«Қымызмұрындық – салт-дәстүрді ғана емес, ұлттық бизнесті де дамытады»

Өткен аптада Бәйдібек ауданында «Қымызмұрындық» мерекесі тойланды. Қазақтың ұлттық сусынын насихаттайтын фестивальге келушілер қымыз баптаушылар мен қымыз ішушілердің сайысын, құлынды бие мен сәйгүліктер шеруін тамашалады.
Фестивальдің ашылу салтанатында өңір басшысы Жансейіт Түймебаев ата дәстүрдің мән-маңызына тоқталып, жиналған жұртты мерекемен құттықтады.
– Қымызмұрындық – ағайын-туған, көрші-қолаңның басын біріктіріп, алғашқы қымыздан дәм тату дәстүрі. Ұлттық дәстүрімізді кеңінен насихаттау үшін жыл сайын облыста Қымызмұрындық мерекесін өткізіп келеміз. Әр ауданда, әр ауылда қымыз баптауды әбден меңгерген мамандар аз емес. Шетелдіктер қымыз бен шұбаттан түрлі косметикалық бұйымдар мен дәрі-дәрмектер дайындайды. Біз де ұлттық сусындарымызды өндірістік салаға айналдыруымыз қажет. Қазір облыста 340 мыңға жуық жылқы бар. Олар жылдан-жылға көбейіп келеді. Түркістан қаласында күн сайын 100 тонна қымыз бен шұбатты ұнтақ түрінде шығаратын зауыт құрылысы аяқталғалы тұр. Қазірдің өзінде оған сұраныс жоғары. Сондықтан ата-бабамыз айналысқан кәсіпті кеңейтіп, бизнеске айналдыруымыз керек. Сонда әл-ауқатымыз жақсара түседі. Білетін шаруамызды қолға алмасақ, басқа елдің беймәлім кәсібімен елімізді байыта алмаймыз. Ендеше, кешегі мен бүгінгіні ұштастыру арқылы салт-дәстүрімізді ғана емес, ұлттық бизнесімізді дамытуға болады. Қымызмұрындық ұлттың дамуына мұрындық болсын! – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Сондай-ақ, облыс әкімі қымыздың бірнеше түрге бөлінетініне тоқталып, осыдан-ақ ата-бабамыздың ұлттық сусынға үлкен жауапкершілікпен әрі ұқыптылықпен қарағанын аңғаруға болатынын тілге тиек етті. Қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазиева қазақы этноауылды аралап, салт-дәстүрді қадір тұтқан өңірге ат басын бұрғанына дән риза екенін жеткізді. Ұлттық киімдегі қыздар «Қымызқұйғыш» әнімен қонақтарға қымыз ұсынды.
Қымыз баптаушылар байқауының бас жүлдесін түлкібастық Мұxтар Ибраимов жеңіп алса, бірінші орынды бәйдібектік Амантай Айыпбергенов еншіледі. Ал, екінші орын түркістандық Ұлжалғас Шілдебаеваға, үшінші орын ордабасылық Ерғали Бердішевке бұйырды.
Бас жүлде иегері Мұхтар Ибраимовтың отбасы 20 жылдан бері қымыз баптап келеді. Осыдан он сегіз жыл бұрын қымызбен емделудің нәтижесінде зайыбы екеуі сарп, яғни бруцеллез ауруынан айығыпты.
– Саумалдың бруцеллез және туберкулез ауруларынан айықтыратын ғажап қасиеті бар. Аты жаман кеселмен ауырғанымызда саумал мен қымызды үзбей ішіп, сырқатымыздан сауықтық, – дейді М.Ибраимов. Байқауға қатысушылар қымыздың төрт түрін әкелген. Қазақта жаңа сауылған қымызды саумал десе, алты ай бойы сақталған сусынды хан қымыз, екі күн, екі түн тұрған қымызды құнан қымыз деп атайды. Ал, осы құнан қымыз бен саумалдың қосындысын түнемелі қымыз деп атайды. Бұлардың әрқайсысы әртүрлі дертке шипа – деп әңгімесін жалғастырған Мұxтар Ибраимов түлкібастықтардың өзге аудандардан оқ бойы озық болуының себебіне тоқталды. «Біздің өңірдің қымызының дәмі ерекше болатыны, Ақсу-Жабағылыда 1700 түрлі өсімдік өседі. Соның 250 түрі дәрілік шөп екен. Соны жеген түйе мен жылқының қымыз-шұбатының қасиеті де бөлек болады» дейді жеңімпаз.
Ал, дүбірлі тойдың соңы қымыз ішіп жарысып, бәсекеге түсумен жалғасты. «Мешкейлер» сайысында он кесе қымызды ішіне құя салған арыстық азамат Алмас Жаманқұлов топ жарды. Жайлауға келген ағайын қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалап, киіз үйлерге бас сұғып, қонақжай ауылдың алтыауызын тыңдап тарқасты.
Мақпал ТӨРЕБЕК.