Үлкен жауапкершілік жүктейді

  Қазақстан Республикасының Президентін сайлау – заңды мемлекеттік билікті қалыптастыру мақсатын көздеген, конституциялық құрылымның маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы халық» деп Ата заңда айқындалғандай, халықтың еркі, қалауы арқылы жүргізілетін бұл үдеріс, еліміздің болашақтағы даму үрдістерін, әлемдік саясаттағы орнын айқындайтын маңызды қадам.

 

Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес, «Жалпыға бiрдей белсендi сайлау құқығы – республиканың он сегiз жасқа жеткен азаматтары тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, сайлауда дауыс беруге құқылы». Осы орайда, өскелең ұрпақ алдындағы борышымызды ескере отырып, ата-бабаларымыздың тарихи армандарын жүзеге асыру мақсатында сайлауға жұмылған жұдырықтай қатысып, ел тағдырын айқындау біз үшін үлкен жауапкершілік болып табылады.

Елбасының «Елдегі жағдай, ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары: Жаңа ғасырда қоғамды демократияландыру, экономикалық және саяси реформа» атты 1998 жылғы Жолдауында «Сайлау процесі адал, кең ауқымды болуы және кандидаттар мен сайлаушылардың оған белсене қатысуына жағдай жасалуы тиіс» деп межелегеніндей, еліміздің сайлау бойынша заңнамасы, сайлау үдерісінің ашықтығына, түрлі деңгейдегі сайлау комиссияларының кәсібилігін және дербестігін арттыруға, сайлау кампанияларын өткізу барысындағы бұрыс технологияларды және әкімшілік ресурстарды пайдалануға қарсы тұруға бағытталған.

Ғұлама Әл-Фараби «Ізгі ниеттегі тұлға өмір үшін күресуі тиіс, ал, егер ажал келетін жағдайда, тағдырына мойынсұнып, абыроймен бұл дүниеден өтуі тиіс» деп тұжырымдайды. Осы орайда, халықтың әділеттілікке деген ұмтылысына ден беріп, халықтың рухы мен күш-жігерін ұштастыратын, ел өміріндегі алуан саладағы өзекті мәселелердің кең бағытын қамтитын ел басшысын сайлау болашағыңды таңдауды білдіреді.

Конституцияға сәйкес, «Қазақстан Республикасының Президенті – мемлекеттің басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға. Халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі». Мұның өзі ҚР Президенті сайлауын өткізуге ерекше жауапкершілік жүктейді.

Конституция бойынша Қазақстан Республикасының Президенті болып тумысынан республика азаматы болып табылатын, қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын және жоғары білімі бар азамат сайлана алады. Бұл талап қазақ елінің келешегiне қатысты тағдырлық мәселеден туындап отыр. Яғни Қазақстанда жүзеге асырылатын жалпыұлттық мүддені және идеяны қалыптастыру үшін еліміздің дінін, тілін, ұлттық бірлігін қамтамасыз ететін тұлға ретінде Президенттің ана тілін еркін меңгеруі ең басты мәселе. Сонымен қатар, Президент лауазымына үміткерлер үшін ұлттық ценз қойылмағанын да атап өту керек. Көп ұлтты және ұлтаралық келісімнің дүние жүзіндегі озық үлгісі қалыптасқан елімізде Қазақстан Республикасының Президенті ретінде мемлекеттік тілді меңгерген, елдің азаматы болып табылатын басқа ұлттардың өкілдері де сайлана алады.

Президент сайлауындағы ең маңызды қадам – бұл сайлаушылардың белсенділігі. Республика азаматтарының идеологиялық бірлігі арқылы елдің саяси, экономикалық және тарихи дамуына үлес қосу және ел саясатының, мәдениетінің өзіндік ерекшелігін айқындау факторы басым бағыт болып табылады. Сайлаушылардың денін жастар құрайды. Сондықтан жастардың сайлау үдерісіне белсенді қатысуы бірқатар себептермен айқындалады:

Біріншіден, еліміздің тәуелсіздігін және еркіндігін сақтап қалу – болашақтың мызғымас қағидаты. Біздің еліміздің болашағы, тағдыры – жастар қолында.

Екіншіден, еліміздің болашағы әлеуметтік теңдіктерден туындайды. Әлеуметтік жаңғырған мемлекетте әрбір жас азамат осы қоғамның кірпіші болып қалануына, өзінің барлық мүмкіндіктерін жүзеге асыруға мүмкіндік алады.

Үшіншіден, тарихи даму барысындағы барлық мемлекеттің мызғымас тұтастығы, мемлекеттің тәуелсіздігі ұлттың, адамдардың Отанына деген сүйіспеншілігімен, патриотизмінің деңгейімен өлшенетін дүние. Қазақстандағы патриотизм идеясы ұлттық стратегияның ажырамас бөлігі болып табылады. Елбасы ел үшін айрықша маңызды құжат «Ұлттың 2050 жылға дейінгі жаңа саяси курсы» стратегиялық бағдарламасының қазақстандық патриотизмді нығайтуға арналған бағытында «Өз халқын сүйетін адам, өз жұртына жақсылық тілеген жан өзге халықтарды ашындырмайды, өз ұлтын ешкімге қарсы қоймайды. Біз ел иесі ретінде биік бола білсек, өзгелерге сыйлы боламыз. «Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады». Бұл – тарих заңы. Сондықтан қазақтың бірлігі – елдігіміздің кілті, ең басты мәселесі. Ел бірлігі – ең асыл қасиет. Бірлік, ынтымақ, сабырлылық ең алдымен өзімізге – қазақ халқына керек» деді.

Олай болса, 2019 жылы 9 маусымда өтетін Президент сайлауына ұйымшылдықпен қатысу біздің әрқайсысымыздың ел болашағына қосқан үлесіміз болып табылады.

С.МӘЖІНБЕКОВ, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің «Тәрбие ісі және жастар саясаты» департаментінің директоры, философия ғылымдарының кандидаты, доцент.

Пікір қалдырыңыз