Қазақ елi қандай бақытты!

Еліміз үшін ең шешуші тұста, сонау 1991 жылдың 1 желтоқсанында Қазақстанда алғаш рет жалпыхалықтық сайлау өтіп, онда Нұрсұлтан Назарбаев Тұңғыш Президентіміз атанғаны белгілі. Сол бір жауапты тұста халықтың түгелге жуығы Елбасын қолдап, дауыс берді. Осынау тарихи шешім арқылы Қазақ елі дамудың даңғыл жолына алғаш рет қадам басты.
Қазақстанның дербес, әлемде өзіндік орны бар мемлекет болып қалыптасуы, экономикалық тұрғыда дамуы, еліміздің сыртқы және ішкі саясатындағы жетістіктерінің бәрі де Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы еңбегі мен көрегендігінің жемісі. Халқымыздың Ел мен Елбасы, Тәуелсіздік пен Тұңғыш Президент ұғымдарын қатар айтып қастерлеуі тегін емес. Елбасының тарихи рөлін, ерен еңбегін өз халқымыз ғана емес, әлем елдері де жоғары бағалап келеді.
Шын мәнінде Қазақстанның барлық жеңістері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дана басшылығының және еліміздің әрбір азаматының табанды да тынымсыз еңбегінің жемісі. Тұңғыш Президенттің саяси көрегендігі мен стратегиялық мақсаттарды дәл анықтап, оны орындай білуі дамудың қазақстандық үлгісінің қалыптасуына негіз болды. Ұлт Көшбасшысының байыпты бастамаларымен еліміз халықаралық қауымдастық алдында да биік беделге ие болып отыр. Мысалы, ғаламдық ядролық қарусыздану қозғалысының көшбасшысына айналғанымызды мақтанышпен айта аламыз.
Президенттің парасатты саясаты мен қажырлы еңбегінің арқасында тіліміз, дініміз және діліміз рухани айналысқа түсіп, тарихымыз түгенделіп жатыр. Президент тарихи жауапкершілікті мойнына алып, ел болашағына қатысты батыл, көреген шешімдер қабылдап, олардың өміршеңдігін дәлелдеп келеді. Президенттің өткен жылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты сүбелі еңбегі мен жуырда ғана жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы соның айқын дәлелі. Бұл ұлттық тарихымызды түгендей отырып халықтың санасын жаңғыртуға, сол арқылы ұлттың өз-өзіне деген, болашаққа деген сенімін арттыратын мақала болып отыр. Айтулы еңбектерде халқымыздың болмыс-бітімі, халық болып қалуы, ұлт болып ұйысуына қатысты мәселелер тереңнен қозғалған.
Биыл Елбасының тарихи еңбегін көрсететін тағы бір айтулы датаны тойлап жатырмыз. Президенттің еліміздің астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіргеніне 20 жыл толды. Астана бүгінде шын мәнінде Алаш жұртының айбарына айналды. Осы жылдарда Елордамыз еліміздің өркендеуінің локомотивіне айналып, әлемдегі өзекті мәселелер талқыға салынатын абыройлы үнқатысу алаңына айналды.
Елбасының қамқорлығын, қолдауын бір ғана Астана емес, еліміздің барлық өңірлері сезініп келеді. Соның ішінде Түркістан қаласы ешқашан Президенттің назарынан тыс қалған емес. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Елбасының тікелей мұрындық болуымен ашылған Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті бүгінде бір Қазақстан емес, бүкіл Орталық Азия мәдениеті тарихындағы үлкен жаңалық болды. 1992 жылы Алматыда ашылған Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайы 2002 жылы өз жұмысын Түркістанда жалғастырды. Ал, 2000 жылы ЮНЕСКО аясында өткен 1500 жылдық мереке қасиетті қаланың биік мәртебесін аспандата көтерді.
Өткен жылғы «Түркістан – түркі халықтарының мәдени астанасы» халықаралық мерекесі Түркістанды да, халқын да жаңғыртып, жасартып жібергендей әсер етті. Айта кетейік, жыл сайын бір қаланы түркі әлемінің мәдени астанасы деп жариялау жөніндегі жасампаз идеяның авторы да Елбасының өзі болатын. Ал, биыл Президенттің пәрменімен Түркістан облысы құрылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркістан атты жаңа облыс құру және өңір орталығын көне қалаға көшіру жөніндегі Жарлыққа қол қоюы – тарихи әділеттіліктің орнауы дер едік. Бұл Ұлт Көшбасшысының алысты болжай білетін кемеңгер саясаткер екенін тағы бір рет дәлелдеген көреген шешім. Осындай кемел шешім қабылдағаны үшін түркістандықтар Елбасыға дән риза.
Қазірдің өзінде тарихи қала ғажап көркейіп келеді. Биліктің қаланы түрлендіруге, оның экономикасын дамытып, халқының әл-ауқатын жақсартуға қатысты жоспарлары да ауқымды. Өзіме, әсіресе, тарихи қаланы реконструкциялау, жаңғырту бағытындағы жұмыстар мен жаңа әкімшілік-іскерлік орталықтың салынатын болғаны, қала берді қалада жаңа теміржол вокзалы мен әуежай салынып, туризмнің дамитындығы ерекше ұнады.
Құдайға мың шүкір деп айтайын, Жаратқан Иеміз бізге 8 ұл-қыз тәрбиелеп, олардан 33 немере мен оншақты шөбере сүюді нәсіп еткен екен. Мәдениет саласындағы ұзақ жылдар бойғы еңбегіміз бен ұрпағымызға дұрыс тәрбие бере алғанымыз ескерілсе керек, 2014 жылы алғаш рет ұйымдастырылған «Мерейлі отбасы» атты ұлттық байқаудың жеңімпазы атандық. Марапаттау рәсіміне Елбасы Н.Назарбаев қатысып, өз қолымен шағын автобустың кілтін тапсырды. Бұл менің өмірімдегі ең бақытты сәттерімнің бірі еді.
Айтайын дегенім, сол салтанатты жиында Ұлт Көшбасшысын жақыннан көріп, қолын алдым. Ол кісінің жүзінен шуақ таралып, көзінен мейірім төгіліп тұрды. Оның риясыз күлкісінен, іс-қимылынан кішіпейілділігі, қарапайым адамдарға деген құрметі мен қамқорлығы, жан-дүниесінің байлығы мен тазалығы аңғарылып тұрды. Бізге соншалықты бір жылышырай танытып, қасына қатар тұрып суретке түсуге шақырғаны көңілімізді толқытқаны рас. Сол сапардан жеңімпаз атанып, жүлделі болғанымызға ғана емес, еліміздің осындай көреген Көшбасшысы барына да риза болып, зор қуанышқа бөленіп қайттым. Сол сәттерде санамда «Мұндай адамның туған халқын, елі мен жерін сүймеуі мүмкін емес, осындай Президенті бар Қазақ елі қандай бақытты» деген ой жаңғырып тұрды.
Елтай БИМАҒАМБЕТОВ, Түркістан қаласының құрметті азаматы.