Біз білетін БӘШЕНОВ

  Серікқали Жексенбаев, «Ońtústik Qazaqstan». Асылы, адал жүріп, адымын анық басқан адам адаспайды. Сабырын серік еткен жан қалыбынан жаңылмай, аспай-саспай жүріп, пешенесіне бұйырған қызметтің қай-қайсысында болсын биіктерден көріне біледі. Ағалық жасты артта қалдырып, ақсақалдықтың ауылына бет түзеген осындай ағалардың бірі – Ұлықпан Бәшенов. Ол қызметке жастай араласты. Мемлекеттік қызметтегі басшылардың қасында жүрді. Өзі де билік тармақтарының баспалдақтарынан өтті.

 

Ұлықпан ағаның мамандығы – мұғалім. Сондықтан ол кісіні ұлағатты ұстаз деп айтуымызға толық негіз бар. Жалпы еңбек өтілі 40 жылдан асса, оның бес жылы комсомолдық жұмыста өтті, қалған 35 жылын білім саласына арнады. Ауыл мектебінің директорлығынан облыстық білім департаментінің басшысы қызметіне дейін көтерілді.

– Өткенге көз жіберсем, бүкіл саналы ғұмырым көз алдыма кинолентадай бірінен соң бірі тізбектеледі. Сонау Созақ ауданының Жуантөбе ауылында алыста қалған балалық шақтан бастап мектеп бітірген кезім, Шымкент қаласына келіп педагогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түскенім, еңбек жолын бастаған жылдарым бұл күнде сағынышты сағымға айналды, – дейді Ұлықпан Мүсінұлы. – Өзімді үлкен өмірге баулыған алғашқы ұстаздарымды ұмытпаймын. Институт қабырғасындағы Әділ Ермековтен бастап мемлекет және қоғам қайраткерлері Жұмабек Тәшенев, Сыпақұл Малдыбеков, Рашид Ибраев, Қуаныш Айтаханов және өзге де тұлғалардың маған жасаған жақсылықтарын бөле-жара айтар едім. Алланың мені ол кісілермен кездестіргеніне шүкіршілік етемін. Олармен етене араласуым бүкіл болмысымды өзгертті. Осы кісілердің тәлім-тәрбиесі мен ақыл-кеңесі тіршіліктің түрлі бұралаңдары мен асуларынан сүрінбей өтуге демеу болды.

Егеменді ел болып, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда билік тармағында әкімдер институтының жүйесі қалыптасқаны белгілі. 1992 жылы Арыс ауданы әкімінің орынбасары қызметіне кіріскенде де Ұлықпан ағамыз осы жанындай сүйетін саладан алыстамады. Өйткені, ол жан-тәнімен ұстаз еді. Төрт жылдай осы саланың тасын өрге сүйреді. Рас, сол кезеңде жаппай қысқарту жүріп жатқан-ды. Штаттың қысқартылуына байланысты ол бір өзі төрт қызметті мойнына алды. Атап айтқанда, әкімнің орынбасары бола жүріп, білім, денсаулық, мәдениет бөлімдерінің бастығы қызметтерін қоса атқарды. Әрине, бірнеше қызметті қоса атқарудың да өз қиындықтары кездесті. Мәселен, өзіне жақын саланың ісін жолға қою жеңіл болғанымен, мамандығына қатысы жоқ жүйелердің жұмыс ырғағын қамтамасыз етіп, ретке келтіру оңай емес еді. Алайда, қарым-қабілеті мен білім-біліктілігі жоғары Ұлықпан Бәшенов бұл сынақтан сүрінбей өтіп, абырой биігінен көрінді. Қаржыны мақсатты әрі тиімді жұмсау үшін үнемшілдікпен және ұтымды жұмыс істеудің арқасында «қысқа жіптің» күрмеуін келтірді. Сөйтіп, үш саланы да дағдарыстан аман алып шығуға үлес қосты. Егемендіктің елең-алаңында, нарықтың қатал заманында реформаны батыл жүргізе алатын, тәуекелшіл нар тұлғалы азаматтар керек еді. Қиыннан қиыстырып, тығырықтан жол табар ілкімді, іскер әрі білікті басшылардың жолы болғаны анық. Ұлықпан аға да сондай мықты кадрлар санатынан еді. Сол кездегі облыс әкімі Қалық Абдуллаев 1998 жылы оған облыстық білім департаментін басқаруды сеніп тапсырды. Әлі есінде, Ұлықпан Бәшенов осы қызметке келгеніне көп уақыт өтпей жатып, сенаторы, мәжілісмені бар ҚР Парламентінің бір топ депутаты Шымкентке сау ете қалды. Академик Өмірбек Жолдасбеков бастаған халық қалаулылары алдағы уақытта қабылданатын заңның жобасына сәйкес облыстағы білім саласының жағдайымен танысу үшін жарты айдай жұмыс істеп, мән-жайға қанықты. Соның қорытындысымен облыстық әкімдікте үлкен жиналыс болды. «Құланның қасуына мылтықтың басуы» дөп келіп, Ұлағаң білім саласындағы кемшіліктердің бәрін жайып салды. Қиын мәселелер мен қордаланған проблемаларды жіпке тізіп берді. «Департаменттің директоры» деген дардай лауазымы болғанымен, мұның қолы матаулы. Мысалы, қаржы басқармасы мекеменің бюджетін өздері жоспарлап, қаражатты өздері жұмсайды. Ал, кадр таңдау мен іріктеу облыс әкімі орынбасарының уысында. Сөйте тұра саладағы қалыптасқан жағдай мен олқылықтарға департамент директоры жауап береді. Былайша айтқанда, басшы тек «таяқ жеу» үшін тағайындалатын сияқты. Мұндай «қуыршақ» директорды ұстау кімге тиімді? Туралықтан таймайтын Жұмабек Тәшеневтің туысы емес пе, аузы батыр Бәшенов көкейіндегісін осылайша ақтарып салды. Алдын-ала айтайық, бұл мәселе кейін Астана қаласындағы қос палаталы Парламенттің мәжілісінде де талқыланды...

Биік мінберде күні бұрын орыс тілінде жазып алған баяндамасын өзге әріптестері сияқты судыратып оқып шығуды қаламаған Ұлағаң қазақша ашық мәлімдеме жасай бастағанда залда қалғып-мүлгіп, газет қарап немесе өзара күбір-сыбыр әңгімеге көшкен халық қалаулылары бастарын көтеріп, назарын сөйлеп тұрған дауыс иесіне аударған. Жиналыс төрағасы «Ұлықпан, бәріне түсінікті болсын. Орыс тілінде айт!» деді. Оған мән бермеген Ұ.Бәшенов білімге қатысты проблемаларын ана тілінде алға тарта берді. Тағы ескерту жасалады. «Мен мемлекеттік тілде сөйлеп тұрмын» дейді ғой Ұ.Бәшенов қасқайып.

Талқылау аяқталған соң қазақтың көрнекті ақыны Фариза Оңғарсынова «айналайын, ризамын» деп қолын қысыпты. Мұнан кейін академик Өмірбек Жолдасбеков және ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім комитетінің төрағасы Әділ Ахметовпен де жақын бауырындай араласып кетті.

2000 жылы Ұ.Бәшенов Шымкент қаласындағы республикалық әскери мектеп-интернатының басшысы болып тағайындалды. Елімізде мұндай мектеп үшеу. Алматыдағы мектеп Бауыржан Момыш-ұлы атында, Қарағандыдағы білім ұясы Талғат Бигелдиновтің есімін иеленген. Ал, Шымкенттегі мектепті жергілікті тұрғындар жай ғана «Суворов мектебі» деп атайды екен. Бұл мәселе Ұ.Бәшеновті көптен ойландыратын. Алдымен Оңтүстік өңірінен шыққан батырлардың тізімін жинақтады. Мәселен, Арыс қаласының балалар үйінен 5 бірдей Кеңес Одағының Батыры шыққан. Алайда, олардың бәрінің әскери шені мектепке тартпайды. Бұл білім ұясы қазақтан шыққан, жұрт үлгі-өнеге алатын Бауыржан, Талғат сияқты баһадүр болуға тиіс. Қысқасы, бұрын ұлты өзбек болып жаңсақ жазылған, шындығында Орта Азиядан шыққан тұңғыш қазақ әскери қолбасшы, генерал Сабыр Рақымовтың есімін беруді ұйғарады. Ол үшін көп ізденіп, институттағы ұстазы Әсілхан Оспанұлына, Қазығұрт ауданы, Көкібел елді мекеніндегі батырдың туысқан інісі Амангелді Құраловқа жолығып, қажетті құжаттарды жинастырды. Әуелгіде Қорғаныс министрлігі қарсы болғанымен, Иманғали Тасмағамбетов Премьер-министр болып тұрғанда мәселенің оңды шешілуіне ықпалын тигізді. Бұл 2003 жыл еді. Келесі жылы әскери-интернаттың құрылғанына 20 жыл толады. Осы мерейлі мерекені мектеп пайдасына шешуді ойлаған басшы ауланың көрнекті тұсына Сабыр Рақымовтың кеуде мүсінін орнатуды жоспарлайды. Өйткені, курсанттар әскери ант қабылдау үшін Абай саябағына сабылатын. Мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаржы мардымсыз. Демеуші іздеп, ол қаржыны тапты да. Осы білім ошағын бітірген түлектер арасынан «ҚазТрансГаз» АҚ-ның сол кездегі бас директоры Абай Садықовтың көмегіне жүгінеді. Жаны жомарт азамат сөзінде тұрып, 1 миллион теңге бөліп, кеуде мүсінді орнатып берді.

Іргетасы 1956 жылы қаланған әскери мектеп 2006 жылға дейін жөндеу көрмеген екен. Полковник Ұлықпан Бәшенов оқу ісі жағынан – ҚР Білім және ғылым министрлігіне, ал, әскери қорғаныс ісі жағынан Қорғаныс министрлігіне қарайтын әскери мектеп- интернатты 140 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өткізді. Екі жатақхана, оқу корпусы, 400 орынды асхана талапқа сай ретке келтірілді. Жаңа ғимараттар бой көтерді. Болашақ әскери сарбаздарға білім беру сапасы да артты. Бұрын үш мектептің ылғи соңында жүретін Сабыр Рақымов атындағы білім ұясы барлық көрсеткіш бойынша республикада алға шықты. Оқуға қабылдау кезінде бір орынға 7-8 баладан келіп, талапкерлерді конкурстық негізде қабылдауға мүмкіндік туды. Облыстық білім басқармасының басшысы болып істеген қызметінің пайдасы тиді. Жоғары оқу орындарына зерек жастарды түсіру жөнінен де бірінші орынға шықты. Сөйтіп, ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты ЖОО-ға резервтер даярлау орталығына айналды. Сабыр Рақымов атындағы әскери мектеп-интернатының түлектері Қазақстан ғана емес, Ресей, Беларусь, Украина, Түркия, Германия, Үндістан, Пәкістан елдеріне барып оқи бастады. Әскери мектепті 13 жыл басқарды. Ұлықпан Бәшеновтің көп жылғы қажырлы еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Бірнеше орден және медальмен марапатталды. Ұзақ жыл ұлағатты ұстаздық қызмет атқарғаны үшін «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» және «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» атанды. 2009 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. Ол – Арыс және Созақ аудандарының құрметті азаматы. Жетпіс жасқа толған азамат бұл күндері Шымкент қаласы Абай ауданындағы ардагерлер кеңесін басқарады.

Жоғарыда Ұлағаңның қазақ халқының аяулы ұлы Жұмабек Тәшеневтің немере інісі екенін айтып өттік. Бәшен, Тәшен ағайынды кісілер, бір шалдың балалары. Демек, екеуі содан тараған текті ұрпақ. Хрущевтің еліміздің солтүстігіндегі 5 облысты Ресейге қосуына тайсалмай қарсы шығып, ұлт үшін өлшеусіз еңбек сіңірген тұлғаның есімін есте мәңгі қалдыру жолында атқарған игілікті істері Ұлықпан Мүсінұлы тындырған жұмыстарының бір парасы ғана. Ел мен жердің ертеңін ойлаған нағыз зиялы азамат «Халықтың қайсар перзенті» атты кітап шығарып, оны республикадағы барлық кітапханаларға таратты, Тәшеневті халқына танытып, ұлы тұлғаны ұлықтауға атсалысты. Өңірімізде және республикада Ж.Тәшеневке қатысты іс-шаралардың басы-қасында Ұлағаңның өзі жүрді.

P.S. Ол кісі әлі ширақ, сөзі сергек. Тұла бойы тұнған зиялылық. Айтар ойы бар азамат әлі тұғырдан түспеген. Түрлі жиындар мен басқосуларда ел ағасының көпшіліктің алдында шығып сөйлеп жүргеніне кейде куә болып қаламын. Қашанғы қалпымен өзінің жеке мүддесінен гөрі елдік мұрат, ұлттық ұстын, халықтық қалып жайында тереңнен сөз қозғайды.

Біз білетін Бәшенов осындай.

1 пікір

  • Гулжамила
    Гулжамила

    Ұлықпан Бәшенов ағаны қалай тапсақ болады, байланыс номер бере аласыз ба

Пікір қалдырыңыз