«Жалғыз ғана мен емес саған ғашық!»

«Жалғыз ғана мен емес саған ғашық!» (Ақын Әлімжан Әлішердің «Мені құшақта» жыр жинағы туралы) Осыдан екі жыл бұрын республикалық «Ақиқат» және «Қазығұрт» журналдарында жарияланған «Жастар поэзиясының жай-күйі» деген мақаламызда «Әр дәуірдің ақыны – өз заманының жаршысы. Сөз құрап, ұйқастыра алатынның бәрі ақын аталса, өлеңде құн, сөзде көрік қалмас еді. Оңтүстік аспанынан қалықтай ұшып, қанатын кеңге жайғандар да, бәйгеге түссе де бауырын жаза алмай жүргендер де бар. Ең бастысы, сөз киесін ұғынып, қасиетін білетін жастар өсіп келеді. Бұл көңілге қуаныш қана емес, жүрекке жұбаныш ұялатады. Оңтүстіктегі ақындар көшінде бүгінде жаңа лек бар. Қырықтың қырқасынан асқан, Қазығұрты мен Қаратауын Алатауға айырбастамай, Шымда жүріп-ақ Алаштың, бар қазақтың ақынына айналған Бақытжан Алдиярдан кейінгі қара үзіп кермеге келер шын жүйрікті Оңтүстік ұза-а-ақ күтті. Осыдан 2-3 жыл бұрын Бақытжанның өзі де бір сұхбатында оңтүстіктің аспанынан ұзай алмай жүрген екі-үш жас ақынның атын атап, оларға күдігі басымырақ үміт артып еді. Үміт ақталды. Бұл күнде өлең- сүйер қауымның ыстық ықыласына ие болып үлгерген бірнеше жас ақын оңтүстікке ғана емес, республикаға танылып үлгерді» деген екенбіз.
Сол екі-үш жас ақынның бірі – Әлімжан Әлішер. Алдиярдың Бақытжанына «өкіл ұл» болып жүрген сары бала бүгінде екінші жоғары оқу орнын тәмамдауға жақын.
«Алып аспанды, жарық күнді, асқақ тауды, шексіз-шетсіз теңізді – бәрін-бәрін құшақта! Құшағыңа қысып, ғаламдық махаббат пен мейірімді сезін. ...Қалтаға сыймаған байлық – құшағыңа сияды. Бұл – құшақтауға арналған кітап!».
Иә, жас ақын Әлімжан Әлішердің тұңғыш жинағы оқырмандарға құшағын айқара ашқанына көп бола қойған жоқ. «Мені құшақта». Еркін. Ерке. Және сенімді. Жастыққа жарасымды.
Кемпірқосақ төбемнен шашқанда ақық,
Қалпағымды қуандым аспанға атып.
Адам түгіл, қозыңа, күшігіңе
Күліп қарау – не деген асқан бақыт! –
деп алғашқы балаң өлеңдерімен-ақ оқырманды өзінің әдемі әлеміне жетелеген жас ақынның алғашқы жыр жинағына алпыстан аса өлеңі енген. Жинақ шыққалы әдебиеттанушылар мен сыншылар қауымы өз пікірлерін баспасөз беттерінде, сайттарда, әлеуметтік желілерде жариялап үлгерді. Оларды қайталау артық болар.
Мені онымен өлеңі таныстырды. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай
ОҚМПУ-да ұйымдастырылған облыстық жас ақындар мүшәйрасына келіп түскен дүниелердің арасынан еркін тақырыптағы «Апа» өлеңі еріксіз елең еткізді.
Сіз кеткелі өзгеріп кетті бәрі,
Жанартаулар миымда атқылады.
Сейілмеді жанымның көк тұманы.
Жүрегімнен бәзбіреу соққылады.
Түн ішінде шошынып, «Апа!» деймін,
Апа десем, жылағым кеп тұрады.
Тұңғыш немеренің әже бауырында өсуі – жазылмаған дала заңы. Әлімжан да қазақылықтың қаймағы бұзылмаған қасиетті ауылда, әженің кең құшағында есейіп, ержетті. Содан да болар, ақын жаны мейірімге құмар, сұлулыққа құштар. Мұны кітапқа жазған алғысөзінде Ерлан Жүніс те дөп басып, тауып айтыпты. Алып-қосарымыз жоқ. Балаң жүректің тазалығын жігіттік жаста да жоғалтпаған ақын есейе келе «Апа ІІ» өлеңінде «Кеше жаңбыр жауғанда, апа, сенің, Қабіріңе көрпемді жапқым келді» дейді.
Адами құндылықтар құнсызданып бара жатқан алып ғасырдағы замандастарына ақын «Ешқашан мені сығаламаңдар, Есігімді әркез ашып кіріңдер»деп, еркелей үн қатады. «Амал не күлген бетперделерге? Амал не тәтті өтіріктерге?» десе де, адамдарға деген сенімін жоғалтпайды.
Әлімжан Хауа анадан бастап, Ұмай, Тұмар, Бибі Фатима, Домалақ, Қарашаш аналардың барлығын өз анасы санай отырып:
«Менің аналарымның бәрі дастан,
Өз ұлын ұлық еткен, бағын ашқан.
Бірі келіп қориды түн ұйқымды,
Бірі келіп жағады адыраспан.
...Жаулығымен жебеген шарананы,
Сусымаған басынан орамалы.
Сұрапыл шешелері, Алпауыт аналары,
Сәби бақыт қанатын қағады әлі.
Солар үшін гүл теріп келмек едім,
Ал, олар жұлғанымды қаламады, – деп ағынан жарылады.
Жаңашылдыққа жаны құмар Әлімжандағы тосын теңеу – жүректі батпырауыққа балауы:
Жүрсем де бұл жалғанда қатты налып,
Бағасын білем әрбір сәттің анық.
Сәбиге айналдырар бір-ақ сәтте,
Осы сенің жүрегің – батпырауық.
Көктемге ғашық, «бақытқа бақыт болып жолығуды» («Бақыт туралы») мақсат еткен Әлімжанда өлеңнің киесін ұғыну, қасиетін сезіну бар. Сезімнің сынық сәулелерін жинауға ұмтылған нәзік лирикалары шынайылығымен көркем. Ол қай тақырыпты жырласа да жүрегінің ең түпкі мекенінен қимас, ешнәрсеге айырбастамас құнды дүниесін ұсынуға тырысады.
«Тағы сүю керек пе осы маған,
Нағыз ақын шынында ғашық адам» дейтін ақынның махаббат тақырыбындағы өлеңдерін жастар жарыса жатқа оқығанына куә болғаным бар. Көңіл қуанарлық көрініс. Сол махаббат жырларының бірінде ақын:
Барлығы мендегінің саған ғашық!
Даладай кең көңілім саған ғашық!
Балауса бал шағым да саған ғашық!
Шашым да,
Саусағым да саған ғашық!
Көзім де,
Ерінім де саған ғашық!
Өзім де,
Өмірім де саған ғашық!
Төрт мұхит, алты құрлық саған ғашық!
Жүрекке тән тұғырлық саған ғашық!
Ғұмырлық бақтың мәні саған ғашық!
Үйдегі заттың бәрі саған ғашық!
Жалғыз ғана мен емес саған ғашық!
Өзіңе он сегіз мың ғалам ғашық!
Өмірге ғашық ақын жүрек сезімін осылай өлеңмен өрнектейді. Мұнда жастыққа тән албырттық, сүйіспеншілік бар.
Баспасөз бетінде жарияланып, мүшәйралардан жүлделі орын алып жүрген жап-жақсы кей өлеңдері жинаққа енбей қалыпты. Автордың бір ойлағаны бар шығар дедік... Оның өлеңдерінің алғашқы оқырманы ретінде жүрегін жарып шыққан әрбір туындысы маған ыстық. Көзіме түспеген көркем дүниелеріне іздеу салып отырғаным сондықтан болар. Замандастарының бірі атап өткен жинақтағы кемшіліктердің өзі автордың өзіндік қолтаңбасына айналып үлгергені жасырын емес.
Тұла бойы тұңғышын топқа қосып, жанының тазалығы мен көңілінің мөлдірлігін сақтауды мұрат еткен сыршыл ақынға көркемдік әлеміндегі ғұмырың мәңгілік болсын деген тілек білдіреміз.
Қарлығаш Сапарбаева, ОҚМПУ-дің ғалым-хатшысы.
P.S. Ақын Әлімжан Әлішердің «Мені құшақта» жыр кітабының тұсаукесері 2 тамыз күні сағат 17.00-де Шымкент қаласындағы А.С.Пушкин атындағы кітапханада өтеді. Жырсүйер оқырман, келіңіздер! Күтеміз!