«ҮКІЛІ ҮМІТТІҢ» ҮЗДІКТЕРІ

Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда мүмкіндігі шектеулі балалардың облыстық «Үкілі үміт» өнер байқауы өтті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру және Астана қаласының 20 жылдығына орай ұйымдастырылған сайысқа 6-15 жас аралығындағы 70 үміткер ән, би жанры бойынша қатысса, 14 қылқалам және қолөнер шебері өз туындыларын тарту етті. – Дәстүрге айналған байқаудың арқасында балалар өз шығармашылықтарын дамытып келеді. Өнерлі өрендердің арасынан елдің ертеңгі мақтанышына айналатын азаматтар шығатынына сенімім кәміл. Сондықтан еңбекқор, өмірге құштар балалардың құлшынысын арттырып, оларға қолдау көрсетуіміз қажет, – деді облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мәдениет және өнер бөлімінің басшысы Ғалия Шарафиева. Бұл шара өнерлі балаларды анықтап қана қоймай, қолы болмаса да қылқаламды аузымен тістеп сурет салатын, қос жанары семіп қалса да сахнаға шығып ән шырқайтын, сөйлеу мүмкіндігінен айрылса да тосырқамайтын балалардың өнері мен өжеттігін, өмірге деген құштарлығын көрсетті. Топтаса билеп, топ жарған түркістандық «Балдәурен» би тобының бүлдіршіндері «Бүршікжарған» биімен бас жүлдені, аққу бейнесін сахнаға алып шыққан сарыағаштық Майра Әділбек бірінші орынды иеленді. Ал, әншілер арасындағы сайыста бас жүлдені шымкенттік Абдулализ Лалиев, бірінші орынды сайрамдық Бейбіт Турсыбаев қанжығасына байлады. Аспапта орындаушылар арасынан алғашқы орындарды шымкенттік «Жасын» ансамблі мен бәйдібектік Ажар Есқараева жеңіп алды. Түрлі-түсті бояулармен табиғатқа жан бітірген төлебилік Қуандық Әбіл бас жүлдені, шымкенттік Асылхан Қалдыбаев бірінші орынды еншіледі. Ал, қолөнер шеберлері арасынан бас жүлде шымкенттік Айдана Рысбаеваға, бірінші орын арыстық Бағлан Бөрібайға бұйырды. Сонымен қатар өзге қатысушылар облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының арнайы жүлдесімен марапатталды. Жүлделі орындарға 30 мың теңге мен 200 мың теңге аралығында қаржылай сый-сияпаттар табысталды. Мақпал ТӨРЕБЕК, «Оңтүстік Қазақстан». Cуретті түсірген Қайрат Әуелбеков.