«Сәл біртүрлі келеді ұлы адамдар...»

  Алып аспанды, жарық күнді, асқақ тауды, шетсіз-шексіз теңізді – бәрін-бәрін құшақтауға құштар жас ақын Әлімжан Әлішердің «Мені құшақта» атты тұңғыш жыр жинағы жарық көрді. Махаббат пен мейірімге толы туындыға ақын Ерлан Жүніс «Поэзия мен әдемі өлеңдердің айырмашылығы – гүлзар мен әтір дүкенінің айырмашылығы секілді деуші еді. Әлімжан Әлішер өлеңдері осы ойды еске салады. Оның өлеңдерінен дала гүлдерінің иісі шығады. Жаңбырдан кейінгі. Бәйшешек, жауқазын, қызғалдақ секілді...» деп баға беріпті. Естеріңізде болса, осыдан бірнеше жыл бұрын «Оңтүстік Қазақстан» газеті жас ақынның өлеңдерін жариялап, тұсауын кескен болатын. Бүгін де ақжолтай жаңалыққа ортақтаса отырып, Әлімжанның мейірім мен махаббатқа толы әлемінен өздеріңізге жаңа өлеңдер ұсынбақпыз.

Біздің үй

Қабырғасы әкпен емес, мейіріммен сырланған,

Ошағы бар оттан емес, маxаббаттан буланған.

Шатырына қонған күліп түрлі қиял, түрлі арман,

Бұл біздің үй – ізгіліктің шуағымен нұрланған.

Биігі бар өзіне сай, өзіне тән көгі бар,

Тағы бір үй салатындай біраз кітап қоры бар.

Құран етіп төріне ілген судай тұнық иман бар,

Тек қазақша көрсететін шағын теледидар бар.

Сүре сіңген санасына даналық бар қартында,

Балалық бар ешбір айырбасталмайтын алтынға.

Әрбір күні мерекесі өнегеге айналған,

Һәм бірлігі берекесі керегеде байланған.

Әке ұлылығының тура сөзі бар,

Ана жылылығының тұнба көзі бар.

Бес баланы еш майыспай тік тербеген бесік бар,

Кеш болса да құлыптанбайтын, бәріне ашық есік бар.

Мұражайға қойылмаған тірі алтын адам бар,

Және осыны жазып шыққан сиясы көк қалам бар.

Бары тағы тіршілігі,

Болмысы сол баяғы,

Міне, осындай біздің үйдің, ізгі күйдің бояуы.

 

Жандауыс

– Неге түнде басады ой тұманы?

– Ұлы сөздер тек үнсіз айтылады.

– Неге көктем демедік атқан күнді?

– Бұзу оңай болмады таптаурынды!

– Неге бәрің жатсыңдар, өзгесіңдер?

– Маңыздысы – кездейсоқ кездесулер.

– Неге бақыт адамнан көп үркиді?

– Бұзбашы мерекелік көңіл-күйді.

– Неге ғашық болуды қаламайды?

– Махаббат ұлыларды да жаралайды.

– Неге маған қимайсың бұлақ суын?

– Үлкей, бірақ, қартайма, сұрақшылым!

– Неге жауап алмайды сұрағандар?

– Сәл біртүрлі келеді ұлы адамдар.

 

Жиенқұм жыр 

(ауылға арзу) 

Мен бұтаңнан бүршік жарған киеңмін, 

Нәрі сенсің толық жүйке-жүйемнің. 

Жығылсам да, қуансам да соңында, 

Саған келіп сүйендім. 

Сені аңсадым алтын ауыл – Жиенқұм! 

 

Сыйладың сен ұлыңа таң шапағын, 

Жоғалтпадың мейірімнің мақамын. 

Алашадай ауылым – 

Ғаламшардай Отаным. 

 

Жеті ойымды жеті жырға тарқаттым, 

Бастауы сен мендегі арман алқаптың. 

Ойындағы ақымағы ем әжемнің, 

Бойындағы жапырағы ем жантақтың. 

 

Жауабымын жүрегіңде жұмбақтың, 

Бояуымын кілеміңде сырмақтың. 

Балалықты асығыммен ұрлаттым, 

Өзіңдегі өзенменен бірге ақтым. 

 

Көңілімде көктем қалды, көш қалды, 

Алғаш сенде танып білдім аспанды. 

Ұнату да, 

Сағыну да, 

Сүю де, 

Сол аспанға қарауымнан басталды. 

 

Әрбір ұлың дүр десе де болады, 

Әрбір қызың үр десе де болады. 

Жанарыңды күн десе де болады, 

Тікеніңді гүл десе де болады, 

Есігіңді ілмесе де болады. 

 

Алаңдатса ертеңгісі жиі елдің, 

Сын сағатта саған келіп сүйендім. 

Қасиетіңнен айналайын жыр дала, 

Құдіретінен айналайын киеңнің!

 

Не киюге болады?

Өзгертейік аздап тағы сананы,

Осы күні қандай заттар бағалы?

Театрға не киюге болады?

Кездесуге не киюге болады?

 

Айтпады оны жолдасына бір кісі,

Айтпады оны құрбысына құрбысы.

Айтпады олар, себебі тым ерекше,

Бүгінгі сән үлгісі.

 

Бақыттымын деп өмірде ойлаңыз,

Алдамайды ешқашан да айнаңыз.

Жібек, бархыт шарф емес,

Мойныңызға кемпірқосақ байлаңыз.

 

Жұлдыздарын жақты сізге жақұт түн,

Мәртебелі, бақыттым!

Сағат емес қолына,

Өзін тағып алғандар бар уақыттың.

 

Тауып берер жаныңызға миятты,

Өмір өзі үлкен дүкен сияқты.

Белбеу емес былғарыдан жасалған,

Беліңізге тағыңыз ар-ұятты.

 

Жаңғыртайық тағы да біз сананы,

Саналының бақ жұлдызы жоғары.

Махаббат ол қалың, жылы күртеше,

Ғашығыма шешіп берсем болады.

 

Алуан түске алданамыз жиі біз,

Бір қалыпта қалмас көңіл-күйіміз.

Сабырлылық галстугтың орнына,

Жейде орнына мейірімді киіңіз.

 

Барлығына сенейін,

Тағы сізге не айтайын, не дейін?

Қымбат емес бұл бағалы бұйымдар,

Қаласаңыз тіпті, тегін берейін.

 

Айтпады оны жолдасына бір кісі,

Айтпады оны құрбысына құрбысы.

Қарапайым осылар,

Өзгермейтін өмірдің сән үлгісі!

 

Бесеу

Бастан бірдей көктем, жаз, күз кешерміз,

Солай аңсап, сағынып жүздесерміз.

Енді мені жалғыз деп ойламаңыз,

Енді жалғыз емеспін!

Біз – бесеуміз!

Біз – бесеуміз!

Ешкімнен арланбаймыз,

Сәбидей қиялдаймыз, армандаймыз.

Бірімізге біріміз қас болмаймыз,

Бірімізге біріміз жау болмаймыз.

 

Жат қылмайды ешкімді бұл ұямыз,

Бесеуіміз біртұтас дүниямыз.

Біз осылай жылаймыз қуаныштан,

Біз осылай қайғыдан жымиямыз!

 

Бұл жерде жоқ жауын да, жоқ дауыл да,

Менің бөлмем мейірбан мәрт бауырға.

Ойламаңыз жалғыз деп біз – бесеуміз:

Мен және төрт қабырға!

 

* * *

Жазықсыз мені кінәламаңдар,

Тұрса да, мейлі, тосып дүбірлер.

Ешқашан мені сығаламаңдар,

Есігімді әркез ашып кіріңдер.

 

Көңілден кетсе көктем келер ме?

Қалғандай мұңға бекініп кеуде.

Амал не күлген бетперделерге?

Амал не тәтті өтіріктерге?

 

Ойға тарылтпа кең пейіліңді,

Жүрсең де мейлі уақытқа кері.

Сөз сыйлаңдаршы ең мейірімді,

Кез сыйлаңдаршы бақытқа толы.

 

Жүрегің сені тыңдамаса егер,

Ғасырлар бойы сағына алады,

Көңілің мені шын қаласа егер,

Жарты секундта тауып алады.

 

Мән берме көзді байлаушыларға,

Соңында жүрек қосылар жері.

Сен мені жалғыз ойлаушы болма,

Өзіңмен ғана есіңе ал мені!

Пікір қалдырыңыз