«Қазақтар осылай соғысады!»

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Оңтүстік Қазақстан». Ұлы Жеңіс мерекесінің дүбірі естіле қалса, осыдан біраз жыл бұрын созақтық соғыс ардагері Кәрібай Алсаев көкеммен болған әңгіме есіме түсе кетеді. Төрт жыл майданда қан кешіп, елге оралған соң саналы ғұмырын білім беру ісіне арнаған көкірегі зерделі жан қазақтың арғы-бергі тарихын, әдебиетін, мәдениетін терең білетіндігімен ерекшеленетін. Әр әңгімесін Абайдың қарасөздерімен тұздықтап, оның Крыловтан аударған мысалдарымен түйіндеп отырушы еді. Біреулер секілді соғыс көргенін айтып, оған сый дәмету табиғатына жат болатын. Есесіне, оқыған-тоқығанын кейінгілерге үлгі етіп, азды-көпті өмірде соған сай болуды өнеге етіп отыратын. Бірде Кәріш көкемді (ол кісіні ауылдастары осылай атайды) аудандық газетке жазбақ ниетпен үйіне іздеп бардым.
Ол кісі біздің үйден сәл әріректе тұратын. Есік алдында оны-мұны шұқынақтап жүрген шынашақтай шал бұйымтайымды білген соң өзі ішке бастап, мені кең бөлмеге жайғастырды. Кие-кие әбден ақжағал болған кәстөмін желбегей жамыла отырып, ескі қағаздарды алдыма қойды. Байқаймын, көңілінде кішкентай кірбің бар секілді. Әдетте, бір нәрсені көңіліне ауыр алса, осылай кіржиіп қалатыны бар-тын. Кеуілін көтермек болып орден, медальдарын санамалай бастап едім, өкіметтің бергенін олжа санамайтын ақсақалдың қарапайымдылығы алдымды орап кетті. Сарғайған қағаздарын жіпке тізіп жатқан маған:
– Қайтесің, шырағым, осы бір орден-медаль алайын деп соғысқа барғаным жоқ. Өкіметтің өзі елеп-ескеріп жатыр ғой. Оларына рахмет. Отан деген қасиетті ұғымға ештеңені айырбастамаймын. Бір үзім нан мен Отанның қадірі омырауымызды қан жуып жатса да есімнен кеткен емес. Сөйтіп, омырауымды орденмен емес, Отанымның амандығымен толтырам. Осы «Отан» деген сөздің өзі ел тынышта айтылуы оңай-ақ. Нан жерде жатса, обал ғой, Отан да солай, обалы бар сөз. Қасиеті бір төбе, борышыңды ақтай алмасаң, қарып түсер қасіреті бір төбе. Ел тынышта Отан деп омыраулаған талайды көрдік. Ел басына күн туғанда қара басын күйттеп кеткендерді де көрдік. Құдай опасыздың аузына Отан деген сөзді сала көрмесін, – деп қария біршама уақыт үнсіз қалды. Кенет есіне бір нәрсе түсті-ау деймін:
– Қарағым, мен туралы газетке жазамын деймісің, бірақ, көп мақтама. Жасым жер ортасынан ауған шақта «мен олай соғыстым, былай соғыстым» деп кеудемді соғу жараспас. Соғыссақ, мойнымыздағы азаматтық борышымыз еді. Қаншама боздақ қыршынынан қиылды. Әйтеуір, татар дәмім бар екен, соған мың тәуба. Бір жазушының «Кешегіні ақтау да, жамандау да бүгінгі күннің қорытындысынан шығады» деген сөзін бұрын қайта-қайта оқып, ойға түйіп алған едім. Сол айтқандай, заман өзгерді. Сонау соғысқа берілер бағаға да өзгерістер енгізгісі, түзегісі келетін тарихшылар да табылмай қалған жоқ. Қарын тоқ кезде адам не демейді. Сол кезде қолында қаруы бар қатардағы сарбаздың алдындағы жалғыз мақсаты – жауды жеңу, елге аман оралу болды. Отан үшін қан төктік, осы бейбіт күнге жеттік, – деп бір күрсініп алды. Соғыс ардагерінің осы күрсінісінің мәнін кезінде жете түсінбеген екенмін. Ел-аман, жұрт тынышта неге бұлай деді екен деп, көпке дейін ой тұңғиығында жүргенім рас. Сөйткен Кәрібай көкемнің қаупі өзі өмірден өткен соң анық біліне бастады. Уақыт озған сайын кешегі жауынгер әкелеріміздің қаһармандығын айту былай тұрсын, «олар қай Отанды қорғады, айдаладағы жат жерлер үшін қан төкті емес пе?!» деп ділмарситындар пайда бола бастады. Иә, кейбір желауыздар «Олар кімнің Отанын қорғады?» деген сауалға жауап іздегісі келіп, екінші дүниежүзілік соғыс тарихына жаңа көзқарас енгізгісі келіп жүр. Осындайда «қайран бейбіт күн-ай, қадіріңді білеміз бе» дегің келеді. Әгәрәки, ел басына күн туа қалса, әлгіндей «отаншыл» азаматтардың Отанына деген ағыл-тегіл «махаббатын» көрер ек. Бірақ, Құдайым, сұм соғыстың бетін аулақ қылсын!
Биыл Ұлы Жеңістің жетпіс үш жылдығы. Әлемді күңіренткен алапаттағы осы жеңіс халқымызға арзанға түспегені мәлім. Даңқты Бауыржан Момышұлы айтқандай, қазақ елінде соғыс жалынына шарпылмаған бірде-бір отбасы жоқ. Соғыс қайғысын, солдаттың сағынышын, жардың мұңын, жетім-жесірдің көз жасын сол тұстағы әрбір үйелмен өткерген. Тарихқа жүгінсек, екінші дүниежүзілік соғысқа елімізден 1 миллион 800 мыңдай қазақстандық қатысыпты. Осының жартысындайы майдан даласынан оралмаған. Осындайда біздің жаужүрек аталарымыздың қаһармандығына тікелей куә болған әйгілі қаламгер Илья Эренбургтің 1942 жылы «Правда» газетінде жарық көрген «Қазақтар» деп аталатын еңбегі түседі. Жазушы жеті мың қолдық жау жасағына қарсы жалғыз шапқан Ер Тарғын ұрпақтарының намысы Мәскеу түбінде тағы бір мәрте жарқылдағанын айтып, шегінуді білмейтін қазақ жауынгерлерінің неше қилы таңдай қақтырарлық ерліктерін мысалға келтіреді. «Міне, жігіттер осылай соғысады! Қазақтар сайын далада сәйгүлікпен жүйткуге дағдыланған. Ал, егер керек болса, олар жер бауырлап еңбектеп те кетеді, зымырап жүгіреді де, тау-тасқа өрмелейді. Батпақтан да малтығып өте береді, оларды ештеңе тоқтата алмайды» депті әлгі дүниесінде. Сойқан соғыс жалыны біртіндеп басылып, алыстай түскенімен, жан сыздататын осынау тақырыпқа жиі-жиі қайта оралуымыздың себебі де әлгіндей ара-тұра айтылып қалатын негізсіз пікірлерге деген қарсылық. Аталарымыздың соғыстағы жанкешті ерлігін анау Эренбург соқырға таяқ ұстатқандай анық баяндап кетсе де соған күмән келтіретіндердің табылатыны қынжылтады. Әлгіндей жел сөздерге сене берсек, күндердің күнінде Рақымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсенов, Бауыржан Момышұлының өздері де қиялдан туған кейіпкер болып шықпасына кім кепіл? Осыдан алты-жеті жыл бұрын Ресей қорғаныс министрлігінің әскери тарих институты Рейхстагқа бірінші боп ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев екенін ресми мақұлдаған. Бұл осы ел Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы Владимир Путиннің тікелей ықпалы арқылы бекіген тарихи әділет еді. Алайда, неге екенін, Қошқарбаев ерлігін баяғыдан-ақ іштей мойындап қойғанымыздан ба, ақ түйенің қарны жарылған сол қуанышты хабарды өте жайбарақат қабылдаппыз. Мұндайда кейбір өркеуде ағайындардың бізге ондай дүбірлі жақсылықты қимайтынын қинала түйсінесің. Әйткенмен, қан-қасап соғыстың шежірелі парақтарына үңілген сәттерде жанкешті әкелеріміздің сол бір ерліктері жүрегімізде жазулы тұрғандай әсер билеп, рухтанып отыратынымыз тағы рас.
Бастысы, Жеңісті жақындатқан, жауына қарсы жан аямай күрескен әрбір жауынгердің алдында қарыздармыз. Отанымыз аман, еліміз тыныш болса, сол соғыс құрбандарының ерлігі деп білуіміз керек! Жеңіс күні тірілерге құрмет көрсетіп, қаза болғандарды құрметпен еске аламыз. Біз соғыс салған жан жарасынан әлі күнге дейін айыға қоймаған елміз. Бірақ, бір нәрсе ақиқат, олардың Отан үшін от кешкен әрбір қадамы, Жеңісті жақындата түскен әрбір күні ешқашан ұмытылмақ емес. Өйткені, аталарымыздың ерлік шежіресі кейінгілерге ұлағат, ертеңгі күнге үлгі боларлық сабақ. Сондықтан соғыстың қай заманда да қоғамның дамуына кері әсерін тигізетінін ешқашан ұмытпағанымыз абзал.