Миллионыншы тұрғынмен өткен концерт

  Шымкент қаласындағы «Түркістан» сарайында Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның «Үндессін үнім әлеммен» атты маусымжабар концерті өтті. Концертке Сүгір атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен дәстүрлі, эстрадалық әндер мен шетелдің классикалық шығармалары шырқалды.

 

Шәмші әндері, Сүгірдің «Шалқымасы» мен Құрманғазының «Бескиігі» тыңдармандарды ерекше әсерге бөледі. «Қазына» би ансамблі «Шамандар» биімен, «Тұмар» би ансамблі «Испан биімен» сахнаның сәнін кіргізді.

Әсіресе, рухани кештегі «бесікке салу» рәсімі көпшілікті тәнті етті. Шымкент қаласының миллионыншы тұрғыны Айсұлу Еламанды «Көркем» әжелер тобы бесік жырымен бесікке бөлеп, Алаштың ардақты азаматы, К.Симонов атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың иегері, ақын Нармахан Бегалы ақ батасын берді.

«Айналайын, Жаратушы жан ием!

Сәбиімізді бесігімен сақтаңыз!

Таусылмайтын көл-көсір нәсібімен сақтаңыз.

Азулының тісінен сақтаңыз,

Арамзаның іріткі ісінен сақтаңыз.

Рухани жүдеуден сақтаңыз.

Тасадан тап берер мысықтілеуден сақтаңыз,

Ашқарақ ауыздардан сақтаңыз.

Қанқұйлы жауыздардан сақтаңыз.

Жеңіске жететін жетесімен сақтаңыз.

Аймалап өтетін әке-шешесімен сақтаңыз.

Еріккендердің тұзағынан сақтаңыз,

Өзіңіз берген өмірін ұзағынан сақтаңыз.

Шымкенттің миллионыншы тұрғыны

Қанатты қыран болсын,

Сарқылмас жыр-ән болсын.

Ұлтына ұран болсын,

Айналасына мейірім шуағын шашып,

Отанына опалы ұлан болсын!

Әумин!» деген ақсақал ақынның батасы көрермендерді бей-жай қалдырмады.

Мақпал ТӨРЕБЕК.

Пікір қалдырыңыз