Үрмелi аспаптар Шымкенттiң бет-бейнесiн айқындауы тиiс

  2010 жылдың 18 наурызында Елбасы Н.Назарбаев Шымкент қаласына сапарында Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның жаңа ғимаратының ашылу салтанатына қатысты. Сол тұста мен филармонияның директоры қызметінде болатынмын. Елбасы Сүгір атындағы ұлт аспаптар оркестрінің концертін арнайы тамашалады. Оркестрдегі 16 домбыра мен 8 қобыз, ұрмалы аспаптар (литавра), баян, флейта, қылқобыз, контрабас, бас қобыздың әрқайсысының дыбысына мән беріп, соның ішінде литавраның дыбысына ерекше назар аударды. Өйткені, саз аспабы Қытайдан сатып алынған пластиктен жасалған дүние болатын. Бас дирижер Есіркеп Жолдасовтың (марқұм) сол қолымен домбыраның дыбысын (P пиано) баяулатып, оң қолымен қобыздың дыбысын (f forte) көтеріңкі ойнауын талап етіп тұрғанына назар аударған Нұрсұлтан Әбішұлы «дирижер оркестрдің балансировкасын өте шебер ұстап тұр» деп риза болып, оның кім екенін, қай жерде білім алғанын сұрады. «Бұл кісі атақты композитор Нұрғиса Тілендиевтің шәкірті Есіркеп Жолдасов болады» дегенімде, үлкен кісі орнынан тұрып барып дирижердің қолын алды. Сосын кеуде тұсымдағы аты-жөнім жазылған бейджикке қарап, «Сайлаубек, тағы қандай дайындаған күйің бар?» деді де, менің жауабымды күтпей-ақ оркестрге қарата «Сарыарқа!» деді дауыстап.

 

Дирижердің таяқшасын сермеуімен оркестр лезде Құрманғазының «Сарыарқа» күйін бастап кетті. Көз алдыңа туған жеріңді, кең-байтақ дарқан далаңды әкелетін күй құдіретіне елтіген үлкен кісі залда отырған ардагерлерге бас бармағын көрсетіп «тамаша!» дегенді білдірді. Ол кісінің кәсіби маман болмаса да музыканы талдауы, түсінуі, оркестрдің құрамын жетік білуі бізді таң қалдырды. Сол жолы Президент:

– Дәстүрлі әндер мен күйлерді, терме өнерін төрге шығарыпсыңдар. Ұлт аспаптар оркестрінің деңгейі жақсы екен. Ендігі мақсат еуропалық музыкалық аспаптарды жетік меңгеріп, әлемге Шымкент қаласын таныту керек, – деді.

Бүгінде Шымкент қаласы республикалық деңгейдегі ірі мегаполиске айналды. Елбасының өзі атап көрсеткендей, дамыған елдермен бәсекелес болу үшін ендігі жерде біз тез арада симфониялық оркестр құруға тиіспіз. Ол үшін скрипка, виолончель, контрабас, альт, арфа секілді ішекті-ысқыш аспаптарда; труба, валторна, туба сияқты үрмелі жез аспаптарда; кларнет, гобой, флейта, фагот (Е (есный), А (айный), В (вейный) строй) деген үрмелі ағаш аспаптарда ойнайтын кәсіби мамандар даярлауымыз қажет. Яғни, бұл дегеніңіз Шымқаладан Алматыдағы А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернаты мен К.Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған мектеп секілді оқу орнын ашуға тиіспіз дегенді білдіреді. Ең бастысы, мұндай білім ұяларында жеткіншектерге консерватория мен музыка академиясын бітірген кәсіби мамандар сабақ бергенде ғана біз көздеген мақсатқа жете аламыз. Мұндай жағдайда музыкалық жағынан терең білім алу үшін қала балаларының да интернатта жатып оқуына тура келеді. Өйткені, олар ештеңеге алаңдамай, жоғарыда келтірілген саз аспаптарында күн сайын алты-жеті сағат бойы дайындалып, шеберліктерін шыңдауы тиіс. Сол мектептерде симфониялық оркестрлер құрылып, репертуарына әлемдік музыка жауһарларын енгізуі керек. Сонда ғана дарынды балалар кішкентайынан әлемдік музыканы бойларына сіңіріп, жан дүниелері рухани бай, шебер орындаушы болып шығатынына сенемін. Осы ойымды №1 арнайы музыка мектебі басшылығына айтқанымда «Сәке, сіз дұрыс айтып отырсыз. Бірақ, біздің жұмысымызды музыкадан хабары жоқ химик, биолог секілді мамандар тексеретіні қиын. Оларға саладағы өзекті мәселелерді қалай түсіндірерсің?» деген жауап естідім.

Симфониялық оркестр керек дегенді бекер айтып отырған жоқпын. Кезінде Шымкенттің өзінің музыкалық кескін-келбеті болған. Атақты саксафонист Фирцев бастаған Василий Агапов, Олег Давыденко секілді музыканттар, тіпті Мәскеу тыңдармандарын мойындатқан. Шымкенттің үрмелі аспаптар оркестрі өте мықты болатын. Қолдау болмағандықтан қазір олар аздап тоқырап тұр. Егер үрмелі аспаптар оркестріне сазсырнай, сыбызғы, үскірік, шаңқобыз секілді қазақтың ұлттық үрмелі аспаптарын қосатын болса, керемет оркестр жасақталып, Шымкенттің бет-бейнесін айқындайтын өнер ұжымы дүниеге келетін еді. Өткен ғасырда орталық саябақта, мәдени орындарда үрмелі аспаптар оркестрінің классикалық шығармаларды ойнап тұратынын аға буын өкілдері әлі де есінен шығармаған болуы керек. Сондай-ақ, 2007-2008 жылдары Өмірзақ Шөкеев облыс әкімі болып тұрғанда өзі де саксафонда өнер көрсетіп, үрмелі аспаптар оркестрін қайта қалпына келтіру бағытында қызу тірліктер жасалды. Америкадан атақты саксафонист Игорь Бутманды шақырып, екі жыл қатарынан бик-бенд фестивалі өткізілді.

Әрине, біз қазақтың дәстүрлі ән өнерін құрметтейміз. Дегенмен, опера, эстрада, джаз, рок секілді бағыттарға біз де өз үлесімізді қосуға тиіспіз. Бұл бағыттардың әрқайсысының өз тыңдарманы бар. Яғни ұлттық бояуымызды сақтай отырып, әлемдік өркениетке қол созуға талпынуымыз керек. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған рухани жаңғыру, жаңару дегеніңіздің өзі осы болса керек. А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның түлегі, Шымкент қаласының патриоты ретінде менің осы ұсынысым қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтан қолдау тапса деймін.

Сайлаубек ЖАҚСЫБЕКОВ, ҚР мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ХГТУ профессоры.

Пікір қалдырыңыз