НҰРҒАЛИ ДОС

  Дос сөзі қазақта көп айтыла бермейді. Оның өзіндік себебі де бар. Дос көп емес. Сен үшін ол ерекше адам. Ол жүрегімен, ықылас-пейілімен саған шын сенген адам. Ал, жолдастар көп. Бірге оқыған жолдастар, бірге қызмет істеген жолдастар, сыйласқан жолдастар. «Жолдас» деген сөзді түбірге бөлсе, «жол» және «дас» болып бөлінеді. Осының «дас» дегені «дос» сөзінің өзгерген түрі.

 

Нұрғали маған жолдас болумен қатар дос еді. Біздің жастық шағымыз ауылда, ауылда болғанда да мына Отырар ауданындағы Шілік, Ақтөбеде өтті. Бұл жердің көне заманнан басталып, жалғасып келе жатқан ғажайып тарихы бар, текті ұрпақтың тұяғының ізі үзілмеген құнарлы өлке. Ауыл іргесінде менмұндалап сол көне заманның көзіндей боп Бұзық төбе, Ақтөбе, Мергенбай төбелер тұр. Бұзық төбе V ғасырда қалаға айналған. X ғасыр деректерінде Бузұқ (оғыздардың ру атауы), кейін Бузоқ (оғызша оң жақ), ал, XV ғасырдың бас кезінен Шілік деп аталған.

Нұрғалидың туған жері – Мергенбай төбе маңы. Ол дүниеге келген 1938 жыл ұжымшарлар жаңадан ұйымдасып жатқан аласапыран мезгіл болатын. Мал бағу, егін егу жайымен шашыраңқы отырған ел бір жерге көшіріліп, ұжымшарлар ұйымдастырылды. Бұзық төбе маңынан басталып Мергенбай төбеге дейін қазылған жаңа арықтың бойында «Ақтөбе», «Жаңа арық», «Крупская» және «Интернационал» ұжымшарлары дүниеге келді.

Нұрғалидың әкесі Сарыпбек молда да ұжымшарға мүше болып кірді. Ол кісі діни сауаты мықты, Құран мен тәпсірді, хадис пен сунна ілімдерін жетік меңгерген, өз заманының білімді адамдарының бірі болатын. Ұстамды, аз сөйлейтін, пайымды кісі еді. Құран аяттарын оқығанда дауыс ырғағы, оқу мәнері, үнінің әуезі құлаққа жағымды естілетін. Тыңдап отырған көпшілік Құранға ұйып, ерекше әсерге бөленетін. Қариялар «Сарыпбек молда Құранды қоңыр үнмен әрі жүрекке жылы тиетін дауыспен қырағаттап оқиды, оның алдына Есжанның Сейтжанынан өзге ешкім түсе алмайды» дейтін. Ауылда Құран оқуда қырағаты күшті Сейтжан болатын. Оның әуезді даусына елтіген қариялардың көңілі босап, егіліп отырғандарын талай көрдім. Әкесінің сұлу әуезі Серікжанда бар.

Молда Сарыпбек – жеті атасынан бері медресе ұстап, бала оқытып, білім қайнарын шәкірт бойына сіңіріп келе жатқан текті кісі. Бабасы Бердісүгір білім шыңына жеткен, заманында абыз дәрежесіне көтерілген. Жалпы, Шілікте ислам дінінің тіні еш үзілмеген. Оқымысты кісілері көп болған. Құлымбет кәлпе, Меңлібай қажы, Айымбет кәлпе өмір сүрген өлке бұл.

Сарыпбек алғаш сауатын әкесі Айымбет кәлпенің медресесінде ашады. Кейін Ташкенттегі Ниязбек медресесінде, Самарқан мен Бұхара медреселерінде білімін жетілдіреді. Ұжымшар құрылған соң медреселер жабылып, қоймаға айналды. Біздің балалық шағымыз мейір-шапағаты мол, үлкені тұрып кішісі сөйлемейтін, келіндері үлкені мен ер кісілердің алдын кесіп өтпейтін, келіспеген мәселесі болса қарияларға жүгінетін, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсететін иманжүзді, қарапайым жандардың ортасында өтті. Ауылдың аталары мен әжелері ұлдың да, қыздың да кемшіліктерін бетіне айтып, жөнге салып отыратын. Өмірден көрген-түйгендері мол осы орта біз секілді ауыл балаларын имандылыққа, адамгершілікке, бауырмалдылыққа, қазақылыққа, білімге ұмтылуға баулыды. Нұрғали осындай текті әулеттің жалғасы ретінде өнегелі әкенің тәрбиесінде өскен еді.

Қыпшақ қауымы бірнеше тайпаға бөлінеді. Нұрғали Қыпшақтың Бұлтың атасынан, ал, анасы Қыпшақтың Құлан атасынан тараған. Шілік жерін жайлайтын Қыпшақтың саны көп атасының бірі осы Құландар. Нұрғалидың анасы Құлан Сарыбайдың қарындасы болатын. Сарыбайдың ер баласы болмаған. Ол кісіден екі қыз қалды. Үлкені Төлтай Түркістанда тұрады. Мектеп қабырғасынан Нұрғалидың тектілік мінез-құлқы оның жүріс-тұрысынан, асықпай, орнымен сөйлеуінен, кісіні өзіне жақын тарта білуінен аңғарылып тұрар еді. Осы қасиеті есейе келе жетіліп, айқындалып, дамып, оны ел қамын ойлайтын азамат деңгейіне көтерді.

Екеуміз бала кезімізден жақын болдық. Бірге оқыдық. Мергенбай төбенің батысындағы Нұрғалидың үйіне барғаным есімде. Қоржын там. Төбесі қамыспен жабылып, үстіне топырақ тасталған. Түнде масадан қашқан екеуміз тамның төбесіне жаттық. Сол жолы оның әкесі мен анасын көрдім. Әкесі орта жастағы ұзын бойлы, жарасымды сақал қойған сары кісі екен. Анасы да реңді сары әйел.

Нұрғали да, мен де Ташкент шаһарындағы Орта Азия политехникалық институтына оқуға түстік. Ол механика, мен энергетика факультетіне. Осы қалада жастық шақтың сайран күндерін бірге өткіздік. Оқуды жақсы бітірдік. Елге оралған соң ол Шымкенттегі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бөлім басшысы болып қызметке орналасты. Кейіннен Қазығұрт ауданындағы Шарапхана автокөлік кәсіпорнында, Шымқаладағы №2 автокомбинатта, №2580 автоколонна кәсіпорындарында басшылық қызметтер атқарды. Содан кейін ұзақ жылдар бойы облыстық «Казсельхозтехника» бірлестігі директорының орынбасары лауазымында жемісті еңбек етті. Ол қызмет атқарған қай мекеме болмасын облыста ерекше орны бар, шаруашылықтың өзекті мәселелерін шешетін маңызға ие кәсіпорындар болатын. Нұрғалидың тектілік тұлғасы, терең білімі, адамгершілігі, мейірімі осы жұмыстарда жарқырап көрініп, өз ортасында сый-құрметке ие болды, ұжымның ақылшы ағасына айналды. Тағдыр екеумізді қайта табыстырды. Қызмет бабымен Шымкентке ауысып келсем, ол осында екен. Бұл біздің есейген, үйлі-жайлы болған кезіміз еді.

Зейнетке шыққаннан кейін Нұрғали өзін жаңа қырынан танытты. Отбасы ақылшысынан, әулет ақсақалынан ел ағасы дәрежесіне көтерілді. Оған оның тектілік тұрқы, ұлттық салт-дәстүрге қанық болуы, ел мен жер тарихын терең білуі көмектесті. Ол ата-баба шежіресін жинақтап, қазақ тарихының бұралаң кезеңдерін дендей зерттеп, өткен тарихтың көмулі қазынасын аршуға талаптанды. Осы бағытта көп ізденуіне тура келді. Бармаған жері, баспаған тауы қалмады. Архивтердегі сарғайған қағаздарға шұқшия үңілді. Қазақ шежіресімен, тарихымен айналысатын мекемелерді жағалап, саланың майталман зерттеушілерімен сағаттап әңгіме-дүкен құрды.

Оның алдына қойған мақсаты «92 баулы қыпшақтың» әр атасына арнап шежіре кітап жазып қалдыру еді. Нұрғали соның алғашқы қадамын жасады. Көп жылдық ауыр еңбектің нәтижесінде «Бұлтың ата ұрпақтары» деген 950 беттік шежіре-тарих кітабы дүниеге келді. Бұл кітап қазақ жерін мекендеген Бұлтың атаның көне аталары мен бүгін жер басып жүрген ұрпағы арасындағы туыстық байланыстың берік жібін жалғады. Мұндай іргелі еңбек жазу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ал, Нұрғалидың қолынан келген себебі, ол кісінің бойында сол өткен аталарға құрмет, қазіргі ұрпаққа деген туысқандық сезім мен азаматтық рух қатар өріліп жатты. Осындай ғажап қасиеттер бойынан молынан табылған Нұрғали сияқты азаматтар ғана үлкен шаруаны атқара алады. Бұдан бөлек жер тарихы, ел тарихы туралы, тағдыры бұрмаланған Қажымұқан бабамыз туралы тамаша мақалалары газеттерде жарияланды.

Екі кісі шынайы сыйласа білсе, сол біз едік. Бірде туысқан боп, енді бірде нағашы-жиен боп, қатар-құрдас боп, қимас дос ретінде де жақын араластық. Менімен бірге оқыған, бірге қызмет істеген достарымның көбі Нұрғалидың да жақын достарына айналды. Өкініштісі, бүгінде сол көп достарымыздан ілуде біреуі ғана қалыпты. Уақыт дөңгелегі тынбай айналып, өз дегенін істеген екен. Қайран, достар...

Бүгінде Нұрғалидың өзі арамызда болмағанымен, артында елі мен жұрты, ағайын-туысы, өзінен өрген бір қауым ұрпақтары қалды. Оның өнегесін көріп өскен кейінгі толқын жас буын бір істі бастарда Нұрғали болып ойланады, Нұрғали болып әрекет етеді. Демек, бұл Нұрғали достың бекер өмір сүрмегені ғой...

Сағындық ҚЫДЫР. Отырар ауданы.

Пікір қалдырыңыз