Үнсiз тағы бара жатыр жыл аунап...

Арқалық ӘМӘЛИЯТҰЛЫ 1998 жылы 10 наурызда Қытай Халық Республикасы Боғда баурайындағы Ашылы ауылында дүниеге келген. Бүгінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ІІ курс студенті. Естеріңізде болса, былтыр «Оңтүстік Қазақстан» газеті облыс орталығына айналған Түркістан қаласының мәртебесін көтеру және өңірдегі жас таланттарды көпшілікке таныту мақсатында «Төріңді ұсын, Түркістан!» атты жыр додасын өткізген-тұғын. Мүшәйраға түскен отызға жуық туындының ішінде Арқалықтың өлеңі екінші орынды еншілеген болатын. «Оңтүстік Қазақстан» газеті жас талантты оқырмандарға жақынырақ таныстыру мақсатында бүгін оның өлеңдер топтамасын ұсынып отыр.

 

ТӨРІҢДІ ҰСЫН, ТҮРКІСТАН!

Тарихын шерте ме ғұндардан күй бөлек,

Қабағын қар құрсап, жүрегін сүйген от.

Баһадүр бабалар, тұмарлап кеттіңдер,

Бөлінген іргемді найзамен түймелеп.

 

Жартасқа жаныған жарқылдақ қылышын,

Орданың асырған мәртебе, ырысын.

Балбалдар – ол менің жанымнан жақыным,

Көмусіз батырлар – ол менің туысым.

 

Қаһарлы қылышпен дұспанды қуалап,

Ғасырлар құрсағын мекендеп жұрағат.

«Тәуелсіз ел болар, ақ ордаң кең болар»

Деп сөйлеп кетіпті қырық бір құмалақ.

 

Найзаға көтеріп нар елдің намысын,

Түсірмей ажырғы, түн жортқан тау ішін.

Үрейлі түсін де жорыған жақсыға,

О, менің Еділ жұрт жастанған арысым!

 

Әбілхаят суымен сусындап өлмеген,

Жанының жарасын ерменмен емдеген.

Жусанды жапырып, шідерге көнбеген,

Алашым, ақ ордам, не күттің сен менен?!

 

Бүгін де рухың, жалғасып жүр мұраң,

Кей кезде естіліп «Елім-ай» мұңлық ән.

Жоқтаусыз батырлар, сені еске аламыз,

Музейден көрінсе мұзсауыт, дулығаң.

 

Тарихын таңбалап, басына жастаған,

Бәйтерек секілді бастан бұлт аспаған.

Бабалар әруағы, ұрандап түрегел,

Түркістан төрінде рухани астанаң!

 

Ауыздық шайнаған елінің жолында,

Шылбырын ұстатпай жауға да, момынға.

Кешегі бабалар аманат тізгіні

Өзіңнің ұрпағың, ұлыңның қолында!

 

Елінің ары үшін білегін түреді ел,

Жерінің жаны үшін білегін түреді ел.

Бабалар әруағы келіңдер, көріңдер,

«Әруақ, әруақ» ұрандап түрегел!

Әруақ, әруақ... Ұрандап түрегел!

 

АУЫЛ

Қып-қызыл тілдерден сөздердің исі аңқып,

Атамыз шежіре шертетін үй салты.

Баяғы ауыл сол, сол таудың етегі,

Тұманмен аралас тұратын күй шалқып.

 

Қарт абыз қолына ап түлкішек тымағын,

Сөздері қайырып көздердің сұрағын.

Ертеде, дейтұғын, кім тілден таймаса,

Сол көрер дейтін-ді ана өмір жұмағын.

 

Сол сәтте бір інім былдырлап, бөсед кеп,

Сол сәтте бір ағам өзінше кесектеп:

«Қойшы, ата, дейтұғын, қойшы сол аңызды!»

Апамыз сол сәтте сыбырлар «шешек...» деп.

 

Ауылдың боз түні, боз таңы осылай,

Ауылдың өз тілі, өз заңы осылай...

Апамыз айтатын «Ертөстікті» тыңдаумен,

Төрт-бес ұл жатамыз далада шошымай.

 

Ал, бүгін, ойласам, сол сөздің әрбірі

Қара қал тілдердің ұшында ойналған.

Ал, бүгін, ойласам, сол сөздің барлығы,

Қара жал ғасырлар миында ойланған.

 

Қоржындай тоналған, жоғалған қанымен,

Ертегі күндерді еске алам тағы да.

Түсіме кіреді сол ауыл, сол бөктер,

Оянам мұғжиза сөздерді сағына...

 

Мойынға асылып, ауылда ерке өстік,

Қайда сол еркелік, неліктен ерте өстік?!

Сағындым ауылды, қайдасың абыз қарт,

Қайдасың, әжетай, қайдасың, Ертөстік?

 

ҚЫЗЫЛ ШӘЛІ ОРАНҒАН ҚЫЗ

Бөлмені сағыныштан басып қырау,

Көшеде шаттығынан тоналған күз.

Қараңғыға сіңуге асықтың-ау,

Іңірде қызыл шәлі оранған қыз.

 

Барлығын көңіліңнен өшіргендей

Аңсаған арманыңа жетіпсің ғой.

Мен жерде мұң теңізін кешіп жүрсем,

Аспанға сүмбіле боп кетіпсің ғой.

 

Күте-күте бұл күнде көңіл кіршең,

Көктем келсе, сен қайта гүлдейсің бе?!

Қайтеді осы өңімде өмір сүрсең,

Түсімнің баянсызын білмейсің бе?!

 

Баяғыдай тағы сол жүдеу үнім,

Сығанға да көрдім мен бал аштырып.

Еркесі боп алыпсың Күн елінің,

Ай-күннің аманында адастырып.

 

Мезгіл жылап, тайды деп бастан бақыт,

Жапырақтан орамал оранған күз.

Амансың ба, шәлісі сырғып түсіп,

Күнмен бірге көгімнен жоғалған қыз.

Хабарласшы!

 

МАХАББАТҚА ҚАРЫЗБЫН

Қарашаның қабағынан жыл аунап,

Беймаза шақ. Тырна қайтқан тыраулап.

Құстар әнін шырқап тұрмыз, тек үнсіз,

Мен және де құлазыған мынау бақ.

 

Шығар деуші ек алдымыздан күз күліп,

Аңғал едік, алдап кетті бізді үміт.

Біз көктемде көп жүретін көшемен,

Келе жатыр баяу басқа қыз-жігіт.

 

Айтатындай сан жапырақ алақай,

Құлап жатыр, тағдыр ғой деп талапай.

«Аға, аға, гүл алыңыз» деп әлгі,

Шыға келді гүл сататын балақай.

 

Алыс кетіп ауылынан күдіктің,

Қыз ұялды, отын жағып үміттің.

Міне, қызық, былтырғы мен сияқты,

Гүл алуға ақшасы жоқ жігіттің.

 

Сан сынақты алдан шығар ұға алмай,

Қу тірліктің қамытынан шыға алмай.

Сәлден кейін кетті ақыры екеуі,

Махаббаттың бақшасынан гүл алмай.

 

Керегі не бір соқпаққа сан іздің,

Адалдықтың ақ жолында жан үздім.

Ал, мен былтыр қарызға алғам сол гүлді,

Сондықтан да махаббатқа қарызбын.

 

Қосылмадық. Тағдыр бізді арбаған,

Тағдырынан асып туған бар ма адам?

Оқасы жоқ, мені сол гүл мүсіркеп,

Опасы жоқ сені сол гүл алдаған.

 

Құлағында тырна үні тыраулап,

Тағы күзбен қоштасып тұр бұл аумақ.

Гүлсіз қайтқан екі ғашық секілді,

Үнсіз тағы бара жатыр жыл аунап...

 

ҚҰЛАЗУ

Сыңары боп сыңары жоқ қайғының,

Мұңдарыммен мұңлық болып ләйлідім.

Серт беріп ем, мен өмірді сүйем деп,

Айныдым.

 

Шаттығымды ұрлады күн, тонады ай,

Бақ та менен үрке қашты жоламай.

Сүйген қызым тастап кетті дәл кеше,

(Обал-ай!).

 

Тағы қайда бастап кетті мына күн,

Таусылар деп ойламаппын шыдамым.

Сенген досым сатып кетті ақшаға,

Жыладым!

 

Жігіт едім, көздің жасы қай теңім,

(Ей, Тәңірім, өзің ғана айт емін).

Жүрегімді жұбатпайды ешкім де,

Қайтемін?!

 

Кіл мұңдарды кісінетпей кісенмен,

Нартәуекел, төтесінен түсем мен.

Бокалыма толып тұрған қайғыны,

Ішем мен!

 

САҒЫНЫШ

Изенді даланың иісті ерменіндей,

Иілгеніңді сағындым.

Жапырақты ұрған жауынға қарап,

Күйінгеніңді сағындым.

 

Хабарсыз жанның хабарын күтіп,

Сарылғаныңды сағындым.

Толқын да толқын тұнық мұңдарға,

Малынғаныңды сағындым.

 

Бозаң беткейдің бүлдіргеніндей,

Еріндеріңді сағындым.

«Сүймеймін сені!» деп жылап тұрып,

Егілгеніңді сағындым...

 

Еркелеп қана жымия күліп,

Қарағаныңды сағындым.

Қайғыға малған қара шашыңды,

Тарағаныңды сағындым.

 

Қас өзенінің қаламшасындай,

Қиғаш қасыңды сағындым.

Мөп-мөлдір болып тамып кететін,

Қимас жасыңды сағындым.

 

Шеңберге сыймас шексіз мұңың мен

қиялдарыңды сағындым.

Кірпіктеріңе күлкі қондырып,

Ұялғаныңды сағындым.

 

«Сағынбадың» деп бұртия қалар,

Балаң кезіңді сағындым.

Кеудеме үміт отын жағатын,

Қара көзіңді сағындым.

 

Біздерді бақта қауыштыратын,

Көктемнің әнін сағындым.

Күнікей қыз-ау, күнәдан ада,

Барлығын, бәрін сағындым...

Сағындым!

Пікір қалдырыңыз