Тәуелсіздіктің бір өлшемі – экономикалық дербестік

  Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан». Жуырда ұлыма ойыншық әпермек болып «Балалар әлемі» дүкеніне бас сұқтым. Көздің жауын алатын сан алуан ойыншықтарды көріп, бала тұрмақ өзіміз де қызығып кеттік. Нарықтық экономиканың қағидасына сай ойыншық шығаратын кәсіпорындар тауарларын өтімді ету үшін барынша сәнді, әдемі етіп жасауға тырысатыны көрініп тұр. Бірақ... Сол өнімдердің арасынан бірде-бір отандық ойыншықты таба алмадық.

 

ҚР Премьер-министрі Б.Сағынтаевтың «елімізге келіп жатқан ойыншықтардың қауіпсіздігі күмән тудырады» деген мәлімдемесінен соң біз де аяқ тартып қалғанбыз. Шындығын айту керек, базардағы исі мүңкіген Қытайдың сапасыз ойыншықтарын сатып алып, баланың денсаулығына қауіп төндіргенше, қымбат болса да сапалысын алғымыз келген. Отандық ойыншықтар Шымкентте де шығарылады. Алайда, ол нарықтағы сұранысты қанағаттандыра алмауда. Сол үшін жұрт өзге елдің ойыншығын сатып алуға мәжбүр. Елбасы айтпақшы, баланың болашағына салынған инвестиция – ең тиімді, келешекте міндетті түрде пайдасын әкелетін инвестиция. Ендеше, отандық ойыншықтар индустриясын тезірек дамытсақ, болашақ ұрпағымыздың денсаулығына қауіп төндірмейтін өнімдерді өзіміз жасап шығарсақ, ішкі сұранысты түгел қамтамасыз етсек бұл тараптағы мақсаттың орындалғаны да.

Шынында да, отандық өнім мәселесі қазіргі қоғамның ең өзекті проблемасына айналып тұр десек қателеспейміз. Бұған Шымкенттегі сауда орындарының біріне базарлап барғанымызда көз жеткіздік. Өзімізде тігілген киімдерді сұрағанбыз. Сатушы жігіттің «Базардағы киім-кешектің бәрі де – қытайдыкі. Түркияның тауарлары бар, бірақ өте қымбат. Қарапайым халықтың оларды ала беруге қалтасы көтермейді» дегені көп жәйтті аңғартты. Ішкі нарықтың сұранысын қанағаттандыра алмау деген мәселе бұған да қатысты. Себебі, киім тігетін кәсіпорынның бізде бір емес, бірнешеуі бар. Алайда, ішкі қажеттілікті өтеуге олардың шамалары жетпей тұр. Сондықтан тоқыма өнеркәсібін неге мықтап қолға алмасқа?! Құдайға шүкір, шикізат жетеді. Мақта өзімізде өндіріледі. Мал терісі мен жүнін қайда өткізерімізді білмей, қоқысқа тастап, өртеп жатқан жайымыз тағы бар...

Жалпы, қай салада болсын, отандық өнім мәселесі міндетті түрде алдымыздан шығады. Алысқа бармай-ақ қарапайым базардан өзімізге керек затты іздесек, алдымен көзімізге Қазақстанда шығарылған тауар емес, импорттық өнімдер түседі. Айталық, құрылысқа қажетті құрал-саймандар негізінен Ресей мен Қытайдан импортталса, бүгінде базарларда саудасы қыза бастаған жеміс-жидектер мен көкөністердің басым бөлігі – көршілес Өзбекстаннан тасымалдануда. Осы секілді мысалдар әр сала бойынша толып жатыр. Олардың бәрін тізіп шығу мүмкін де емес. Бір анығы, қарапайым инеден бастап, халықтың тұрмысына қажетті бүкіл өнімді өз қолымызбен жасай алсақ қана бәсекеге қабілетті ұлт атанып, шын мәнісінде ұлттық экономикамызбен мақтана аламыз. Өзіміздің қолымыздан келіп тұрса да өзгенің өніміне мұқтаж болуымыз елдігімізге сын. Тәуелсіздіктің бір өлшемі экономикалық дербестік екенін де естен шығармайық.

Ең бастысы, отандық өнімді тарықпай тұтынатын кезіміз әлі туатынына осы бастан сенейік және соған лайықты амал етейік!

1 пікір

Пікір қалдырыңыз