ТАЙҚАЗАН

Исраил САПАРБАЙ
Ассалаумағалейкум, Тайқазаным,
Салмағы сары алтынға сай қазаным!
Елжіреп ет-жүрегі сен дегенде
Көзіне жас алмайды қай қазағым?!
Көзіне жас алмайды қай мұсылман,
Қаймыққан қам көңілі қайғы сұмнан...
Қолымыз саған жетпей қор болдық-ау,
Заманда зымыранын Айға ұшырған.
Өзіңді кімдер кеше жоқтамады,
Халіңнен хабар-ошар тоқтағалы?
Қазансыз қара ошақтың қаңыраған,
Орнында өшіп-бықсып от қалады...
Орныңда сен болмасаң, Бас қазаным,
Қазақтың кім бағады қас-қабағын?
Әр аңыз ақиқатқа айналсын деп
Бабамыз жазып кеткен тасқа Заңын!..
Күңіреніп күллі Түркі шаңырағы,
Қанша жыл орның босқа қаңырады?..
Қазанын көрінгенге бере берсе,
Қазағым санын әлі сан ұрады!
Ежелден Қазан – Қазақ егіз негіз,
Тең келер екеуіне ел іздеңіз!!!
Даланы от басында көзбен шолып,
Баланы от қасында емізгеміз.
Жекпеді тағдыр бізді қай қиырға,
Көргенбіз неше түрін қайғының да...
Қанша жыл Эрмитажда қаңсып тұрдың,
Айналып қатардағы жәй бұйымға.
Берекем сен екенсің,
Кеш біліппін.
Ес жиып,
Кеш те болса көшке іліктім.
Екінші өмірі енді басталғандай
«Екінші Мекке» деген ескі жұрттың.
Кезінде босқа өртеніп,
Босқа күйдім...
Келмейді енді басты басқаға игім!
Түркінің Түркістанда Туын тіктік,
Күмбезін жарқыратып Ясауидің!!!
Қаратау сілкіп қалып қырау басын,
Көгімде көктем құсы тырауласын.
Үш жүздің үш алыбы қайта оянып,
Аруағы Абылайдың бір аунасын!
Тапқалы, Тайқазаным, тұрағыңды,
Қасыңа қатар қойдым Құранымды.
Түркістан – түркі елінің тұмары ғой,
Жоғалтып алмайыншы Тұмарымды!..