Созақ көтерілісі және ашаршылық

Кейбіреулер айтып жүргендей, 1930 жылғы Созақ көтерілісі өзінен-өзі, жайдан-жай бұрқ ете қалған жоқ. Кеңес үкіметі билеушілерінің шектен тыс зорлық-зомбылықтары қарапайым ауыл адамдарының төзімін әбден тауысқан болатын. Мүлік тонау, қыз зорлау, қос уыс бидай үшін итжеккенге айдату, астықтарын тартып алу секілді зорлық-зомбылықтар күн сайын асқынып бара жатты. Мұнан соң тірі адам қарап жата ма?
Бізге жеткен деректерге сүйенсек, көтеріліске Созақ ауданы елді мекендерінің түгелге жуығының қатысқанын көреміз. Емші Асадулла Созақ селосынан 110 шақырымдай жердегі Бабата ауылындағы Сапарқожаға барады. Көп ұзамай көтеріліс басшылары Өтеміс, Мырзахмет, Сағындық, Устрах (Ұлтарақ), Иманбек, Ыбырай сол жерге жиналады. Бұл кезде Сұлтанбек колхозда төраға (председатель) екен. Олар осы жиында көтерілісті «ораза айында» бастауға пәтуа жасайды. Мұсылман қауымына хат-жолдау жібереді. Сарысу ауданынан «көтеріліске шығуға әзірміз» деген жауап келеді.
Көптеген зерттеуші ғалымдар көтерілісшілер қару-жарақсыз, жалаң қолмен соғысты бастады деп жазады. Ресми құжаттарды оқиық:
«... Бандалардың жетіспеген қарулары қаза болған және тұтқынға түскен біздің жауынгерлердің есебінен толықтырылды. Олардан бандиттер 22 үш линиялы винтовка, 2160 патрон, 5 револьвер қолға түсірді.
Мұнан бөлек, 7 винтовка және 4 револьвер, бір жәшік патрон Исаев отряды шегінген кезде көтерілісшілердің қолына түсті» делінеді қызыл комиссарлардың Сталинге жөнелткен хатында.
Бұдан басқа тағы бір құжатта: «Созақ операциясы кезінде 290 ат, 20 түйе, 150-дей оқ-дәрімен атылатын қару, 100 шамада суық қару қолға түсті» делінген. Сарбаздардың жалпы саны (хатқа түскені) 2384 болған. Сол жылдары Созақ селосында 7 мыңдай адам тұрған.
Созақтың тумасы, меценат Бердібек Мейірбеков 2003 жылы Астана қаласынан «Созақ елі» деп аталатын тарихи-танымдық кітап шығарды.
Сол кітапта (286-бетте) «Шымкент уезі Құршу болысы әкімшілігінің тізімі» берілген. Бұл тізімнің жасалынған уақыты 1911 жылдың 5 сәуірі. Сонда көптеген есімдердің қатарында №7 ауылдың старшыны Сұлтанбек Шалақов деп көрсетілген. Созақ көтерілісінің басшысы осы Сұлтанбек еді.
Сұлтанбек ханның екі ұл, екі қызы болған. Үлкен ұлы Нұрман көтеріліс болған 1930 жылы 18-дерге келіп қалған азамат екен. Тағы бір деректе оның Самарқандағы сауда техникумын бітіргені айтылады. Сұлтанбек ханның арғы аталары Теріскей елінде аса зор құрметке ие болған жандар екен.
Көтеріліс алдында Сапарқожа бата берген. Көтерілістен соң сол бата бергені, елді үгіттегені үшін атылған.
Көтерілісшілер арнайы киім киген. «Шейіттікті нәм еткен» соң олар бірыңғай ақ киім киінген. Ақ ту көтерген. Онда «Алла! Алла!» деген жазу болыпты. Көтерілісшілер сот, прокурор, тергеу бөлімдерін құрған. Ең соңғы үкімді хан және оның уәзірлері айтқан.
Кезінде Созақ аудандық білім бөлімін басқарған, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, марқұм Сағынтай Байділдаевтың әкесі көтерілісшілердің қолына түсіп қалады. Оны тергеу, соттың барлық процесін жүргізу ханның уәзірі, Шілмембет бидің баласы Сағындыққа жүктеледі. Соның араласуымен аттың құйрығына байланып кете бармай, ажалдан аман қалыпты.
Иә, осы соттың шешімімен елге зәбір көрсеткен, тізесі батқан бірінші хатшы, исполкомның төрағасы, аудандық сот, аудандық сот тергеушісі халықтың көз алдында жазаланған. Коммунистер, комсомолдар, белсенді болғандар Қарабура әулиенің сағанасын құшақтай жығылыпты. Сол үшін де оларға түгелдей кешірім берілсе керек.
Созақ көтерілісі туралы айтқанда Салықбай мерген жайлы тоқталмау мүмкін емес. Оның көздеп те, көздемей де тартып жіберген оғы мүлт кетпейді екен. Бірде ол Бетпақта бір ауылда түстеніп отырады. Бір кезде «ауылда аяғы ауыр келіншек бар ма?!» деп сұрайды. Жоқ екен. Сол кезде жалғыз оқпен мылтығын көкке көтеріп, атып жібергенде екі құс бірдей құлап түсіпті. Салықбай мерген екі құстың бір-бірімен асты-үстілі қабаттасқан сәтін күтіп отырған деседі. Осы Салықбай Түркістан жағынан келе жатқан кеңес әскерін Суындық асуында жатып алып, баудай түсірген ғой. Әттең, оғы таусылған соң амалсыз шегінген.
Созақ көтерілісі жайлы мынадай бір жантүршігерлік мәліметтер таптық. Онда былай делінеді:
«12-16 ақпан аралығындағы болған соғыста 126 бандит өлтірілді. 16 ақпандағы Созақ үшін болған шайқаста 200 бандит жойылды. Мұнан бөлек қолында қаруы бар 200 белсенді табанда атылды. Қолға түскен оперативті іс-шараларды жүзеге асырудың нәтижесінде, бандиттері, дем берушілері, үгітшілері, сондай-ақ барлаушылары барлығы – 389 адам тұтқындалды...».
Бұлардың ішіндегі 14 адам көтеріліс басылған соң Ащысай жолында атылады. Олардың арасында Шілмембет бидің баласы Сағындық та (Сұлтанбек ханның оң қолы) бар еді.
1928 жылдан әуелі «жеке отыр» жасап, соңы концлагерьге айналған мекенжай, 3 метр тереңдікпен қазылған ор «Үспі», «Дуана» деп аталады. Оның орны Созақ селосынан көп қашық емес, «Қайнар» елді мекенінің дөңінде. Сүйретіп тастай салынғандардың сүйегі Созақ селосының теріскей жағындағы Тастақсайда кешеге дейін көмусіз шашылып жатты.
Созақ көтерілісін басуға Алматыдан, Шымкенттен, Әулиеатадан, Ташкенттен, Қызылордадан, Түркістаннан арнайы жасақтар аттандырылды. Мұздай қаруланған кеңес әскері шоқпармен, айырмен, қылышпен қаруланған шаруаларды қынадай қырып салды. Солай бола тұрса да адамзат тарихы (Кеңес одағының тарихы) қызыл террорға күні бүгінге дейін әділ бағасын бере алмай келеді. Сол себепті оның сұмдық салдары әлі де жазылған жоқ.
Тіпті, мынадай да тарихи дерек кездестірдім. Сталин тарихшылар мен жазушыларды жинап, Шыңғыс ханның қазіргі ұрпағы кімдер екенін анықтауға тапсырма береді. Көп ұзамай олар Сталинге келіп «Шыңғыс ханның қазіргі ұрпақтары – қазақтар» деп мәлімдеген. Сталин «дәлелдерің қайда?» деп сұрағанда ең әуелі «хан» деген сөз қазақта ғана сақталып қалғанын айтыпты. Өзбектерді әмірлер, қырғыздарды бектер билегенін алға тартқан. Үлкен ұлы Жошының зираты Қазақстан жерінде (Ұлытауда) тұрғанын көлденең тартқан. Сталин олардың пікірін тыңдап, шешімді жеке-дара өзі ғана қабылдаған, ешкімге сенбеген. Сөйтіп, қазақты қырып-жоюды ұзақ ойланып барып қана іске асырған.
Кеңес өкіметі көтерілістен соң жазалап үлгермегендерін 1937 жылдың зұлматына салды. Түркістан, Келес, Бадам, Қаратас аудандарының көшпелі және жартылай көшпелі халқын күштеп отырықшыландыру әрекеті халықты үлкен қайғы-қасіретке душар етті. Күштеп ұжымдастырудың нәтижесінде алып колхоздар ұйымдастырылды. Мал шаруашылығында нағыз жұт басталды. Мал басының саны 40,5 миллионнан 4,5 миллионға дейін кеміді. Әсіресе, түйе, жылқы, қой шаруашылықтары көп шығынға ұшырады. Соның салдарынан 1931-1933 жылдары республиканың 6,5 миллион халқының 2,1 миллионы қырылып қалды. Аштықтан, өкімет орындарының тарапынан болған қуғын-сүргіннен қашып, 1 миллион адам шетелдерге өтіп кетті. Малдың жайымен отырған қазаққа елден безуге тура келсе, Қазақстанға, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысына Ресей мен Украинадан арнайы қоныс аударушылар ағылып жатты. Кейінірек, яғни саяси қуғын-сүргін жылдары мұнда корей, неміс, иран, әзірбайжан, қарашай, шешен, тағы басқа ұлт өкілдері жер аударылды. Осылайша аймақтың әлеуметтік келбеті мен ұлттық құрамы өзгеріске ұшырады.
Қазақстанда 1929 жылғы санақта 6 млн. 920 мың жергілікті тұрғын есепке алыныпты. Ал, 1933 жылдың аяғында олардың саны 2 миллионнан сәл ғана асты. 1927 жылы Қазақстанда мал саны 42 миллионды құраса, 1933 жылы 3 млн. 989 мыңға зорға жетіпті. Сонда алты жылда 38 миллион мал қырылған болып шықпай ма? 1927 жылы Сырдария округінде 6 млн. 680 мың мал тіркеліпті. 1933 жылы соның 800 мыңы ғана қалыпты. Не деген зұлмат?!
Қитұрқы Голощекин өзінің геноцидін одан әрі тереңдете түсу үшін Сталинге: «социализм жүйесіне үйренгісі келмейтін, көшіп-қонып жүруге дағдыланған қазақтар кеңестік саясатқа көнбей, тағы да босуға көшті. Осының кесірінен олардың бірқатары аштыққа ұшырап, қырылып жатыр» деген өтірік-сұмдыққа толы хатын жолдайды.
Енді екі жылдан соң Созақ көтерілісіне 90 жыл толады. Осы айтулы жылы зұлматты кезеңдерді атап өту үшін бір орынның керек екені белгілі емес пе? Осы мақсатпен Созақ ауданы әкімдігінің келісімі және қолдауымен Созақ селосына Шымкент қаласы жағынан кіре берісіне «Созақ көтерілісі және ашаршылық» атты мемориалды кешен салуды бастап кеттік. Бүгінде аудан әкімдігі арнайы бөліп берген жерге инфрақұрылым жұмыстары жүргізілуде. Жақында кешен айналасын шарбақпен қоршауды бастаймыз. Келесі жылы кешен абаттандырылып, ескерткіштер қойыла бастайды.
Иә, тарих ұмытылмауы тиіс. Кешеннен келер ұрпақ кемел сабақ аларына күмән болмаса керек.
Орынбек ИБЖАНОВ, кәсіпкер.
Абдумалик
Осы Созақ жерінде жайманшылар руы бар.Сол туралы білетін адамдар бар ма?Олар қазіргі таңда Қожаға жатқызылып келеді.Шынтуайты қалай?Жайманшылар қайдан тараған?