Бұл ғасырда сүю де оңай емес...

Арайлым МҰРАТАЛИЕВА

ОҒАН...

Бос жібермей сəтіңді көптен күткен,

«Сүйемін» дейсің маған...

Неткен мықты ең!

Сені есіме салатын болды-ау енді,

Махаббаттың мезгілі – көктем біткен.

 

Барып қайттың белгісіз аралға сан,

Сол аралдан нетер ең оралмасаң?

Бұл ғасырда сүю де оңай емес,

Ақын болып егер де жаралмасаң.

 

Көз ілмедің мені ойлап қаншама түн,

Тіпті, өзіңдей ғашық па қол сағатың?

 Жүрегіңді қорғасаң екен деймін,

Саған ақыл айтуға болса қақым.

 

Кейде ойланам, несіне ел құштар маған,

«Сүйемін» деп ешкімге тіс жармаған.

Ақ парақтың алдында үнсіз жатқан,

Мен бір қалам сындымын ұшталмаған.

 

Ұмытуға өткенді жоқ па амалың?

Дұрыс шығар телефон соқпағаның.

Сен жарыңа керексің, жарың саған,

Жалғыздықтан жөн оны сақтағаның.

 

ЖАЗҒЫ БЛЮЗ

Өзімді еске алдым кешегі,

Армысың, ескі Елес, о, шерлі!

Өткен шақ самал боп еседі,

Саксофон үніндей əсерлі.

 

Ол кезде басқаша болатын,

Əлем де, іштегі даусым да.

Қымбаттап кетіпті жолақым,

Сені ертіп келген жоқ Маусым да.

 

Өзгеріп кетіпті көп құрбым,

Сен жайлы білетін сырды олар.

Білмеймін, түлкі кім, қасқыр кім,

Əн сала бастапты қарғалар.

 

Сенсіз де жазар ем ойлы өлең,

Бір нəрсе жетпейді... білім бе?

Сен маған қазақша сөйлеп ең,

Мен саған жүректің тілінде...

 

Ұмытпау үшін де атыңды,

Өткенге орала беремін.

Маңдайға жазылған мəтінді

Оқуды үйреніп келемін.

 

Өлең боп төгілдің сиядан,

Санамда жоқ еді жат ұғым.

Телефон соғуға ұялам,

Немесе жетпейді батылым...

 

Айналып кетсем бе балаға,

Жоқ, әлде тас жүрек мүсінге?.

Өзіңді күтуге бола ма,

Жай ғана сағыну үшін де...

 

Ақбота БЕЙБІТБЕК

«Сүйемін» дейсің маған...

Айтар ару кімдерге сырын сеніп?

Біраз болды еткелі мұңын серік.

Жігіт болып тумады, тым құрыса,

Толғақ ойды тарқатар шылым шегіп.

Жат қылыққа мен едім жаны қастың,

Кейпінде жүр өлеңге бәрі мастың,

Бір жүйріктің жалынан тартып мініп

Келеді де тұрады тағы қашқым.

Дала кезіп кетсең ғой, ми даланы,

Көрмей бетін көшенің, үй, қаланы.

Ақынсың ғой деп емес таныған жұрт,

Адамсың деп керек қой сыйлағаны.

Өлең, бірақ, сен ғана ақ-адалым,

Шабыттың кезіп өтіп жағалауын.

Жазбауға уақыт таппай кетер едім,

Алайда, жоқ амалым. Ораламын!

* * *

Тағдырдың жойқын соққыларының,

Көңілімнің гүлін жоқ қылары мұң.

Қасыңнан əркез табылмағаныма,

Алдыңда, ана, көп кінəлімін.

Мен сол баяғы қара қызыңмын,

Айналып жүрмін нала құзын мың.

Өне бойыма дарытқан нəрін,

Бастауы сенсің жан азығымның.

Аштым өмірдің есігін жаңа,

Осы сəт, шақ, осы күн дара.

Алдыңда сенің иіліп басым,

Сұрайтыным тек кешірім ғана.

Ақталар ма екен сенімің артқан,

Сенімділердің серігі Хақтан.

Бақа бақытқа ұмтылмаған соң,

Сұңқардың содан сорын ұнатқам.

Өмірімді сенсің гүл еткен көрік,

Жырымды жаздым жүрекпен өбіп.

Жанымыз біздің дұғамыз барда,

Рухыммен жақын, тілекпен берік.

 

Нұрсәуле ТОЛҚЫН

Мен

Мен бір тал гүл, таң шығымын,

Мөп-мөлдір мұңның бар әні.

Аспанның бір тамшы нұрымын,

Сәулемін – түннің жанары...

 

Көз ілер шақ ой легімін,

Көңілін самал қытықтайтын.

Әкемнің ақ көйлегімін,

Анашым кір жуытпайтын...

 

Жаныма шөккен тұманнан

Шаршадым, айыққым келді.

Селдегі кеткен шығармам,

Желдегі қайықпын. Болды!

* * *

Ұры үмітпен өтіпті-ау түн үздіккен...

Жазылған жыр жасымменен езілді.

Айырбастап алдым бақытсыздықпен,

Сіз туралы білмейтін сол кезімді.

 

Жазылмаған жырым сынды ізгі әр күн,

Дарқандықты табар әлем бір менен.

Сізді өткен өміріңізден қызғандым,

Мендей бір жан бар екенін білмеген.

 

Қызғанбап ем, қыздардан да ...неғылам

Ерінемін... Бірақ тағы немене ед...

Ернеуінде ерніңіздің табы бар,

Бокалдар да бақытты боп көрінед.

 

Шырақ алып түссін мейлі соңыма,

Іш жимадым ешқашанда өткенге ал.

Менен артық іздейсіз ғой оны да,

Сондықтан да кітаптарға өкпем бар.

 

Шекті өмірде шеңгелге алар шексізді,

Бақытты боп жүрдім қанша бір мұңмен.

Менен артық сүйеді ғой деп сізді,

Өлеңге де қырын қарап жүрмін мен.

 

Cалтанат МАДИЯРҚЫЗЫ

КӨҢІЛ КӨЗЕСІ

Беймаза түстер бояуы төгіліп болған,

Сағыныш әнін қоңыр жел егіліп салған,

Жапырақ астында қалған қара жер сынды

Сол баққа келем, күмәнге көміліп қалған.

 

Көркем суреттер көзіңде құбылып тұрған,

Көлік терезесі – экраны уақыттың жылдам.

Мен сүйген қала көңілсіз, сыр ұғып жырдан

Сезім тұрғызған қаласы бақыттың мұңнан.

 

Көңіл көзесі ішінде тұп-тұнық сенім,

Арым – Құдайым. Алдында тік тұрып, керім.

Гүлден де нәзік болмысым тамырындағы

Әлсіздігімнің өзін де мықтылық дедім.

 

Жапырақ толып етегі, Күз сұлу жылап,

Аспаннан болмай мекені, бір үміт құлап,

Жауабын іздеп кеткендей құстар да көкте,

Масаңдау, мұңды мезгілде қалды мың сұрақ...

* * *

Суық сөз бен көздерден қорғайтының үшін,

керек кезде табылып, қолдайтының үшін,

үзілген үміттерді жалғайтының үшін,

қарбаласта да уақыт арнайтының үшін,

адалдық, адамдықтан танбайтының үшін,

мен ұшып үйренсін деп самғайтының үшін

қалай алғыс айта аламын лайықты?!

 

Сен қалаған биікке қонбайтыным үшін,

жауабын да кешігіп жолдайтыным үшін,

ақылыңа кейде құлақ салмайтыным үшін,

сен алаңсыз жүрсін деп алдайтыным үшін,

үнемі өзге жолды таңдайтыным үшін,

қаласам да қасыңда қалмайтыным үшін,

Қалай жуам, мендегі бар айыпты?!

Пікір қалдырыңыз