Жарғылық капитал мөлшерi ұлғайды

  Назгүл НАЗАРБЕКОВА, «Оңтүстік Қазақстан». Өткен жылдың қорытындысы бойынша  еліміздегі  жылдық   инфляция – 7,1, ал, ол облыста 7,2 пайызды құраған. Бұл 2017 жылға арналған 6-8 пайыз нысаналы дәлізге сәйкес келеді. Ұлттық Банктің алтын-валюта резервтері 31,1 млрд. АҚШ долларына немесе  4,7 пайызға өскен.  Ал, Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтері 57,8 млрд. АҚШ долларын құраған. Бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ұлттық банкі ОҚО филиалының директоры Әнуар Ботанбеков мәлімдеді.

 

Әнуар Амангелдіұлының айтуынша, валюта нарығындағы жағдай тұрақты. Бүгінде 1 АҚШ доллары 332,33 теңгені құрап отыр. «Облыс экономикасында банктік несиелер көлемі 2016 жылға қарағанда 10,3 пайызға өсіп, 400,9 млрд. теңгеге жетті» деді ол.

Сондай-ақ, филиал 283 айырбастау пунктінің қызметін бақыласа, оның 131-і уәкілетті банктердікі, ал, 152-сі уәкілетті ұйымдарға тиесілі. Облыста былтыр алдыңғы жылмен салыстырғанда АҚШ долларын сатып алу 4,22, еуро 13,9 пайызға өсіп, керісінше Ресей рублі 4,24 пайызға төмендеген.

Брифингте қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүзеге асыратын уәкілетті ұйымдардың жаңа талаптары анықталғаны жөнінде айтылды. Негізгі өзгеріс – жарғылық капитал мөлшерінің ұлғаюы. Мәселен,  Шымкент қаласында орналасқан әрбір айырбастау пункті үшін жарғылық капиталдың мөлшері 20 млн. теңгеге дейін, қала сыртындағыларға 10 млн. теңгеге дейін ұлғайтылған. Өткен жылдың қорытындысымен облыстағы қаржылай өсім депозиттер бағытында байқалады. Яғни, жыл соңында депозиттердің көлемі 4,4 пайызға өсіп, 300,0 млрд. теңгені құраған.

Айта кетейік, облыста 13 коллекторлық агент жұмыс істейді. Филиалға өткен жылы жергілікті екінші деңгейлі банктердің жұмысына сын айтылған 1100-ге жуық арыз-шағым келіп түскен.

Пікір қалдырыңыз