Тұрақты тіркес – көркем шығарманың өзі

  Халық тілінде талай інжу-маржан өрнектер бар. Сол өрнектердің ішінен қара өлең, мақал-мәтелдерді, тұрақты тіркестерді ерекше бөліп атар едік. Енді осылардың әрқайсысына қысқаша тоқталып өтсек. Меніңше, прозаның шыңы – мақал-мәтелдер, тұрақты тіркестер болса, поэзияның құзар шыңы – қара өлең.

Бір қарағанда әжелеріміз ауылдың алты ауызы ретінде айтып отыратын қара өлең ескіліктің қалдығы болып көрінуі мүмкін. Ой көзімен қарасақ, мүлде олай емес. Мысалы, мына бір шумақты талдап көрейік:

«Алма ағаштың гүліндей-ау,

Текеметтің түріндей-ау.

Өтіп дәурен бара жатыр,

Сіз бен бізге білінбей-ау».

Алғашқы екі жол жай ұйқас үшін ғана алынған сияқты көрінуі кәдік. Бірақ,

Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиеттанытқышта» дүниені екіге бөледі: 1. Жаратылған дүние; 2. Жасалған дүние. «Алма ағаштың гүлі» жаратылған дүниеге жатса, «текеметтің түрі» адам қолынан шыққан өнер дүниесіне жатады. Өлеңнің «Алма ағаштың гүлімен» басталуы да әділетті. Әділет – әрнәрсенің өз орнында тұруы болса, бұл – әрі сұлу, әрі әділетті өлең. Осылай жүйелеп келіп, адамзат баласына дәуреннің «білінбей өтіп бара жатқанын» ескертіп қоюы шын һәм сұлу шыққан. Қаншалықты әдемі болғанмен алма ағаштың гүлі бір күні солады, текеметтің түрі оңады, білінбей өтіп бара жатқан дәурен де сол. «Тас бұлақтың суындай сылдырап тұр» деген осындай-ақ болар.

Қара өлеңнің осы қасиетін Мұқағалидың да тап басып танығаны таңқалдырады. Артына өлмейтін өлеңдерін қалдырған Мұқаң:

«Ақынмын деп мен қалай айта аламын,

 Халқымның өзі айтқанын қайталадым.

Күпі киген қазақтың қара өлеңін

Шекпен жауып, өзіне қайтарамын» дейді. Осы шумақ арқылы ол өзінің ақындық лабораториясын ашып отыр. Негізді қайдан алғанын, арқасын неге тірегенін айтып отыр. Ол – «қазақтың дәл өзіндей қарапайым» қара өлеңі. Сол кезеңде (қазіргі кезде де мәз емес) қоғамға үлгі ретінде танылған, бастауын Грек-Рұмнан алған орыс әдебиеті өзі үшін табан тірер негіз емес екенін ақын былайша өрнектейді: «Қалқам, мен Лермонтов, Пушкин де емен, Есенинмін демедім ешкімге мен». Мұны да түсіне білген, ұға білген жөн дүр! Қара өлең өрнектері осылайша інжу-маржанын шаша береді. Тек ала білуге жарасаңыз болғаны.

Кейде бір мақалдың арқалаған жүгін бір кітап көтере алмай жатады. Мақалды да кезінде бір адамның шығарғаны анық. Авторы ұмытылса да, сөзі өлмегені – сол сөздің сафтығының ең зор дәлелі. Асқар Сүлейменұлы «Шашылып түскен тіркестерінде»: «Сөйлемдегі өмір мен сөйлемнің өмірі бірікпегесін – тірі тіркес тумайды. Өмірдің тамыр солқылы мен сөйлемнің тамыр солқылын лингвистикалық проза ғана қоса алады» деген. Мақалда осы екі өмір де (сөйлемдегі өмір мен сөйлемнің өмірі) қапысыз беріледі.

Әдебиеттанушы ғалым Ақжол Батырұлы «Әдебиеттану ғылымына кіріспе» атты еңбегінде: «Көркем шығарма – әдебиеттің өмір сүру формасы. Қысқа түрдегі мақал-мәтелдер мен фразеологизмдерден бастап «Алпамыс батыр» жыры, яки М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы да көркем шығармаға жатады» деген. Тағы да «Қазақ сөзінің сондай негіз болған сүйекті бөлігі – фразеологизмдер. Фразеологиялық сөздер – қазақ тілінің қаймағы, сығынды сөлі. Бұл – шын мәнінде біздің ғалымдарымыз қарастырып жүргендей, тек тілге қажетті өлі материалдар емес, нағыз әдеби шығармалар. Бұлар – тіл қазынасы һәм әдебиеттің қайнар бұлағы. Фразеологизмдер – көркем бейнелер ордасы, даналықтың маржандай тізіліп, хатқа түскен түрі, өнердің асқан үлгісі» деп жоғары баға береді. Демек, тұрақты тіркес дегеніңіз – көркем шығарма біткеннің ажарын ашып, көркін кіргізер құнды деталь ғана емес, көркем шығарманың дәл өзі. Фразеологиялық тіркестер дегенде іш пен сырттың қапысыз жымдасқан жақұт жолдар елестейді. Бұл тұрақты тіркестерге тән тағы бір ерекшелік. «Іші – алтын, сырты – күміс» деген осындай-ақ болар. Сыртқы мінсіз форма мен ішкі сыры ішке бүгілген терең мазмұн. Тұрақты тіркестің мәнін тілді терең түсінбейтін адамның ұға алмай жататыны содан. Мұнда мағына күміс оймен көмкеріліп беріледі. Сонымен қатар кейбір тұрақты тіркестердің артында шынайы суреттер, өмірлік жағдаяттар жатады. Мысалы, жас ақын Батырхан Сәрсенханның мына өлең жолдарына мән берейік:

«Осып өтіп, тырнағы хас тарланға,

Қан аралас жанардан жас тамғанда».

Бізге керегі осы өлең жолдарындағы «қан аралас жас» деген тіркес. «Көзінен қан аралас жас ақты» тілде қолданылатын тұрақты тіркес. Жоғарыда «кейбір тұрақты тіркестердің артында шынайы суреттер, өмірлік жағдаяттар жатады» дедік. Ойымызды дәлелдеу үшін Л.Н.Гумилевтің «Алтайская ветвь тюрок-тугю» атты мақаласындағы қытай авторынан келтірген мына жолдарға назар аударып көрейік: «Тело полагают в палатке. Сыновья, внуки и родственники обоего пола закалывают лошадей и овец и, разложив перед палаткою, приносят в жертву; семь раз объезжают вокруг палатки на верховых лошадях, потом перед входом в палатку ножом надрезывают себе лицо и призводят плач; кровь и слезы совокупно льются». Мұнда ғалым таулы Алтайды мекендеген түрік тайпаларының адамды жерлеу рәсіміне байланысты дерек келтіріп отыр. Осы деректен біз жоғарыда келтірген тұрақты тіркестің айна-қатесіз суреті көрініп тұрған жоқ па?! Тағы бір мысал: қазақта «ақ киізге салып көтеру» деген тұрақты тіркес бар. Абай «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» деген мақаласында мынадай дерек келтіреді: «Қашан маңғұлдан Шыңғыс хан шыққанда, қазақтар «құтты болсынға» барыпты. Бірақ, қай жерде барғаны мағлұм емес, сүйтсе де осы Шыңғыс тауында, әскер Қарауыл өзенінің бойында жатып, он екі рудан он екі кісі манғұлдың өз заңы бойынша «хан» деген үлкен биіктің басында, ақ кигізге Шыңғысты отырғызып хан көтерген дейді. ...Сол он екі кісінің бірі қазақтан Майқы би деген кісі екен. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы — Майқы би» деген мақал болған. Майқы деген кісі сол екен». Бұдан тұрақты тіркестердің астарында талай астарлы мағына, талай сырлы тарих жатыр деген қорытынды шығаруға болады.

Осыдан он шақты жыл бұрын жол апатына ұшыраған бір танысымның: «Төбе шашы тік тұрды» дегенді өз көзіммен көрдім. Көлігіміз төңкеріліп, қайта қалпына келгенде қасымдағы жігіттің шашы тікірейіп кеткенін көріп еріксіз күліп жібердім» дегені есімде. Бұл да тұрақты тіркестерге байланысты бір байқағанымыз, дегенмен, барлық тұрақты тіркестердің ар жағында айна-қатесіз сурет тұрады деуден аулақпыз.

Тұрақты тіркестерді қолданған адам оны құрастырып отырмайды, қажет кезде сананың терең қатпарларынан алып, дайын күйінде қолданады. Ақиқатында құрастыра алмайды да. Осы орайда қазақтың аяулы ақыны Мұқағалидың:

«Сексен жасап сегіз сөз қалдырмаған,

Әлдекімнің тағдыры бұйырмасын»

деген жолдары ойға оралады. Расында, кейінгі жұрт айта жүрер сегіз сөз қалдыру – әркімнің маңдайына жазыла бермейтін бақ. Абайдың «Өлді деуге сия ма айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деген жолдарынан да осыны аңғарамыз. Сол өлмейтін сөздің бірі һәм бірегейі – тұрақты тіркестер. Теңіз суының дәмін бір тамшы суын татып-ақ білуге болады деген бар. Тұрақты тіркес – даналық дариясының меруерт тамшысы. Тұрақты тіркестерге тән ерекшеліктің бірі – оларды басқа тілге сөзбе-сөз аудару қиын яки мүмкін емес деуге де болады. Бұл тұрақты тіркестердің ұлттың болмысымен біте қайнасқан феномен екенін білдіреді.

Абай ҚАЛШАБЕК.

2 пікір

  • DR MALATHI
    DR MALATHI

    НАЗАР АУДАРЫҢЫЗ!!! WhatsAp +971545539609. Электрондық пошта: drmalathi91@gmail Telegram: +971545539609 MANIPAL HOSPITAL бүйрек трансплантаты үйіне қош келдіңіз. Қиындыққа тап болсаңыз, үлкен қарызды өтеу үшін ақша керек пе? Шұғыл қажеттіліктер үшін ақшаны қалай жинауға болады? Күте тұрыңыз, неге сіз бүйректі өте жақсы бағаға ($400 000) сатуды ойламайсыз, біріншісі операция алдында төленеді, себебі нақты донорға күмәнданамын, мен MANIPAL HOSPITAL Үндістандағы доктор Малатимін. Біз әлемнің кез келген бұрышындамыз. АҚШ, Малайзия, Жапония, Қытай, Греция, Түркия, Нигерия, Австралия, Аргентина, Бразилия, Ұлыбритания, Гана, т.б. ЕСКЕРТПЕ:- * Донор клиникалық сау болуы керек. * Ағзаларды беру үшін сізде В+ және О+ топтары болуы керек. * Донордың дене салмағы 35-тен кем емес. * Донор темекі шекпеуі және ішімдік ішпеуі керек. Сіз бізбен тәулік бойы байланыса аласыз, біз сізге жақсырақ қызмет көрсетеміз, бізбен хабарласыңыз WhatsAp +971545539609. Электрондық пошта: drmalathi91@gmail.com Telegram:+971545539609 Құрметпен доктор Малати

  • DR MALATHI
    DR MALATHI

    НАЗАР АУДАРЫҢЫЗ!!! WhatsAp +971545539609. Электрондық пошта: drmalathi91@gmail Telegram: +971545539609 MANIPAL HOSPITAL бүйрек трансплантаты үйіне қош келдіңіз. Қиындыққа тап болсаңыз, үлкен қарызды өтеу үшін ақша керек пе? Шұғыл қажеттіліктер үшін ақшаны қалай жинауға болады? Күте тұрыңыз, неге сіз бүйректі өте жақсы бағаға ($400 000) сатуды ойламайсыз, біріншісі операция алдында төленеді, себебі нақты донорға күмәнданамын, мен MANIPAL HOSPITAL Үндістандағы доктор Малатимін. Біз әлемнің кез келген бұрышындамыз. АҚШ, Малайзия, Жапония, Қытай, Греция, Түркия, Нигерия, Австралия, Аргентина, Бразилия, Ұлыбритания, Гана, т.б. ЕСКЕРТПЕ:- * Донор клиникалық сау болуы керек. * Ағзаларды беру үшін сізде В+ және О+ топтары болуы керек. * Донордың дене салмағы 35-тен кем емес. * Донор темекі шекпеуі және ішімдік ішпеуі керек. Сіз бізбен тәулік бойы байланыса аласыз, біз сізге жақсырақ қызмет көрсетеміз, бізбен хабарласыңыз WhatsAp +971545539609. Электрондық пошта: drmalathi91@gmail.com Telegram:+971545539609 Құрметпен доктор Малати

Пікір қалдырыңыз