі өтеді: дәуірлер, замандар да.

Менің жаным ашиды бұл өмірді,

Өтпейтіндей көретін адамдарға!» деген жыр шумағын оқтын-оқтын айтып жүретінің де есімде. Бұл, кейде маған құлаққағыстай сезілетін еді. Уақытқа өзің емес, уақыт саған тәуелділігін дәлелдегің келгендей ме, әйтеуір одан көп ілгері озып жүретінсің.

Ал, мен уақыт елеу дегенді, неге екенін бір Жаратқан білсін, баяғыдан жек көремін. Секунд...минут...сағат...күн санауға оң-солымды ажыратқалы жаным қас. Соңғы кезде... сенің балам, күндеріңе саусақ бүгуді тіпті қаперіме алғым келмейді. Ойымнан жүйрік уақыт өзін менің қабылдауымды қабылдамайтынына қарай ма, тек тоқтаусыз зымырайды. Жә! «...Өте бер, уақыт, кете бер, мейлің қират бар! Онсыз да мені өлтіріп жүр ғой қинап хал...»

Менің бүгінгі уақытым – сағыныш! Уақытым тек сағынышпен өлшенеді!

Иә, ұлым, былтырғы жазда жердің түбіне жолаушылап кеткеніңнен бері сені өте-мөте қатты сағынамын. Бұрын да жанымыздан сәл алшақтасаң алаңдай сағынатын едім. Мен ата сақалы аузына түскен жасқа келсем де, сен шаңырақ көтеріп, жас әке атанып жүрсең де, қасымыздан, үйден біраз күн ұзасаң аласұрып, тыпыршып, елегізіп аңсайтынмын. Ал, өткен жылда аттанған сапарың арамызды қашықтатқан сайын тіптен өзімді қоярға жер таппай, жандалбасалап жүрмін.

Қатты сағындым өзіңді, жасаған бере салғаным!

Тұла бойымды тұмшалап алды өзіңе деген сарғайған сағыныш!

Құдайдың құтты күні түсіме кіресің, жан балам! Бүлдіршін шақтан байқалған мінәйім мінезің сол баяғы! Шаттыққа толы кәусар күлкің... балалармен шуылдасып, дуылдасып ойнап жүресің... Кішкентайыңнан жадыңның мықтылығымен, өркеудемен отты ақындардың өрт өлеңдерін лаулатып оқып тұрасың... кейде әлденеге өкпелеп, тым-тырыс тынып бұртиып отырасың... қиял қанатына мінген сәтің бұл... қалың ойдан кенет серпіліп, еркелеп келіп «папалап», «мамалап», әке-шешеңнің мойындарын қауыштыра құшақтай кетесің... енді бірде өсе келе тапқан шалт қимыл, шапшаң әдетіңмен әлдеқайда... әлдеқайда емес, армандарыңды орындауға беліңді шарт буып, асығыс кетіп бара жатасың... Ұйқыммен ылғи біргесің. Көзім ілініп кетсе болды, азамат болып қалыптасқанға дейінгі кезеңдегі барлық өсіп-өнгенің, жүріс-тұрысың, сан қырлы жұмысың, қызықты, шыжықты қылықтарың... бәрі-бәрі кезек-кезегімен, түйдек-түйдегімен, ұшы-қиырсыз сахнада ойналып жатады. Мен бірде жарқыраған, бірде күңгірт сол бейнеңмен сырласамын, жаныңмен сұхбаттасамын. Өзіңмен мамырласқаныма зілмауыр тартып жүрген жаным жеңілдеп те көзімді ашам. Бойым одан бетер ауырлап, азаптанып, шошып та оянам...

Ал, өңімде сені жан-тәніммен іздеймін. Үйде қағазға қаттап қойған өлеңдеріңді, жазбаларыңды, киносценарийлеріңді қайта-қайта оқимын. Өз даусыңдағы әндеріңді тағы... тағы тыңдаудан танбаймын. Бейнеңнің белгілеріне қарауды қайталаудан жалықпаймын.

Сыртта... Сен қызмет істеген мекемелер ғимараттарында... жұмыс орындарында... жүрген көшелеріңде... жеті жыл бұрын көксеп келген елорданың әр тұсында, тұтас өзінде сенің басқан іздерің көзіме ыстық басылып тұрады. Әне, қарашы, ұлым: сен сапарға аттанғандағы Астананың, бүгінгі Нұрсұлтанның тіршілігі түгел көктеп, құбылып тұр! Өзіңнің арман қалаң да көктем биыл ерте келді. Жазы тіпті жаймашуақ басталды. Жайнаған жасыл желегі мен құлпырған гүлдерінің арасында өзіңді жиі көріп қалам, жан балам! Кейде тұнжыр, бірде жайсаң, өзіңе таныс, өзің сүйген қала ғой. Өзіңнің осы сүйікті шаһарыңнан ізіңді іздеп жүргенім.

Сен алысқа кеткелі ұйқы-күлкі дегеннен жырақтап, осындай мұңды сағынышқа бой алдырып жүрмін. Сен шығанға кеткелі бұл сарғайтқан сарытап сағыныш болса да, сарқылмайтын аңсау сезім. Ол ешқашан таусылмайды. Дүниедегі ең ыстық нәрсе де – бала емес пе!

Анаң: «Ең ауыр, ең азапты сағыныш – қайтып келмейтін аяулы адамды сағыну» деп көз жасына тұншығып, уайым тұңғиығынан шыға алмай жүреді. Мен мамаңа қарсы уәжбен дауласа кетем. «Жоқ, жоқ! Олай деме! Ұлымыз күліп-ойнап, жайраң қағып қасымызда жүр. Ол жанымызда! Санамызға әдемі жымиысымен сәулесін төгіп, жүрегімізді соқтырып тұр. Асыл мақсатына жету үшін жол тартуына мәжбүр болған қияннан оралады» деп кеудені бүрер құлақкесті сөзбен келісе алмай тартысып, тіресіп, күресіп келемін. Өзімнің алған бетіме білсеңіз, сеніп те жүрмін. Сол себептен де уақытты... жылды, күнді, сағатты, минутты есептеуден, екшеуден қорқамын.

Балам алысқа сапар шегіп кеткенде сары уайымға салынған тұңғышы, үлкен немерем қазір: «Папамның киносын түсіруді, музыкасын жазуды жалғастырамын, өлеңін кітап етіп шығарамын» дейді. Былтыр «Папам ұшып барып, ана-ау бұлттардың арасына қонды, бізге аспаннан қарап тұр» дейтін кішісі бүгін: «осыларды істеуге мен ағама көмектесемін» дейді титімдей болып. Балапан жүректер бірдеңені сезеді-ау. Әлде ерте есейгендік пе...

Ұлым, сенің тұңғиық, шетсіз мұхитқа сапар шегіп кеткеніңнен бастап, ортамызға оралуыңды аңсап, бейкүнә балалық балдәурен шағың, музаға жаны жақын, жалпы ұлы өнерге деген талабың мен талантың, ержете келе бизнестің бірнеше түрін дөңгелеткенің, кейіннен қаршадайыңнан кино әлеміне өлердей ғашық болып, қаныңа тартып, таңдаған осы салаға түбегейлі ауысып, оның қыр-сырына қанығуға Ресейде оқып, жүрек қалауыңдағы жаңа кәсібіңді игеруге ұмтылған алғашқы қиын да үмітті қадамдарың, үнемі өзгеріс жасауға талпынатының, өз «меніңмен» жүруге тырысатының, жаңашылдығың, мейірім төгіліп тұратын кісілігің мен жас-кәріге бірдей кішіпейілдігің, ешкімнен ештеңе аямайтын сауапты істерің, адами мөлдір де абзал қасиеттерің, басқаға ұқсамайтын ерекше, елді елең еткізер әрекеттерің, күрделі мінезің, еркін мақсатыма жетемін деп бостан өмір сүретінің... жалпы жарқын болмысыңды жарқыратып көрсетуді мақсат тұтып, бейнеңді көлемді көркем дүниеге кейіпкер етіп жазу үшін қолыма қалам ұстағам. Жүрегім сыздап, талай парақ толтырдым. Оттай жанған жүрегімді шымшуырмен қысып, кеудем қанша ауырса да үстелге тастай қатып, жабыса түстім. Дертті жүрек сығымы зардабын тартқызып тұрса да «бітіріп тастайыншы» деп жаза бердім... жаза бердім...

Ә-ә-әй, бірақ...

Балам, сенің күтпеген жерден алыс сапарға аттанып кеткен кезіңді жазуға келгенде... өзі де дімкәс жүрегіме оқыс шаншу қадалып, бұрынғыдан да бүріп ала жөнелді. Қол, саусағым бүрісіп, қаламым жүрмей қалды. Алдымдағы ақ қағазға булыққан аспаннан алдын тырс-тырс түскен тамшы бірте-бірте саулаған нөсерге ұласып кетті. Содан... әрі қарай... дәрмен жетпеді. Кешір, балам. Сен жөніндегі көркем дүниені әзірге уақытша үзуге тура келді.

Ұлтымыздың ақтангерлері Иран-Ғайып, Мархабат, Ұлықбек өзіңдей Қырым асқан перзенттері туралы әрқайсысы оқырманның жүрегін тербетіп әрі сыздатып көркем туындылар жазып еді. Әлбетте жазғанда олардың да жүректері сыздағанын білем. Бірақ, бұл қаламгерлер қуатты екен. Даралықтары да сонда ғой. Менің денім әлсіздік танытты.

Жә, денсаулықты да жөндерміз. Аяқталуға кішкенесі ғана қалған өзің жөніндегі жырым да жазылар. Кешіктірмей бітіретінім анық енді. Оған Алла нәсіп етсін. Басталған, тәмамдалуға сәл қалған дүние тиянақталады. Бүгін ебіл де дебіл болып, егіліп жүрсем де нүктесі қойылады. Ақырына жеткізбей жүре алмаспын да. Өйткені, сен менің жүрегімдесің! Ішімдесің! Қанымдасың!

Сен мен үшін өле-өлгенімше таусылмайтын, сарқылмайтын сағынышсың! Мені сарғайтқан сағыныш жырысың!..

Мен бүгін, балам, өзіңе деген сағыныштың терең сары өзенін белуардан кешіп жүрмін...

Жеңіс БАҺАДҮР.

Пікір қалдырыңыз