Жеңіс КӘКЕНҰЛЫ, суретші: «БІЗ ӘЛІ ИГЕРМЕГЕН ҚАНШАМА ДҮНИЕ ЖАТЫР!..»

Бұлақ көзін ашатын Дүйсекеевтер аз
– Мектепте оқытылатын пәндердің ішіндегі ең ауыры, меніңше, сурет сабағы. Себебі, қай әншіні сөз етсек те кез келген адамның ол әншінің деңгейі жайлы өзінің көзқарасы болуы мүмкін. Ал, суретшілердің туындылары жайлы көп адам пікір айтпайды, себебі, түсіне бермейді. Түсінудің негізі мектепте қаланады. Осы тұрғыдан келгенде мектепте бұл пәннің берілу әдістемесі, көлемі сіздің көңіліңізден шыға ма?
– Бір қарағанға жауап беруге жеңіл болып көрінгенімен, шын мәнінде ауыр сұрақ екен. Мен ұстаздық етпегендіктен нақты жауап бере қоюым қиын. Дұрыс айтасыз, көптің бәрі бірдей түсіне бермейтін, жалпыға емес, жалқыға бағытталған өнер бұл. Сол суретшілердің де бәрі бірдей өз ойын сөзбен анық жеткізе алмайды. Сөзге бары өте сирек. Маған мектепте сабақ берген Сәкен Дүйсекеев ағайымыз жақсы кәсіпқой суретші болумен қатар жақсы ұстаз да еді.
– Кешіріңіз, жақсы кәсіпқой суретші болса қалайша мектепте мұғалім болып қалып қойды екен?
– Ол кісі отбасылық жағдайына байланысты мектепті таңдаған көрінеді.
Сәкен ағай баланың ойындағысын көкірегінен суырып ала қоятын, әрі өзі суретті талдап, ұғындырып бере алатын. Сол мектепте оқыған, Сәкеңнің қолынан өткен, «суретші болсам» деген балалардың көбінің бағы жанды, олар армандаған жолына түсе алды. Кейін өз мектебіме бір рет бардым, сөйтсем сурет сабағынан беретін адам жоқ. Кім көрінген береді екен. Олардың шәкірті қандай болатыны белгілі. Нәтижесінде бізден кейінгі ұрпақтан суретші шықпады... Әйтпесе, қазақта, басқа өнер секілді суретке де қабілетті, талантты жас өте көп қой. Бірақ, сол көп бұлақтың көзін ашатын Сәкен Дүйсекеевтер аз. Жақсы суретші, бірақ, жақсы ұстаздыққа жарамайтындарды бұл бағытқа икемдеумен ешкім айналыспайды, сондықтан олар кәсіпқой суретшілікке біржолата кетеді-дағы, кәсібінен басқаны ойламайды. Рас, Қазақ педагогикалық университетінде «Көркемсурет графикасы» деген факультет бар, оның түлектерінің дені мектепке барады, бірақ, бұл басқа мәселе.
– Ал, әлемде мықты футболшылардан мықты жаттықтырушылар даярлау мәселесі жақсы жолға қойылған. Соның өзінде олардың бәрі бірдей өзі ойнап жүргендегі деңгейіне көтеріле бермейді.
– Әңгіме сонда. Футбол королі Пеле де жаттықтырушы болғысы келген, қанында ол қасиеттің жоқ екеніне көзі жетті де, бұл ниетінен бас тартты... Бүкіл Еуропаны, Кеңестер Одағын мойындатқан Олег Блохин бірнеше клубты жаттықтырды, бірақ, оның бапкер ретіндегі жеткен нәтижесі есте жоқ. Беккенбауэрлер, Зидандар көп болмайды. Сәкеңдердің аздығы бір мәселе болса, кеңес кезіндегідей Мәскеу, Ленинградта, т.б. қалаларда білім алу мүмкіндігі шектелгендіктен, суретшілердің кәсіптік деңгейінің өзі төмендеп кеткені тағы бар. Үшіншіден, үздіксіз даму жағы да тоқырады. Ол үшін суретшілердің шығармаларына сұраныс керек, қажеттілік тууы керек. Суретші болып қалыптасты деген жандардың өзінің алдында отбасын өнері арқылы асырау деген мәселе тұр.
– Оларға кім, қандай көлемде тапсырыс береді, олардың өздері тапсырыссыз жасаған кәсіпқой суреттері, гобелендері, мүсіндері кімге керек, оларды кім түсінеді және қандай бағамен сатып алады деген көп сауал тұр дейсіз ғой?
– Иә. Менің өзім де күнкөріс деген пендеәуи мәселені шешу үшін мемлекеттік мекемеде жұмыс істеп жүрмін. Шығармашылықпен кешке, жұмыстан келгеннен кейін және сенбі, жексенбі күндері ғана айналысуға мүмкіндігім бар. Менің бағыма қарай, институт бітірген кезімде марқұм Фариза Оңғарсынова апамыз іздеп таптырып, «Ақ желкен» журналына, араның ұясындай құжынаған журналистер мен жазушылар қауымының ортасына тап болдым. Соның арқасында өз ойымдағыны салуға, сонымен қатар әдебиетке деген құмарлығым тағы бар, өз ойымды жеткізіп жаза алу мүмкіндігіне ие болдым.
– Ие болғаныңыз сонша, суретшілер арасынан тұңғыш рет сол суретшілер қауымы жайлы «Ақ зер» деген тамаша кітап жаздыңыз!
– Менің ерекшелігім – осы. Соның өзінде де ол жерде менің жеке көзқарасым ғана берілді. Мен мықты-мықты суретшілеріміздің ой-тұжырымдарын, көзқарас-пікірлерін толық бере алмадым. Әр суретші жеке әлем ғой! Ол үшін мен жұмысымды қойып, өзіңіз секілді әр суретшімен жеке-жеке сұхбаттасуым немесе әр әннің шығу тарихына жеке мақала жазған Илья Жақанов ағамыз секілді табанды түрде зерттеу жүргізуім керек болды.
Алдыңғы буын суретшілердің тағы бір минусы – қолдағы бар мүмкіндіктерді пайдалана алмайтындығы. Жастар ондай емес. Олар интернеттен қай елде қай суретші қандай шығарма жазғанын көріп отырады. Осының бәрі жиылып келіп, біздің суретшілеріміздің Кеңес Одағы кезіндегі биігіне бүгінгі таңда жете алмай отырған жағдайға алып келді...
Қоғамды немқұрайдылық жаулап алды
– Одақ демекші, осыдан біраз уақыт бұрын бір топ қылқалам шеберінің Қазақстан Суретшілер одағында қалыптасқан келеңсіз жағдай жайлы ашық хаты жарияланды. Бұл – ненің көрінісі?
– Ол – қазақтың кәдуілгі сол кеңес кезеңінен келе жатқан алауыздығының, басы піспеушілігінің көрінісі. Мен ондай былықтардан аулақ жүремін, сол себепті дау неден басталды, кім кінәлі, оған төрелік айта алмаймын. Ол жерге өңкей талантты азаматтар жиылғаннан кейін, олардың бірін-бірі мойындай қоюының өзі қиын нәрсе...
– Кешіріңіз, менің сұрайын дегенім басқа мәселе еді. Қазақстан Жазушылар одағының сәуір айында өткен құрылтайы халық арасында теріс әсер қалдырды. Жазушылардың деңгейінің қаншалықты төмендеп кеткенін ел көрді... Ал, мына ашық хат бір-екі топтың ғана емес, бүкіл суретшілер қоғамында қордаланып қалған, шешуі кезек күттірмейтін мәселенің көптігінің көрінісі шығар?
– Әрине, әрине! Суретшілер одағы да көп қоғамдық ұйымның біреуі ғана. Олардың барлығы да бір-біріне ұқсас, бір-бірімен мидай араласып, шырмалып жатқан дүние болғандықтан қоғамдағы жағымды-жағымсыз құбылыстың бәрі оған да тән. Жазушылар одағынан жалғыз айырмашылығы – суретшілердің өз мәселелерін қаламгерлер деңгейінде қоя алмайтынында ғана. Айтқанда да оларды тыңдар құлақтардың саңырау екендігінде. Соңғы жылдары оқта-текте бір-екі картинаның бір-екі музейлерде жылт етіп көрінгені болмаса, мемлекеттік мәдениет мекемелері тарапынан жасалып жатқан қолдау байқалмайды. Д.Қонаев атамыз кезінде шамасының келгенінше суретшілердің көрмелеріне барып тұрған екен. Республикалық, облыстық музейлер суретшілердің туындыларына тапсырыс беретін. Идеологиялық тұрғыдан дегеннің өзінде де. Сол кезде суретке деген ұмтылыс бар еді. Суретшілер шығармашылығына тежеу болмағанын да атап кету керек. Ал, қазір заман өзгерді, біздің қоғамды бүгін немқұрайдылық жаулап алды. Соңғы 25 жылда суретшілер өз қаражатына 3-4 рет қана симпозиумдар өткізе алды. Суретшілерге тапсырыс беру, сол туындыларды сатып алуды ұйымдастыру – кеңестік одақпен бірге кетті... Одан бері қарай «сурет өнері қалай даму керек?» деген мәселе күн тәртібіне шығарылған жоқ. Әлемдік емес, өз еліміз деңгейі шамасында. Саған ешкім назар аударып, көңіл бөліп жатпағаннан кейін талантыңның өткір жүзі еріксіз майырылады. Алысқа бармай-ақ қояйық, осы Астанада жыл сайын қыста салынатын «мұз қалашығын» алайық. Сырттан тәжірибелі мүсіншілерді әкеледі, олар қасына біздің жігіттердің біразын қолбала етіп жүгіртуге жалдайды. Сөйтеді-дағы сарт-сұрт салып шығып, ақшасын санап алады да тайып тұрады. Бізде скульпторлар, суретшілер жоқ па? Тәжірибесі жоқ па? Шетелге бір топ маманды бір аптаға жібер. Көрсін, үйренсін, тәжірибе жинап қайтсын. Келсін де салсын. Әне, солар шетелдіктердікіндей жасай алмаса әңгіме басқа! Сонда кінә тақ оларға! Біздің өзгелерден еш жері кем емес азаматтар талантын істе көрсетер жұмыс таппайды, содан олардың жігері жасиды! Мен сол қалашықты салып жатқан кезде қонақтардың жігіттерімізге бұйыра сөйлеп жатқандарын есіткім келмей, үнемі алыстан айналып өтетінмін...
– Бұндай мәселе туғанда біздің елде әдетте «әркім өзгеруді, мемлекетімізді жақсырақ етуді өзінен бастасын, өзгені сынағанша өздері білек сыбанып кірісіп, өзгертсін, көрсетсін» деген әңгіме пайда болады. Осындай сөздерге жауап ретінде Астана мүсіншілері 25 жылда сол қалашықты салуды өз мойындарына, өз қолына алуға бір рет болса да талаптанып көрді ме?
– Мен тағы да Суретшілер одағының нақ ортасында жүрмегендіктен дәл де нақты жауап бере алмаймын, бірақ, олардың осы мәселені көтергендеріне күмәнім жоқ! Қандай жауап алды – білмеймін. Сеңнің бұзылмай тұрғанына қарағанда, қандай жауап болғаны беп-белгілі сияқты...
– Біз сіздей емес, кеңес өкіметі тұсында 15 жыл жұмыс істеп үлгерген ұрпақ өкіліміз. Айтсақ, екі қоғамды салыстыра алатын мүмкіндігіміз болғандықтан айтамыз. Сол кеңес өкіметі кезінде таланттың көзін ашуға арналған, жолға қойылған жүйе бар еді. Бүгінгі жағдайды өзіңіз айтып отырсыз. Сұрақ: енді не істеу керек? Сіз не істей аласыз? Мен не істей аламын? Неден бастағанымыз жөн?
– «Не істеу керек» дегенде, мен өзімнің қолымнан келгенін істегенімнің нәтижесін көріп отырсыз – кітап жаздым. Ол кітапты өзіңіз оқыдым деп те отырсыз. Сізден бұрын ол Бегман Ысқақов секілді көкірегі ояу азаматтың қолына түскен. Ол кісі кітап жайлы пікірін газетке жазған. Оны талай адам оқыған. Мен ағамен сол мақаласы арқылы таныстым. Туған жерімдегі, Кеген ауданындағы азаматтардан «кітабыңызды оқыдық, енді келіп көрме өткізіп кетсеңіз» деген өтініш түсті... Одан бөлек интернет, фейсбук желісін пайдаланып, бұл өнер жайлы ой-пікірімді көппен бөлісіп отырдым. Бір кітапты бір күнде он адам оқитын болса, әлеуметтік желіде оны жүз адам оқуы мүмкін. Одан бөлек зергерлік, кестешілік жайлы да мақалалар салып тұрдым. Ұлтымызға кенжелеп келген сурет өнері жайлы өте бай да, өте көркем қазақ тілінде оқырманға, қалың қауымға түсінікті етіп жазуға болатыны дәлелденді.
– Қазақ даласындағы петроглифтердің «жасы» бірнеше мың жылға кетеді. Жақсы құрал-сайман жоқ заманда оларды тасқа қашап салу үшін не деген құштарлық керек болды десеңізші!.. Бірақ, осы сайын даладағы тағы бір адам қолымен жасалған керемет туынды – балбал тастардың ислам келгеннен кейін түгелдей дерлік қиратылғаны белгілі. Исламның аяғы жетпеген моңғол даласындағылары аман қалған... Сұрақ – осы үрдістің қазақ халқының аталған өнерге кенжелеп келуіндегі «үлесі», зардабы қандай?
– Ислам қазақтың өнеріне, оның ішінде бейнелеу өнеріне, қолөнеріне, ұсташылыққа, халықтың қанындағы суретшіліктің тұма бастауына, талантқа анау айтқан үлкен тосқауыл болды деп ойламаймын. Ұсталық, оның ішінде зергерлік өнер ислам келген соң да дамуын тоқтатқан жоқ. Балбалдардың әсіредіншілдердің қолынан аман қалғандарын орыс отаршылығы дәуірінде Ресейдің мұражайларына әкетіп қалды ғой...
– Әрине, ол да бар. Әйтсе де, табиғатты салу, әсіресе, адам бейнесін салу мың жылдан астам уақыт қазақ жерінде тоқтап қалды ғой?
– Сіз ағын суды қанша бөгегеніңізбен, бәрібір ол бір күні бөгетті бұзып кетеді емес пе?! Бізде де солай болды – 1917 жылдан кейін қазақтың бейнелеу өнері – кескіндеме (живопись), графика, мүсіншілікте (скульптура) мыңжылдықта кеткен есесін артығымен қайырып алды деп айтуға болады.
– Ал, мен, көрермен ретінде, қайтарып ала алмады деп есептеймін. Неге? Қазақ секілді асқан талантты халықтың бойында осынша ұзақ мерзімде жиналып қалған өнердің кинетикалық энергиясы меніңше кемі екі жүз жылға жетуі керек еді. Ал, біздің өмірімізде қылқалам шеберлері болсын, мүсіншілер болсын, Мағжан айтқандай «толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады» болып, бірін-бірі қуалап, бірінің соңынан бірі туып жатпады... Әрине, ауызды қу шөппен сүрту жарамас, Қанафия Телжанов бастаған ағаларымыз болды. Бүгін Ерболат Төлепбай замандасымыз бастаған топ бар. Бірақ, қазақ суретшілерінің толқыны әлемдік аренадан өз орнын ойып ала алмаған күйі сарқыла бастаған секілді... Сіз қалай ойлайсыз?
– Қиын сұрақ екен... Шынында, сол мыңжылдық әлеует неге тоқырап қалды? Дұрыс сұрақ қойдыңыз. Ағаларымыз кешегі кеңес заманында да белгілі бір деңгейге жетті-дағы, ары қарай биіктей бермей, тоқырап қалды. Неге? Ойлану керек болды...
– Мүсіншілеріміздің қазақ батырларына арнап салған ескерткіштерінен мен динамиканы көре алмай-ақ қойдым. Армяндардың Ереванда Давид Сосунскийге қойған ескертішін қараңызшы, қандай керемет! Бізде айқас үстіндегі әруақты ерлердің қаһарлы бейнесін берген, ең болмаса қырғыздардың Манасқа қойғанындай бір мүсін бар ма? Бәрі статика, бәрі аттың үстінде қақиып отыр...
– Башқұрттардың өздерінің ұлттық батыры Салават Юлаевқа қойған ескерткішіндей дейсіз ғой... Кескіндеме мен графикада ешкімнен кем емеспіз, ал, скульптура, мүсін саласына келсек... Мен бұл қайталаушылық тағы да сол кәсіби білімнің төмендігінен-ау деп ойлаймын. Мергенов секілді жарып шыққан шебердің бізде аз болуы қазақта таланттың кем болуынан деп ойламаймын. Қайта сол таланттылардың бірін-бірі мойындай қоюы қиын, ондай кемшілік бар бізде.
– Жо-жоқ, жан басына шаққанда қазақтай талант-дарынға бай басқа халықты жер бетінен таба алмайсыз. «Талантқа жәрдем бер, бейталант өзі-ақ жол тауып шығады» деген сөз бар орыста. «Ұялмаған өлеңші боладының» ақиқат екеніне соңғы жылдары әбден көзіміз жетіп болды ғой...
– Оныңыз дұрыс, бірақ, талантты адамның алғашқы бір көрінуіне жағдай жасалса жетер, ары қарай негізгі міндет олардың өздерінің мойнында болу керек шығар. «Неге көрінбейді?» деген сұрағыңыз суретшілермен қатар мүсіншілерге де тікелей қатысты. Қазіргі мүсіндердің сын көтермейтіні, алдына барған адамды жібермей қоятындай құдіретке ие болғандары аз екені рас... Қалың жұртты өзіне жалт қаратып, елді еріксіз өзінің ерекше еңбегін мойындатуға мәжбүрлейтін ескерткіш деп Досбол Қасымовтың «Күлтегінін» атап өтуге болады. Өте жоғары дәрежеде жасалған!
«Данаяны» қайта тірілткен қазақ суретшісі!
– Бейнелеу өнерінің өкілдерін – суретшілерді, мүсіншілерді, гобеленші, алаша, кілем тоқушыларды, тұскиіз қарпушыларды, т.т. – бір сөзбен шартты түрде суреткерлер деп атайықшы. Олардың шығармасын жалпы жұрт бірдей ұғына қоймайтынын, түсіне алмайтынын, ол үшін де білім керек екенін айттық. Бірақ, сол туындылар ең болмағанда қоғамда пікірталас, тіпті дау тудырып, ойды қозғап, елдің аузында жүріп, сол тақырыптағы жаңа, соны дүниелердің өмірге келуіне түрткі болып жатса деген тілек қой біздікі...
– Мен бұл сұрақтың жауабы қазақ халқының адами сапасы төмендеп кеткенінде жатыр-ау деп ойлаймын. Сапа қалай төмендейді? Мәселен, жоңғарлармен екі арадағы кемі жүз жылдық алапат соғыс. Ол шайқастың бәрінде ең алдымен елі үшін кеудесін оққа төсеген ерлердің қаза табатыны белгілі. Олардың ұлт ішіндегі үлесінің біртіндеп азая бергендігі, азая бергендігі. Соның салдарынан орыс отаршылдарына жем болып, отарлық саясаттың қазақты арызқойлыққа, сатқындыққа үйреткені. Одан беріде Алаштың сүтінің қаймағы мен сорпасының бетіне шығарының түгелге жуық атылғаны, қалың қазақтың ашаршылықта қынадай қырылғаны. Одан ес жия бергенде аман қалған ер-азаматтардың тең жартысына жуығын қырық бірінші жылғы соғыстың жалмағаны. Сан жағынан жойқын, теңдессіз шығынға ұшыраған халықтың сапасының да әлсіремеуі мүмкін емес! Міне, соның салдары бүгін шығып жатыр. Осылай деп ақталуға тырысамыз. Бірақ, ол зұлмат қазақтың бәрінің басынан өтті ғой, неге ХХ ғасырдың екінші жартысын «қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» деп атауға болады, ал, бейнелеу өнеріміз неге сол биікке шыға алмай, белгілі деңгейде тоқтап қалды деген сұраққа бір сөзбен жауап беру қиын. Менің айтып отырғаным мәселенің бір жағы ғана болуы мүмкін.
– Жәңке, зұлмат жылдары ең аз атылғандар мен сотталғандар театр қызметкерлері болған екен. Себебі, күніге көзіне көзі түсіп, спектакльде бірге ойнап жүрген әріптестер бірінің үстінен бірі арыз жазуға қолдары бара қоймапты... Ал, сіз айтқан бірін-бірі мойындамаушылық, оның ар жағында жатқан бір-біріне өзара көмек қолын созбаушылық секілді жаман қасиеттер сіздің әріптестеріңіздердің арасында қандай деңгейде?
– Біздің суреткерлер бірін-бірі мойындамауы мүмкін, бірақ, одан арғы ұят, сұмдық тірліктерге бармайды деп ойлаймын.
– Суреткерлер өзінің оң жамбасына келетін өнер түріне қарай жіктеледі дедік. Мысалы, маған сіздің жылқы жайлы суреттеріңіз, жылқының үстінде өскен бала болғаннан кейін бе, керемет ұнайды. Әрине, ондағы айтылмақ ойдың бәрін түсінемін дей алмаймын, бірақ, жанымның рахатқа бөленетіні рас. Осы тұрғыдан келгенде қазақтың жанына, болмысына осы өнерлердің қайсысы жақындау екен?
– Кескіндеме (майлы бояу) жақындау секілді. Ең қызығы, өзінің өмірлік салт-дәстүрінде жоқ өнер түрін күрт қабылдап алған қазақ іргетасының жоқтығына қарамастан азғана уақыттың ішінде бұл салада адам таңғаларлық жетістіктерге жетті. Қ.Телжановтан («Көкпар») бастап С.Айтбаев, М.Кенбаев, С.Романов, т.б. таланттар шоғыры өмірге келді. Бұл ретте суретшілер де жазушылар секілді. Мұхтар Әуезов қазақта болмаған роман жазуда әлемді мойындатқан жоқ па? Повестерін айтпағанда.
– Мектептегі соңғы екі жылда Мырзахан Мархабаев есімді кластасым (сынып деген сөзді қабылдай алмай-ақ қойдым...) екеуміз «Жас қалам» атты қабырға газетін шығарып тұрдық. Суреттерін өзім салып тұрдым (кейін оны қойып кеттік қой). Сонда байқағаным – портрет адам бейнесіне ұқсау үшін бір штрихті ұстасаңыз жеткілікті екен. Ол кездегі мектепте акварельді үйретті, майлы бояуды үйреткен жоқ. Сұрайын дегенім – портретті қарандашпен салудың майлы бояудан артықшылығы мен кемшілігі неде?
– Қарандашпен салудың артықшылығы – бүгінгі сөзбен айтқанда қолжетімділігінде. Қарандаш пен ақ қағаз болса жеткілікті! Ал, анаған кенеп керек, төсеме жасау керек, қысқасы, «керек» нәрсе көп.
– «Штрих ұстай білуді» кез келген мұғалім үйрететін шығар. Оқушы сурет өнерінің негізін түсінуі, үйренуі үшін одан бөлек тағы қандай нәрселерді меңгеруі тиіс?
– Өзінің ойын бере білуі тиіс. Одан да бұрын суретті көшіріп салуды үйренуі тиіс. Жақсы суретті ұқсатып көшіріп салу кезінде ол өз ойындағысын да бере білуді үйренеді. Үшіншіден, қарап салуды үйренуі керек.
– Өте маңызды мәселе – осы, Жәңке. Суретшілер қарап та салады, өз жадындағысын көз алдына келтіріп отырып та салады. Алғашқы қадамды бастағанда жаңсақ жолға түсіп кетпес үшін (әншілерде, әсіресе, операда «дауысты қою», футболшыларда, боксшыларда «соққыны қою» деген ұғым бар ғой), кейін дайын құрал ретінде қолданылуы үшін осы екеуінің қайсысы алдымен үйретілуі, меңгерілуі тиіс?
– Қарап салуға, көшіріп салуға кез келген уақытта үйрете беруге болады, өйткені, оған мүмкіндік көп. Ең бірінші кезекте, нені салғыңыз келеді, сол ойыңыздағыны бере білуге үйрету. Қолға қалам (қарандаш), қылқалам алған сәттен бастап, нені салғыңыз келді, отыра қалыңыз да кірісіңіз. Этюд түрінде болсын, эскиз түрінде болсын шимайлай берсін. Және осыны өмір бойы дамытып отыру қажет. Мен ұстаздық жұмысқа жегілмеген адаммын, бірақ, өз пікірім осындай.
Себебі, сіз айтқандай, әуел бастан біржақты білім алып, қарап ия көшіріп салмаса сурет сала алмауы дағдыға айналып кеткен суретшілер де көп.
– Жас талап осы екі бағыттың қалағанын таңдасын-дағы, сонымен кетсін деп, оларды сурет салудың екі дербес жолы деп қарауға болмай ма?
– Болады, ол талапкердің болмысының ерекшелігіне байланысты. Шынында да біреудің икемі біріншісінде көбірек болса, екінші бір адамда ол керісінше болуы мүмкін.
– Сіздің өзіңіз қайсысына көбірек икемдісіз?
– Мен екеуін – қарап салу мен жадымдағыны салуды қатар алып жүрдім деп ойлаймын. Бірақ... Көшіріп салуды суретшінің деңгейін белгілі бір биікке дейін көтеретін трамплин, баспалдақ деп қарауға болады. Сен өзің көшіріп отырған классиктің деңгейінің жартысына жетсең, соның өзі де сен үшін үлкен олжа. Менің сол көшіріп салуға көп уақытым бола бермеді, осы жағым менің ақсап жатыр... Пабло Пикассоның «кімсің – Пикассо!» атануының бір себебі, ол өзінің алдындағы атақтылардың бәрінің картинасын әкесін танытып 30, 40 ретке дейін ерінбей көшіріп салатын болған. Түрлендіріп, алып-қосып, геометриялық фигураға, каррикатураға айналдырып та отырған.
Көшіріп салуды меңгерудің пайдасы жайлы мынадай керемет дерек бар. Эрмитажда Рембрандтың әйгілі «Данаясы» тұрған кезінде оны көшіріп салуды үйреніп жүрген ленинградтық практикант студенттер арасында 4-курстағы Жұмахан Қайранбаев есімді қазақ жігіті де болған. Түпнұсқаға ең жақын көшірмеге мөр басылып, сурет академиясының алтын қорына қосылатын тәртіп бар екен, сол мәртебе Жұмекеңнің суретіне бұйырады. Арада біраз уақыт өткенде делқұлы біреу «Данаяға» қышқыл құйып жіберіп, суреттің бояуының 90 пайызы ағып кетеді... Реставраторлар жанталасып қалпына келтіруге кіріседі. Көшірме біткеннің бәрін алдырады. Солардың ішінен Жұмекеңдікі бәрін мойындатады! Реставраторлар соған қарап отырып, түпнұсқаны қайта салып шығады. Академия ректоры Жұмекеңді арнайы жолын төлеп шақырып, банкет беріп, «Даная» сіздің арқаңызда қайта тірілді!» деп алғысын айтады...
– «Осы жұрт Жұмекеңді біле ме кен?» деген сауал тілдің ұшына еріксіз оралып тұр...
– Дұрыс айтасыз, ешкім білмейді деуге болады! Бұның да түпкі себебі сол баяғы қазақтың өзін-өзі мойындауға қырсыздығында, әрісінен қайтарсақ, көреалмаушылығында жатыр.
«Дүниенің басы – сайран, түбі – ойран!»
– Бейнелеу өнерінің шындап дамуы Қайта өрлеу кезеңінде басталып, ХІХ ғасыр аяғында шырқау шыңына жетті деуге болатын шығар. Содан кейін тоқырау басталған секілді. Әртүрлі ағымдар пайда болды. Мен сюрреализмді түсінбеймін. Табиғатым қабылдамайды. Сальвадор Дали мүмкін данышпан шығар. К.Малевич те. Бірақ, мен «Қара шаршы» мынадай ой айтып тұр» дегенге ешқашан сене алмаймын. Бұның бәрін мен «тоқтық не дегізбейдінің» көрінісі деп білем. Сіз қалай ойлайсыз?
– Иә, кез келген құбылыстың пайда болу, даму, шырқау шыңына жету кезеңі болады. Бейнелеу өнері тұтастай сол шыңға шыққан кезде Дали, Пикассолар келді-дағы, адамның басын аяғынан, аяғын басынан, бүйрегінен сирағын шығарып қойды. Қазақ оның сипатын жалғыз ауыз сөзбен баяғыда-ақ беріп қойған: «Дүниенің басы – сайран, аяғы – ойран!» Бірақ, бұл ағымдардың қазақ топырағына ешқандай қатысы жоқ деп ойлаймын. Бейнелеу өнеріміздің өмірге келгеніне 70-80 жыл десек, бізге олар секілді болып-толудың, тасып-төгілудің ауылы әлі алыс. Классикалық тұрғыдан игерілмеген қаншама дүниеміз жатыр! Өзіңіздің көңіліңіз толмай отырған қазақ батырларының бейнесін сомдаудың өзі таусылмас азық. Солардың бәрін, рухани дүниемізді бейнелеп беру, мызғымай тұрған ұлылар портреттері, қысқасы, біз атқарылар ұлан-ғайыр істі тек қана бастадық. Қазақтың бір-біріне ұқсамайтын Күнгей, Арқа, Алтай, Жетісу, Маңғыстау секілді өлкелерінің пейзажын беру – шеті-шегі жоқ дүние.
– Бұл тақырыпты жабу үшін мен Дали мен Малевичтерді өнердегі мал табудың жаңа жолын іздеп, азғындық пен алаяқтықты кәмпиттің әдемі қағазындай етіп орап беріп, ол жолды өнердегі соны жол деп көрсеткен, сол арқылы өздеріне атақ, атақ арқылы ақша тапқан адамдар деп білемін. Сіз ше?
– Далидің суреттерінде анатомиялық қате жоқ. Бәрі керемет! Бірақ... Құранда «адамдарды топырақтан, жындарды оттан жаратып, жер бетіне жібердім» деген сөз бар.
– Ия, бұл сөзді «Ақ зер» кітабыңызда да келтіргенсіз.
– Өзгелердің ішкі дүниесіне адами өлшеммен қарап, оны түсіне алмайтын, өлшей алмайтын кісілер болады. Ал, Сальвадордың анасына, әкесіне істеген, жас кезінде төңірегіне істеген құйтырқы істері адамдық өлшемге, адамдық таразыға мүлдем сыймайды. Ол кейде маған адамдық емес, басқа миссияны, Ібілістің бұйрығын орындап тұрғандай әсер қалдырады. Оны дәл сонысы үшін қабылдай алмайтын өзіңіздей адам қанша көп болса, сізді Сальвадор үшін кеңірдегіңізден ала түсуге дайын жандардың да қарасы сонша көп. Ол сонысымен де жұртты таңырқатты. Адам баласының жақсылықтан гөрі жамандыққа құмарлау келетін осал жағын дөп басып, сол арқылы атақ-даңқын шығарды. Адамның тоқ ішегінде не бар, соны көрсетіп бергендей болды. Иманға шақыратын қазақы қалыптағы біздер оны түсіне алмаймыз. Азғындыққа қарсы сіздер бар да, азғындықты өмір сүруге хақы бар құбылыс деп түсінетін өзгелер бар да, қысқасы, қамшының өріміндей қатар жүретін жақсылық пен жамандық бар да, Сальвадор Далиге сұраныс бар...
– Рахмет! Шығармашылығыңызға табыс тілеймін!
Сұхбаттасқан Өмірзақ АҚЖІГІТ, «Оңтүстік Қазақстан».