Біздің староста

  Мен оқитын топ өзге әлем секілді. Бір-бірімен шаруасы жоқ. Таңертең сабаққа келгенде сәлеміміз түзу әйтеуір. Ал, сабақ соңында бір-біріне амандық тілеп, қоштаспақ түгілі, қай студенттің қай уақытта кетіп қалғанын аңдамай да қаласыз. Бірге оқып жатқанымызға 3 жыл болса да әлі бір-бірімізді жөндеп танымаймыз. «Ұйыған айрандай» болып, бір-бірінен бір елі ажырамайтын өзге топтарды көріп, әуесің кетеді. Қаланы аралап бірге қыдыру, киноға бару, мерекелерді атап өту, туған күн тойлау деген дүниелер біздің топтың ойына да кіріп шықпайды.

 

Өздеріңіз байқап отырғандай, мұндай топқа топбасшы болу да оңай емес. Тобымызда 19 студент бар. Осы 2 жылдан астам уақыт ішінде 5 староста ауысып үлгерді. Соңғысы әрі ұзақ тұрақтағаны осы – Мөлдір. Староста болғанына жақында бір жыл толды. Бұған дейін топбасшы болған төртеудің «басшылық ғұмыры» 3 айдан аспаған-ды.

Кішігірім демократия жасағансымақ болып, старостаны өзіміз дауыс беріп сайлаймыз. 1-курста староста болу кім-кімге де қызық қой. Кәдімгідей талас болатын. Алдыңғы 4 сайлауда да Мөлдір өз кандидатурасын ұсынған. Алайда, өзгелер басым дауысқа ие болып, жеңіп кете берді. Соңғы сайлау кезінде ешкімнің староста болуға құлқы болмады. Топтастар қолқалап жүріп, Мөлдірді көндірді.

Содан бері Мөлдір бұл топтың бар әуресіне шыдап келеді. Сабаққа келмей қалған, кешіккен студенттер үшін қаншама рет деканның алдына барды. Оқудан шығып қалғалы жүрген топтастарымыз үшін шыбын жаны қалмай шырылдап жүріп, аман алып қалды. Бағасы төмен болып, стипендиядан айрылуға шақ қалған студенттердің де бағасын түзеуге қол ұшын тигізді. Мөлдір бір жылдың ішінде екінші анамызға айналып үлгерді. Ақ пен қараның арасына шекара қойып көрмеген оның осы ақкөңіл мінезіне үйренген кейбір достарымыз сабаққа кешігуді, келмей қалуды әдетке айналдырып алды. Мөлдір олар үшін құтқарушы «супермен» еді.

Мөлдір ақылы бөлімде оқитын. Оқу ақысын төлей алмай, жақында оқудан шығып қалды. Қиын-ақ жағдай. Бірақ, бәрінен де қиыны осыншама уақыттан бері өзі жанашыр болып келген топтастарының бірде-біреуі оның жанына жалау болар жылы сөз айта алмады. Осы уақытқа дейін топбасшы болып, күйіп-пісіп жүргені зая кетті. Сабаққа соңғы рет келген күні әлі есімде. Көзінде үлкен мұң бар еді. Қабағына қайғының қара бұлты қаптаған. Сол бұлтты топтастары болып сейілте алмадық, жұбата алмадық. Ең үлкен өкініш осы...

Тамара РУСЛАНҚЫЗЫ, студент.

Пікір қалдырыңыз