Бекзаттың iзбасарлары

Түркістан облыстық бокстан олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде болашақ чемпиондар тәрбиеленуде. Бұл мектептің шәкірттері республикалық, халықаралық додаларда облыстың, еліміздің намысын абыроймен қорғап жүр.

Бокстан әйелдер арасында ҚР-ның V жазғы спартакиадасында Дина Исламбекова облыс қоржынына алтын медаль салды. Ол финалда тәжірибелі боксшы Ләззат Күнгейбаеваны жеңді.

Уфа қаласында жастар мен жасөспірімдер арасында өткен Азия біріншілігінде Жанна Манақова жеңімпаз атанды. Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимовтың жүлдесіне арналған додада Мая Бейсебаева мен Назым Әбдіхан топ жарды. Бұдан бөлек, облыс боксшыларының қоржынында 6 қола жүлде бар.

Ал, 2005-2006 жылы туған жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігінде Бақтияр Анарбаев пен Мейрамбек Жамбек жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, облыс қоржынына Нұрислам Қалдыбаев күміс, Наурызбай Зұлпыхар қола медаль салды. Атақты боксшы Нұржан Смановтың жүлдесіне арналған халықаралық жарыста да түркістандық боксшылар жүлдесіз қалған жоқ. Асыл Жомартұлы мен Ернар Әлібек турнир жеңімпаздары атанса, Аслан Сейіткәрім күміс жүлде, Мағжан Бегалы қола жүлде иемденді.

Е.ҚОЖАХМЕТҰЛЫ.

Пікір қалдырыңыз