Аймағын әнмен тербеткен

  Арыс... Шәмші Қалдаяқов жырлаған атақты Арыс өзені. Шәмші ағамыздың лирикаға мөлтілдеп тұрған «Арыс жағасында» әні менің жаныма өте жақын, сүйіп тыңдаймын. Арыс десе көз алдыма өзенді жағалап жаяу жүріп келе жатқан композитор Шәмші Қалдаяқовтың бейнесі елестейді. Шәмші жырға қосқан Арыс өзені композитор ұлын әлде сағынғандай, әлде іздегендей мұңайыспен баяу ағып жатыр. Сол Арыстың жағасында Қоңыртөбе деген ауыл бар. Сол ауылдың нәп-нәзік тұрғыны, Арысты әнмен тербеткен Жазира Искенова қарындасыма ел риза...

 

Жазираның отбасы мүшелерімен әңгімелесіп отырмыз.

– Жазира ән салғанда Арыстың өнерлі ұрпақтары ойға оралады. Талай талантты дүниеге келтірген киелі өлке ғой бұл. Тіпті, сонау 1909 жылы Арысты жағалап қазақтан шыққан тұңғыш теміржол инженері Мұхамеджан Тынышбаев жүрген екен, – дейді әпкесі Зәбира. Жазира әпкесіне риза болды... Арыстан шыққан өнер жұлдыздары туралы ол көп әңгіме айтты.

Жазира сонау 1997 жылы-ақ Оңтүстік жұртшылығын өзі шырқаған «Іңкәрім-ай», «Сен сұлу», «Хорлан», «Арыс жағасында» атты әндерімен баурап алған еді. Жазираны сол кезден білемін.

Арыс десе ойыма Шәмші Қалдаяқов, Ақжол Мейірбеков, Нұржамал Үсенбаева және осы қарындасым Жазира Искенова түседі. «Жазира – үлкен талант иесі. Оны бағалау керек!» деген Сәбиттің сөзі ойыма оралды. Оның пікірін өнердегі досым Асқар Әлихан қолдаған болатын.

– Жазира сіңлім 2014 жылы «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Марапатты сол кездегі облыс әкімі Асқар Исабекұлы Мырзахметов тапсырған болатын. Жазира тек әнші ғана емес, бес баланы тәрбиелеп отырған ардақты ана. Гүлмира, Серік, Сейіт, Илмира, Берік, Мақпал. Бәріміз бірге өстік. Өмір-өзеннің асау толқындарымен бәріміз бірте-бірте жан-жаққа тарыдай шашылып, тарап кеттік. О баста бір бесікте тербелген едік. «Бірге тумақ болса да, бірге жүрмек жоқ екен». Мен үшін анам Ұлбикеден артық жан жоқ сияқты. Шәмшінің «Ана жыры» деген әні жаныма жақын, – деді Зәбира.

Халықаралық «Мәдениет майталманы» медалінің иегері, Арыстың ару қызы, әнші Жазира Искенова осындай өнерлі жан. «Өнер адамдары ұлы жандар» деген Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімовтің сөзі ойыма оралды...

– Мен Жазирамен қуанамын. Отбасында 3 ұл, 4 қыз болдық. Әкем Икрам мен анам Ұлбике педагог еді. Әкем Арыс қаласындағы Т.Тәжібаев атындағы мектептің директоры болды. Екеуі де әнді өте жақсы шырқайтын, – деп өткенді еске алды Зәбира.

Жазира бүгінде Арыс қаласындағы Ергөбек атындағы мәдениет үйінде қызмет атқарады.

...Талант тағдыр сыны! – дейді ұлы адамдар. Арыс десе есіме атақты Шәмші Қалдаяқовтың «Арыс жағасында» әні түседі. Арыс десе ойыма Арыстың әнші қызы Жазира Искенова оралады. Басқалардың орындауындағы «Арыс жағасында» бөлек, Жазираның орындауындағы «Арыс жағасында» мүлде басқа дүние...

Серік ЖАНӘБІЛ, Қазақстанның құрметті журналисі.

Пікір қалдырыңыз