Эсселерден ескен леп

Қалыйма Жантөрееваны Оңтүстік жұртшылығы «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалы төрағасының орынбасары ретінде жақсы біледі. Қайырымдылық іске біртабан жақын жан ретінде де өңірге танымал. 2007 жылы Алматыдағы Балалар институты дәрігерлерін барлық құрал-жабдық, саймандарымен алдыртып, облыстағы балалар үйлеріндегі 585 баланы он күн бойы тегін медициналық тексеруден өткізу үшін «Қамқор» қоры арқылы ықпал еткенін көпшілік әлі ұмытқан жоқ. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 90 жылдық мерейтойы қарсаңында шығармашылық топтың М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіндегі кездесуінде саланың білгір маманындай сауатты талдау жасап, журналистерге шынайы пейілін көркем тілмен жеткізген. Партияда осындай әмбебап жанның жұмыс істейтініне сүйсініп едік сол жолы.
Араға екі жыл салып Қалыймаңыздың қаламгерлікке жақын екенін, жаны мен көңілі көркем, ақын екенін білдік қой. Өкініштісі, осынау құпия қуанышты жағдайда емес, ашық күнде төбеден жай түскендей үрейді алған, екі мың он алтыншы жылғы қарашаның он үшіндегі тосыннан қара жамылтқан ауыр қайғылы оқиғадан кейін ана жүрегін жарып шығып, жария болып еді. «Түсім өзіме ұнамады. «Түс түлкінің ...» деген деп, өзімді жұбатып қоям. Әншейінде жаман түс көрсем мешітке барып садақа салатын әдетім бар еді. Қара басып, оны да жасамадым. Күн батқанда жаман хабар жетті ғой...
Қоймалжың қайғыдан ой толғадым,
Қанаты қайырылып ақ арманның.
Намаздыгер, намазшам арасында,
Үзіліп кете барды-ау бойтұмарым...» деп егілген еді ана жүрегі сонда. Қорғасындай ауыр қайғы алпыс екі тамырды солқылдата, лықылдап барып өлең болып құйылды. Ешкімнің мақамына ұқсамайтын шашыраған тіркестер дүниеге келді...
«Ұлық Алла!
Кешір пендеңді,
Кәрілер өледі,
Жастар қалады деген,
Жаңсақ ойым үшін,
Уақытша алдамшы тойым үшін.
Көзімді жеткіздің,
Әміріңді өткіздің,
Құдіретіңе бас ием» – деп ары қарай Жаратқаннан кешірім сұрап, өмірдің жалған, өлімнің хақ екенін мойындап, философиялық тұжырыммен түйіндейді. Осы шумақтарда этнопедагогика тарихнамасындағы жұмыр Жер жаратылысы, Аллатану ілімдері мен ұлттық тәлім-тәрбие алғышарттары астасып жатыр. Этнопедагогикадағы қырық бағыттың ішіндегі қасиет, сана, намыс, жігер, парасат, ақыл, ниет, тұжырым өлең жолдарынан өз орнын қисынымен тапқан. Қалыйманың жан күйзелісі мен тебіренісінен ширығып шыққан, ешкімді де бей-жай қалдырмайтын осынау қара өлеңдері мен эсселері қызының қайғылы қазаға ұшырағанына жыл толғанда жарық көрген «Үзілген бойтұмар» атты алғашқы кітабында топтастырылыпты.
Эсселердің бір ерекшелігі, жеңіл оқылады. Жастарға берер тәрбиелік мәні зор эсселердегі басты кейіпкер – автордың өзі. Бүкіл оқиға, мінез айшықтары мен іс-әрекет баяндаушының ой-тұжырымымен өріледі, жүрегінен сүзіліп шыққан сезімінің ыстық лебімен жақсылықты уағыздап, асқақ адамгершілік қасиет пен парасат биігіне жетелейді.
«Жанарынан үміт оты сөнбейтін жан» атты эссесінде 1963-1969 жылдары Шымкент қаласындағы Қ.Сыпатаев атындағы орта мектептің директоры қызметін атқарған ұлағатты ұстаз, аяулы ана, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, Шымкент қаласының құрметті азаматы Махфуза-Мәкен Сейілқызы Хамитова жайлы шәйі орамалға кесте тіккендей шебер кестелеп, әдіптейді. Атасы Балтабай да Шымкент педагогикалық институтында ұзақ жыл еңбек етіп, құрметке бөленген жан. Осындай ұлағатты жандардың қолында тұрып, тумаса да туғандай болғанын еске алады.
«Шаңқобыздың үні» атты эссені тебіренбей, жай ғана сырғытып оқып шығу көзі ашық, көңілі ояу адамның қолынан келмейтін шығар-ау. Анасы екеуі Жаңақорғандағы Құмсаба қорымындағы әже қабірінің басына барған сәттегі боямасыз көрініс әжесі тартқан шаңқобыз үнімен ілесіп, сонау балалық шақпен қайта табыстырады. Жастайынан Рәзия әжесінің тәрбиесінде өсіп, әбден бауыр басқан ыстық сезімінен шипа іздеген шерлі сәт... сіздің де еңсеңізді езіп, бүлдіршін Қалыймамен бірге қабір басында шаңқобыз сарынын тыңдатады.
Рәзия әженің шалы Битас ата ескіше сауатты, орыс тіліне жетік, елге беделді керуенбасы, әулие пейіл адам болған. Бірде керуен көшін бастап бара жатқанда, қайдан пайда болғаны белгісіз, бір ешкі ілесе жүріп отырыпты. Битас ата қадамы майда ешкінің көшке ілесуі қиын шығар деп алдына өңгеріп алмақшы болғанында қолынан сусып кетіп, ғайып болыпты. Осынау ғажайыпқа таң қалған Битас ата тілін кәлимаға келтіріп, уысында қалып кеткен ешкінің бес-алты тал қылын Құран кітабының ішіне ұқыппен салып, балаларына «Құдай бізге бақ берді. Бұдан былай бұл төңірекке бәлекет жоламайды. Тек осы қылды Құран кітаптың ішінен түсіріп алудан сақ болыңдар, әйтпесе берекесіздік басталады» деп табыстайды. «Атам қайтыс болғанда кім екенін ешкім білмейді, тәспі аударғандардың бірі Құранды ашқан кезде әлгі қылды түсіріп алған ба, әйтеуір ұшты-күйлі жоғалыпты. Содан кейін осы әулетті қиындықтар жағалай бастады. Керуен жайына қалып, ел қатарлы күн кешіпті. Естіген адамға аңыз сияқты, бірақ осының бәрі әжемнің өз аузынан естіген әңгімелерім» деп жазады автор. Осы жолдарды оқып отырып эссе авторының бойындағы қасиеттерінің тамыры терең, қайнары тұнық тектілікте жатқанын топшылайсыз.
«Әлемнің жарығын сыйладың сен маған», «Ыстық сорпа», «Ақ моншақ» деп аталатын дүниелер мынау найзағайдай жарқ етіп ғайып болатын қысқа ғұмырда адамдардың бір-біріне деген ең қымбат саналатын риза пейілі, адамгершілік қасиет пен бауырмалдық тақырыбына арналыпты. Бас-аяғы қысқа болғанымен, жан жүректі қозғайтын сезімге тұнып тұр, автордың адамдар тағдырын тап басатын мінез-құлықтарына ерекше мән бергендігі байқалады. «Ыстық сорпада» қоңыр күздің тұнжыраған табиғатымен қоса торыққан көңілін жұбы ажырамай үзіліп түскен егіз жапырақ алаңдатады. Көшедегі көп жүргіншінің бірі болмаса екіншісі басып кетер деген алаң көңілмен жапырақты кітаптың арасына сақтап қойғысы келеді. Адамдар да осы жапырақ сияқты бірі ерте, бірі кеш үзіледі емес пе. Адамдарды арулап басына белгі қояды, айырмасы сол ғана. Осындай ой жетегінде отырғанда телефон шырылдап, сіңлісі Сәлия үйінен сорпа ішіп кетуге шақырады. «Сіңлімнің үйіне асығып бара жатырмын. Бір қаннан таралған, бір емшектен нәр алған бауырларым менің, сыңарларым, жапырақтарым, жоғалмаңдаршы» деп қайталай бердім» деп аяқталады шығарма. Автор кез келген құбылысқа сергек үн қатып, уақыттың жүрек лүпілін тамыршыдай дөп басуға
талпынады.
Ал, енді автордың «Бір ауыз сөздің салмағы» атты эссесі уәдеге беріктік, іскерлік, бірсөзділік, достыққа адалдық, отаншыл, намысшыл рухтағы желіге құрылған. «Түркістан» сарайын Елбасының өзі келіп ашатын кезде негізгі қызметімен қоса қолөнермен айналысатын Қалыймаға сахна пердесін дайындау жүктеледі. Облыс әкімі бас пердеге жапсарлас перденің эскизіндегі алтын түстес керегелер түскен көк кездемені «барқыттан бола ма?» деп сұрағанда облыстық мәдениет басқармасының басшысы жоқ деп айтуға бата алмай, «иә» дейді. Содан аласапыран абыржу басталды» деп автор жауапкершілікті жан жүрегімен, көңіл толқуы мен өршіл әрекеттерін шегіне жеткізе, шебер психологиялық тебіреніспен астастыра баяндайды.
«Сонымен не керек, көк барқыт та табылды, өзіме тиесілі сахнаның пердесін іліп біттік. Негізгі сахнаны ашық жасыл түсті матадан тіккеніміз қандай жақсы болған. Тап бір жаңбыр суы жуып өткен көк майса сияқты. Алтын жіпті оюлары да орын-орнымен айшықты түскен. Қолдан әдейілеп өрген алтын шашақтар менмұндалап қол бұлғаған алтын бидайдың сабақтарына ұқсайды. Арасының жігі көрінбейді. Татумыз, арамыздан ешкімді өткізбейміз деген сыңай танытады. Мың сан жұп қол ұстасып Елбасын тосып тұрғандай. Көгілдір барқыттың үстінен қиюласып түскен алтын түстес керегелер кеңдікті, мәңгілікті, қазақилықты меңзеп, айналаның көркін ашып тұр. Өзіме өзім бірінші рет риза болдым. Ел игілігі үшін жасалған сахнаның әрбір оюында қолымның ізі, ойымның нәтижесі жатқанына қуандым».
Еш жерде аты аталмаса да ең үлкен алғысты ел үшін қызмет еткен ақ, адал ниетінің жүзеге асқан қуанышынан табады. Осылайша Қалыйма эсселерінің өн бойынан әрқилы тағдырлар жарқырай көрініп, ғажайып сиқырымен мейлінше шынайы, мейлінше ыстық қалпымен оқырманын өзіне тартып тұратынын аңғарған да боларсыз. Қаламгер шығармашылығындағы отаншылдық қасиет рухани жаңғырумен бірге қайнап, жас ұрпақ санасының өсуіне септігін тигізетініне бек сенімдіміз. Қаламың мұқалмасын, Қалыйма!
Слам НҰРМАҒАНБЕТҰЛЫ, Қазақстанның құрметті журналисі.