Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды

Елбасы әрбір мақаласында, әрбір сөйлеген сөзінде халықты масылдық пиғылдан арылуға шақырып келеді. Өйткені, жалқаулықтың көсегені көгертпейтіні анық. Біле білгенге ауылда тұнған береке жатыр. Бау-бақша егесің, мал ұстайсың. Қазір ауылдағы ағайынның психологиясы қайда өзгерген, күні-түні тырбаңдап еңбек етіп жүрген біреу. Сондай еңбекқор азаматтардың бірнешеуін мысалға келтіре кетсек...
Табыс көзі – қам кірпіш
Қайырбек Әнуарұлы Құдайдың берген 5 перзентін ауылда жүріп-ақ қатарынан кем қылмай өсіруде. Біреуден дәметіп, жақындарына алақан жайып, босқа қиялданған кезі жоқ. Бұрнағы жылы бірнеше жыл қатарынан ауылдың сиырын, одан кейін қойын бақты. Оған еш намыстанған жоқ. Ол да болса табыс көзі. Кейін Үкіметтің демеуінің арқасында мал сатып алып, бала-шағаның аузы аққа тиді. Арасында келіншегі қаймағы мен айранын, сүтін сатады. Ал, өзі кірпіш өріп, сылақ сылап ақша тапты. Іргетас құю, шатыр жабу, еден салу секілді үй тұрғызудың үлкенді-кішілі жұмыстарының ешқайсысынан қашқан емес. Қол қусырып қарап отырғанға кім ақша береді? Кейін жары Жадырамен ақылдасып, өз ауласынан кірпіш құюға кірісіп кетті. Күніне 300-500 кірпішке дейін құяды. Әйелі, балалары көмек береді. Оның әрқайсысын 25 теңгеден сатады. Кірпіш далада қалмайды. Жазда үй салатындар көп. Клиенттер өздері келіп, «КамАЗ-ға» тиеп алып кетіп жатыр. Жағдайы келмей тұрғандарға қарызға беріп, қайыр қылады. Содан отбасының ырзығын айырып, қысқа қамдарын жасап алады. Болып жатса қыста жалданып жұмыс істеп, тағы да тиын-тебен табады.
Бәрі самса сатудан басталды
«...Бұл кәсібімізді бастарда 5 мың теңге ғана ақшамыз болған...» дейді Бағираш апай сол күндерін күліп еске алып.
– Түлкібастың табиғатын, ауасын ұнатып, сонау Қызылорда өңірінен 6 жыл бұрын көшіп келгенбіз. Қызымда да, өзімде де жұмыс жоқ. Басында абдырап қалдық. Қызым қолынан келген жұмысты істеп, пәтер жалдап тұрдық. Ол колледж бітіргенімен, тұрмыс құрып, балалы болып, біраз жыл жұмыссыз жүріп қалған соң дипломы күйіп кеткен еді. Сонымен тәуекелге бел буып, орталықтан дүңгіршек жалдап, самса, бәліш саттым. Қызым жәрдем берді. Сөйтіп жұмысымыз жүре бастады... – деп әңгімесін әрі қарай сабақтады.
Содан кейін Бағираш апай аудан орталығынан шағын асхана ашыпты. Айына арендасына 20 мың теңге төлейді. Шай-сусындары, балмұздағы, бәліш, самса, мұздай көжесі әп-сәтте өтіп жатыр. Мұнан бөлек тойлардан тапсырыс қабылдап, 200-300 самса, котлет пісіріп береді. Әлі зейнет жасына жетпеген апайымыз күнкөріс көзін осылайша тапқан. Жалғызбасты ана ретінде тұрғын үй кезегінде тұр. Көп кешікпей алып қалармыз деген үмітте.
Шебердің қолы ортақ
Құлан ауылында 2003 жылы Қарақалпақстаннан көшіп келген Зәуреш Омарова деген еңбексүйгіш келіншек тұрады. Зәуреш те жарымен бірге өз арбаларын өздері сүйретіп жүрген жандардың бірі.
«Алғашқы келген жылдары, рас, қиындық көрдік. Күнкөріс оңай болмады. Аядай тапал тамда 4 баламызбен әрең күнелтетінбіз. «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» деген бар емес пе?! Қолымыздан келетін істі жасап, нәпақа айыра бастадық. Бес жыл қатарынан пияз ектік. Кейінірек күйеуім құрылыспен айналысса, мен тандырға нан жауып саттым. Арасында ауыл ішіндегі той-томалақтарда палау басып, самсамызды саудаладық. Ауылдың кеңпейіл халқы еңбегімізді адал бағалап, ықыластарын танытты. Енді қыздың жасауы, келіннің көрпе-төсегіне тапсырыс ала бастадық. Жасыратын несі бар, арасында Қызылордаға барып, қаймақ, құрт сатып келемін. Жолдасым Қуат болса үлкен баламызбен бірге «КамАЗ» жүк көлігімен алыс сапарға шығып, нәпақа тауып қайтады. Шиеттей 5 баланы асырау оңай емес. Балалар өскенше өзімізге үй салып алдық. Жақында келін түсірдік. Мына заманда әрекетсіз отыру жарамайды» дейді кейіпкеріміз.
Зәуреш апай бүгінде қайынсіңлісі Палмираға көмектесіп жүр. Ол да ісмер. Көрпе тігіп, онысын 800-1000 теңгеден, перде, шымылдықтарды 2000-5000 теңгеден сатады. Жаңадан шыққан сәнге сәйкес перденің жоғарғы жағына ою салады. Кейіпкерлеріміз өздерін жұмыссызбыз деп санамайды. «Әрекет түбі – берекет» деген осы шығар.
А.СҮНДЕТОВА. Түлкібас ауданы. Суретте: Зәуреш Омарова.