Атқа мiну мәдениетi

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы қазақ халқының төл тарихын тың көзқараспен зерттеуге жол салып отыр. «Ең бастысы, біз нақты деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз» дейді Елбасы осы туындысында.
Ұлы даланың айрықша қырының бірі – атқа міну мәдениеті. Жылқыны адамзат баласы қашан қолға үйретті деген сауал бойынша осы уақытқа дейін тарихшылар, археологтар, ғалымдар арасында әртүрлі болжамдар айтылып келді. Ең алғаш атқа міну мәдениеті қазақ жерінде басталғаны Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Ботай қонысында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған жылқы сүйектерін зерттеу негізінде дәлелденді. Мұнда табылған аттардың азу тістерінде ауыздықтың ізі қалған. Ол жерден сол замандағы ат әбзелдері, кәдімгі құрық, теріден тігілген шалбар, тізеден асатын тері етік, тымақ та табылған. Тіпті, айғырларды піштіретін қандауырға дейін болған. Британиялық ғалымдар ботайлықтар тұтынған керамикалық ыдыстардан қымыздың жұғынын анықтаған. Бұдан шығатын қорытынды, ботайлықтар жылқыны мініс көлігі ретінде пайдаланып қана қоймай, бие сауып, қымыз ашытып, шипалы сусын өндіруді де меңгерген. Ботай малшылары үлкен қоныстарда тұрған. Көктем шыға жылқыларын Ұлытаудағы, Торғайдағы жайлауға айдап барып баққан. Осыған қарағанда ботайлықтардың жартылай көшпелі өмір сүргенін байқауға болады.
Американың атақты оқымыстысы Д.Энтони: «Бүгінгі дәуірдің ғалымдары дүниежүзілік тарихтың сан мың сұрағының жауабын осы «Ботай мәдениетінен» тауып отыр» дейді. Ал, белгілі продюсер Найоби Томпсон «Жылқы мен адам арасындағы қарым-қатынастың тарихы Солтүстік Қазақстанның жазира даласынан басталды. Ботайлықтар әлемде ең алғашқылардың бірі болып атқа қонды. Осыдан кейін барлық өркениетке жол ашылды. Діттеген жерге жылдам жетуге мүмкіндік туды. Бұл адамның тағдырын өзгертті» деп жазды. «Ботай феномені Еуразия даласындағы ежелгі жылқышылардың ең бастапқы мәдениетінің әлеміне алып кірді. Жалпы, гомосапиенстің тарихында бұл бөгетті бұзып-жарып өткендей құбылыс болды. Ол құбылысты адамның ғарышқа ұшуымен ғана салыстырамыз» дейді қазақтың тарихшы ғалымы Зейнолла Самашев.
Осылай жер бетіндегі ең ұлы инновация қазақ жерінен бастау алды. Жылқыны қолға үйрету дамудың қозғаушы күшінің біріне айналды. Адамның атқа қонуымен аттылы көлік коммуникациясы дәуірі басталды. Оны қазір бүкіл әлем мойындап отыр.
Тарих атасы Геродот «Олар ат үстінде де, жаяу да соғыса береді, соғыстың екі тәсілін де жетік меңгерген. Садақпен және найзамен қаруланған. Сондай-ақ, олар аттарының алқымын сауытпен қаптайды, ал, жүгендерін, ауыздықтарын және құйысқандарын алтынмен зерлейді» деп жазған.
Жылқы – қазақ халқының жан серігі. Елтаңбамызда қанатты тұлпар бейнеленуінің осындай сыры бар. Елімізде тәуелсіздік алғаннан кейін ата кәсібіміз – жылқы шаруашылығын дамыту қайтадан қолға алынды. Жылқыны ондап, жүздеп, мыңдап өсіретін шаруалар, кәсіпкерлер қатары өсіп келеді. Қазақтың ежелгі ат ойындары қолға алынуда. Ат бәйгесі, көкпар, теңге ілу, қыз қуу, аударыспақ, жамбы ату, асауды үйрету, т.б. қайта жаңғыруда.
Ата-бабаларымыздың атқа міну мәдениетін алғаш рет меңгергенін, ол басқа елдерге біздің даламыздан тарағанын әлем ғалымдары мойындап отыр. Міне, Елбасы біздің даламыз жөнінде дүние жүзінің архивтерінде көміліп жатқан деректерді тауып, зерттеп, қазақ тарихын нақты, шынайы етіп жазып шығуды тарихшыларға, ғалымдарға, мәдениеттанушыларға міндеттеді.
Көшкінбай ЕЛІКБАЕВ. Қаратөбе ауылы, Төлеби ауданы.