Қазақ тарихындағы он ұлы жеңіс

Біз «жеңіс» деген сөзді «майданда дұшпанды тізе бүктіру» деп қана қабылдап, бұл ұғымның аясын тарылта алмаймыз. Тереңірек ойлап қарасақ, осы бір ауыз сөздің мән-мағынасы өте ауқымды екен. Адамзаттың дамуы барысында біздің материалдық игіліктерімізбен қатар рухани-мәдени құндылықтарымыз да кемелдене түсті. Осының өзі адамзаттың ұлы жеңісі емес пе?!
Әрине, жеке тұлғалар немесе адамдар тобы ғылымда, дипломатияда, мәдениет пен спортта, тағы басқа салаларда жеңістерге жетіп жатады. Бірақ, «жеңіс» деген сөз – жеке бір тұлғаның ғана емес, тұтас халықтың ұлы табыстарын паш ететін өрелі ұғым. Тұтас халықтың жеңісі талай ғасырларды артқа салып барып даңқ пен мәртебе әкеліп жатады. Міне, сондай ұлы жеңістер халыққа күш пен жігер беріп, елдің экономикалық қуатының арта түсуіне, рухани кемелденуіне ықпал етіп, бірлікті нығайтып, халықты бір тудың астына топтастырды. Бір сөзбен айтқанда жеңіс дегеніміз – «прогресс», «жетістік», «табыс» деген ұғымдарды тұтастыра қамтитын, аясы кең ұғым.
Қазақ халқы XIII – XV ғасырларда жеке мемлекет болып қалыптасты десек те, қазақ рулары мен тайпалары біздің жыл санауымыздан бұрынғы ежелгі замандарда қалыптасып, ғұмыр кешті. Мұндай пікірлерді қазақ тарихының білгірлері Н.А.Аристов, орыс ғалымы З.З.Мифтахов және басқалар да дәлелдейді. Орта ғасырдағы қолжазбалардың түпнұсқасына талдау жасар болсақ, қазақтың ата-бабаларының таңбалары тарихтың талай құпияларының сырын ашады.
Түптеп келгенде, ата-бабаларымыздың саясат пен экономикада, рухани өмірде, жаугершілік соғыстарда ұлы жеңістерге жеткенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Халқымыздың әлемдік өркениетке қосқан үлесі өлшеусіз. Енді біз ата-бабаларымыздың тарихтағы 10 ұлы жеңісі жөнінде әңгіме өрбітеміз.
Бірінші жеңіс
Біздің заманымызға дейінгі III–I мыңжылдықтар. Бұл көне түркі көшпенділері қоғамдық дамуының аса қарқынды кезеңдері болды. Олар әлемде алғашқы болып жабайы жылқыны қолға үйретіп, мініс көлігі ретінде пайдаланды. Жылқы оларға көлік те, азық та, сусын да болды. Жабайы жылқыларды қолға үйрету дала халқына ұлы мүмкіндіктерді тарту етті. Қоғамның дамуын тездете түсіп, өлшеусіз экономикалық тиімділік алып келді. Дүниетанымдарын бұрынғыдан анағұрлым өзгертіп, шайқастарда жеңіске жетеледі.
Далалықтар әлемде бірінші болып металл өңдеуді үйренді. Бұл адамзат дамуындағы құнды жаңалық еді. Осылайша олар сол дәуірлерде әлемдегі халықтардың көшбасшысы болды. Осындай жетістіктерінің нәтижесінде олар қарсыластарынан жеңілмейтін, экономикалық жағынан өрлей түскен, рухани жандүниесі байыған, ақыл мен ойы өрістеген қуатты күшке
айналды.
Ұлы дала перзенттері қолөнер саласында бүкіл әлемге ұлы табыс әкелді. Ол – адамзат тарихы мәдениетінің аңдық стилі еді. Оның нәзіктігі мен адам таңқаларлықтай шеберлікпен жасалуы – әлем халқын әлі күнге тамсандырумен келеді. Аң бейнелерімен көркемдік рең беру стилі әлемдік мәдениеттің нағыз кереметіне айналды. Есік қорғанынан табылған Алтын адам және еліміздің басқа аймақтарынан ұшырасқан археологиялық қазбалар тек қазақ халқының ғана емес, адамзаттың мәдени қазынасына қосылған баға жетпес байлық десек те болады.
Екінші жеңіс
Көшпенділер өміріндегі I мыңжылдық экономикалық өрлеу жолында ең қуатты серпіліс әкелді. Қазақстан территориясында арилер, сақтар, сарматтар, үйсіндер мен қаңлылар өз мемлекеттерін құрды. Олардың бәрі де заманында ұзақ өмір сүрді. Оған бүгінге дейін жұрнағы сақталып қалған көне қорғандар мен ежелгі дәуір құрылыстарының құрдымға кетпей қалған іздері куә.
Ақиқатқа жүгінсек, ежелгі дәуірге қанатын кеңге жайған Азия ғұндары империясының құрылуы үлкен жаңалық болды. Бұл империяға талантты билеуші реформатор Модэ (Ф.Хирт жазбасында Бактур,
М.Н.Юхма зертеуінде Бохсар) билік жүргізді. Ол көшпелі тайпалардың басын қосып, ел басқарудың жаңа жүйесін жасады. Осы игілікті істің нәтижесінде Ғұн мемлекеті ұзақ өмір сүрді. Модэ жаңа тұрпаттағы армия құрды. Әскерін сол замандағы ең соңғы үлгідегі қару-жарақ түрлерімен қаруландырды. Олардың соғыс кезіндегі стратегиясы мен тактикасы ең табысты әрі тиімді болды.
Ғұндар адамзат қоғамына өздеріне дейін болмаған қуатты төңкеріс әкелді. Олардың өте ауқымды территориясынан көптеген жауынгер тайпалар мен рулар өсіп-өніп, Ұлы даладан өрбіп, Еуропаның жекелеген аймақтарын өздеріне бас идірді. Сол дәуірлерде үйсіндер, ғұндар мен сақтар Кушан, Бактрия, Парфия сияқты ежелгі мемлекеттердің негізін қалауға белсене атсалысты.
Үшінші жеңіс
Еуропа ғұндары, дәлірек айтсақ, қазақтың бұрынғы ата-бабалары дүние жүзі тарихында өздерінің мәңгілікке өшпес ізін қалдырды. Ежелгі аса ірі империяның иелігі Енисейден Рейн мен Галияға дейін созылып жатты. Бұл қуатты мемлекеттің негізін қалаудың басында ғұндардың ұлы билеушісі Баламер тұрды. Ол өте талантты дарын иесі, қайталанбас дара тұлға, білгір саясаткер, табиғатынан туа біткен дипломат, аса көрнекті қолбасшы болды. Ол ғұндармен қатар, түрлі тілдерде сөйлейтін халықтар мен тайпалар, рулардың басын қосып, бір мемлекет құрды. Ол ең алдымен Идел елінің әскери реформаторы болып, айтарлықтай табыстарға жетіп, содан соң Волга (Еділ) жағалауындағы мемлекеттерге билігін жүргізді. Оның таққа отырғаннан кейінгі алғашқы қадамдары Солтүстік Кавказдағы алан көшпенділерінің басқыншылық жасаған есепсіз көп әскерін қирата жеңіп, содан соң Қара теңіз жағалауларына жорық жасап, готтардың саны өздерінен анағұрлым басым әскерін бас идіру болды. Ол өз ұрпақтарына Қара теңіз жағалауларынан Днепрге, одан Сібірге дейін жалғасып жатқан ұлы империясын қалдырды.
Баламердің шөбересі Аттила (Еділ) да бабасындай құрмет пен даңққа бөленді. Оның әр ғасырдың ұлы билеушілері қатарынан орын алуы кездейсоқ емес. Бүгінгі замандастарымыз Аттиланы бірінші мыңжылдықтың ұлы адамы деп атады. Оның ежелгі замандағы ең қуатты мемлекеттер Византия мен Рим империясын күйрете жеңуі атағын аспандатты. Ромулдың кеудесіне нан пісіп, тірі пендеге бас имеген ұрпақтары ғұндарға салық төлеуге мәжбүр болды. Олар тірі пенде алдында мұндай бейшаралықты бұрындары ешқашан бастан өткермеген болатын. Аттила 451 жылы Каталаун даласында Рим әскерлеріне бас көтере алмайтындай етіп, күйрете соққы берді. Бұл адамзат тарихындағы алапат шайқастардың бірі болса, майдан даласына бір мезгілде екі жақтан 1 миллионнан астам сарбаздар шықты. Осы жан берісіп, жан алысқан тарихтағы алапат соғысты тарихшылар «халықтар шайқасы» деп атауының да өзіндік мәні бар. Осы шайқаста римдіктер алғаш рет жеңілістің ащы дәмін татты.
Заманында ел аузында «Құдайдың қамшысы» деген лақап атқа ие болған Аттила 453 жылы мәңгілік сапарға аттанды. Содан бері талай ғасырлар мен замандар өтсе де Аттиланың атағы мен даңқы кейінгі ұрпақтар есінде ұмытылмай сақталып келеді. Болашақ ұрпақтар да Аттила атын мәңгілікке естен шығармайтындығы сөзсіз.
Бұл халықтардың бәрінің де қазақтардың бұрынғы ата-бабаларымен туысқандық байланыстары бар. Олардың тарихы да біздің халқымыздың жылнамасы деп айтуымызға толық негіз бар.
Төртінші жеңіс
II ғасыр мен VI ғасыр аралығы түркі тілдес халықтар тарихының бұлыңғырлау беттері десек те болады. Түркі әлемі ғұндардың жүріп өткен жолдарымен, түрлі халықтардың қоныс аудару себептерімен бір-бірімен мидай араласып кетті. Қазақстан территориясындағы ежелгі мемлекеттер бұрынғы қуаттарынан айрыла бастады. Халықтардың әр аймаққа үдере көшіп қонып отыруы жаңа, мықты мемлекеттер құрылымын жасауға мүмкіндік бермеді.
Осы кезеңдерде юебан және теле тайпалары бірлестігінің ықпалы маңызды орын алды. Ұланғайыр даладан оғыз және өзге тайпалар өздеріне жайлы қоныс іздеді. Өзгелермен салыстырғанда дулының (дулаттың) 10 оқ аталатын 5 тайпасы мен нушебінің бес тайпасынан тұратын үйсіндердің ұстанған бағыты анағұрлым айқын болды.
Түркілердің қоғамдық дамуында түркі қағанатындағы бірнеше түркі мемлекеті нығая түсті. Бұл кезеңдерде Батыс түркі және Шығыс түркі қағанаттары, түркештер мен қарлұқ қағанаттары ғұмыр кешті. Оғыздар, қимақтар, қыпшақтар, қарахандар, наймандар, керейттер, жалайырлар мықты мемлекет құрды. Түркі мемлекеттерінің басына Бумын, Естеми, Мұқан, Тардуш, Үшелік, Сұлу, Құл, Қадырхан, Сатық Богархан және де басқа билеушілер келді.
VI-XII ғасырлар. Осы өмір көші аралығында қазақ даласында көптеген қалалар бой көтерді. Отырар, Испиджаб (Сайрам), Тараз, Яссы (Түркістан) және басқа да қалалардың атағы мен даңқы айдай әлемге тарады. Ұлы Жібек жолында сауда-саттық өркендеді. Қала мен қорған құрылыстары жүйелі жүргізіліп, қолөнері мен зергерлік өнер дамыды. Өндірістің барлық салалары өркендеп, даму жолына түсті. Тиын теңгелер шығарылып, ақша айналымы жолға қойылды. Түрлі қару-жарақтар мен еңбек құралдарын жасайтын шеберлер, өнер адамдары құрметке бөленді.
Түркілер осы замандарда кейінге ұрпаққа тасқа жазылып, бүгінге дейін жеткен Орхон-Енисей жазбаларын пайдаланды. Олар өз қолтаңбаларын Орта Азияның тастарына ойып жазып, кейінгі ұрпақтарына мұра етіп қалдырды. Түркілер сол дәуірде ғылым мен білімді, мәдениет пен өнерді дамытып, бұрын-соңды болмаған биік дәрежеге көтерді. Шығыс халықтарының рухани өмірінде Күлтегін, әл-Фараби, Әбу Райхан Бируни, Жүсіп Баласағұн, Махмуд Қашқари, Ахмет Игүнеки, Қожа Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани және басқа да ұлы тұлғалар өмірге келді. Олардың ұлылығына бүкіл әлем халықтары бас иіп, құрмет тұтты. VI-XII ғасырлар аралығын түркі қағанаттарының өркендеу дәуірі деп айтуға әбден болады. Бұл кезеңдердегі түркілердің қоғамдық-мәдени, рухани дамуының күші мен қуатын әлемнің барша жұртшылығы мойындайды.
Түркі халықтарының тағы бір ерекшелігі, олардың діни дүниетанымы. Бұл замандарда түркілерге көптеген мәдениет пен діни нанымдар өз әсерін тигізді. Бұрындары олар көктегі жалғыз Тәңірге табынып келсе, енді біртіндеп ислам дініне бой ұра бастады. Түптеп келгенде ислам мәдениеті түркілердің рухани өміріне тереңірек бойлап ене бастады.
Осы дәуірлерде түркі мемлекеттерінің пайда болуы заңды құбылыс еді. Егер Баламер мен Аттила өмір сүрген замандарда түркілер қауымдастығы өзге туыстығы жоқ этникалық топтармен араласып кетсе, VI–XII ғасырларда түркілер бір-бірімен ғана тығыз қарым-қатынаста болды. Бұл байланыс олардың тілі мен дәстүрін, салтын, мәдени, рухани құндылықтарын сақтап қалды. Бұл өзге халықтарға ұқсамайтын түркі мәдениетін қалыптастырды.
Бесінші жеңіс
Шыңғыс ханның түркі империясын құруы тарих дөңгелегін бірден шыр айналдырып жіберді. Оның қол астындағы халықтың 80-90 пайызы түркілер еді. Шыңғыс ханның ата-бабаларына да, өзіне де маньчжурлардың этномәдениеті елеулі әсерін тигізсе, анасы да, әйелі де түркі тайпасынан шықты.
Шыңғыс хан түркі тайпаларының әскери қуаты мен күші бірдей дәрежеде болған кезде билік тағына қарай ұмтылды. Ол Қытайдың солтүстігінен Калка (Русь) өзеніне дейінгі ұланғайыр дала төсінде империя құрды. Ал, оның немересі Батыйдың әскері Адриат теңізіне дейін жетіп, жолай Волга болгарлары мен орыс княздарының әскерлерін талқандады.
Шыңғыс ханның ұрпақтары құрған мемлекеттер өміршең әрі қуатты болды. Шыңғыс ханның төрт ұлы әкесі құрған империядан өз иеліктерін бөліскені белгілі. Жошының ұлы Батый Алтын Орданы құрды. Шағатайдың ұрпақтары Шығыс Түркістанды, Жетісуды, Мауренахырды билеп, онда Моғолстанның негізін қалады. Осы мемлекеттердің бәрінің құрылуына, ең алдымен, түркілер, қазақтың бұрынғы ата-бабалары бірден-бір себепкер болды.
Оғыз тайпалары да заман көшінен қалып қоймады. Олар ең алдымен сельджук мемлекетін, содан соң Осман империясын құрды. Бізден тым шалғайда жатқан Египетте билікке көшпенділерден шыққан мамлюктер келіп, оларға Бейбарс сұлтан басшылық жасады. Ол халықтың өркендеп, дамуына көп үлес қосты. Оның есімі мамлюктер тарихына алтын әріптермен жазылды.
Батый мен Орда-Ежен – қазақ тарихындағы аса ірі тұлғалар. Төл тарихымыздағы көптеген оқиғалар олардың есімдерімен тығыз байланысты. Сол кезеңдердегі саяси ерекшеліктерді сөз етсек, қазақ халқының болашағы үшін Сарай-Бату мен Берке-Сарайдың алар орны өте маңызды болды. Алтын Орда қазақ тарихының әжесі десек, Ақ Орданы Қазақ хандығының анасы деп айтуымызға әбден болады. Мұны тарихтың өз сыйы мен несібесі десек те жарасады.
Әбдіқадыр ДӘУІТБЕКОВ, тарихшы. (Жалғасы бар).