«Түркістандағы тайқазан»

Елбасының Түркістан қаласын облыс орталығы етіп белгілеу жөніндегі Жарлығы шығысымен-ақ қасиетті мекенде көптеген игілікті жұмыстар басталып кетті. Соның ішінде рухани әлемге терең көңіл бөлу де естен шыққан жоқ. Түркістан – тарихқа өте бай қала. Оның шежіресін айтып та, жазып та тауысу мүмкін емес. Десек те, жан-жақтан келуші туристерге, қонақтарға тарыдай болса да тың мәлімет беру керек-ақ.
Міне, осыны басшылыққа алған «Нәзір Төреқұлов» халықаралық қайырымдылық қоры «Түркістандағы тайқазан» атты жинақ шығарды. Бұл кітап тайқазанның таңғажайып құпияларын ашады. Әмір Темір соқтырған әлемдегі ең алып қазанның кезінде Санкт-Петербург қаласындағы Эрмитажда 54 жыл бойы тұрғаны белгілі. Оны өз тұғырына қайта қондырудағы түрлі кедергілер мен қиындықтар турасында да кітапта жан-жақты баяндалады.
Тайқазанды Әбділ Шарафутдин Тебризи атты шебер құйған. Оның парасатты ойының тереңдігі, астрономиялық өлшемдерінің дәлдігі, бейнелеу өнерін шебер меңгергені анық танылады. Тайқазанда Құранның «Тәубе» сүресінен және Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың хадистерінен үзінділер әдемі өрнектермен айшықталып салынған.
Жинаққа ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының құрметті академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбдіжапар Сапарбаев пікір жазған. Ал, кітапты құрастырып, баспаға ұсынған қарт қаламгер Нұрмахан Назаров.