ҰЛТТЫҚ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕР

  Құда түсiп келген қонақтарды қыздың туған-туысқандары, ағайын-жекжаттары өз үйлерiне шақырып, арнайы мал сойып, қонақасы берген. Келiн алуға келген қонақтар бiр түннен артық болмайды. Жаңа құдалар қонаққа шақырған үйге «құда табақ» кәдесiн жасайды.

 

***

Құдалар келе жатқанда ауыл адамдары «Сүйiншi, сүйiншi!» деп хабарлайды. Мұндайда сүйiншi сұраған адамға үй иесi «Қалағаныңды ал!» дейдi немесе оған бағалы сыйлық бередi.

Сүйiншi сұраудың да, сүйiншiге сый алудың да еш сөкеттiгi жоқ.

***

Құдаларды қарсы алу қандай жауапты әрi қызықты салт болса, кетерде аттандыру да сондай мiндеттi жүктейдi. Кұдалардың көлiгiн дайындап, жолға шығарып салу да бұрыннан келе жатқан дәстүрдiң бiрi. Қыздың жеңгелерiне «Құда аттандыру» кәдесi берiледi.

***

Құдалықта мұнан басқа қарғыбау, шеге шапан, қалың мал, өлi-тiрi, бата аяқ, той малы, ат байлар, тойбастар, құйрық-бауыр, сандық ашар, шай құяр, құда тартар кәделерi жасалынады.

***

Күйеу кәдесiне есiк көру, ентiкпе, босаға аттар, шымылдық байлар, балдыз көрiмдiк, күйеу аттандырар жатады.

 

«ҚҰДА МЫҢ ЖЫЛДЫҚ...»

Екi жақ қалай серттескен?

Ертеде дәстүр бойынша құда түсiп келгендердiң көзiнше қыздың әкесi бiр малын құрбандыққа шалатын болған. Оның қаны құйылған ыдысқа екi жақ найзаларының ұшын батырып, одан дәм татқан. «Қанға қан, жанға жан қосылады. Ендi туыс болдық» деп айырылмас құда болуға серттескен оларды «бауыздау құда» деп атаған. Күйеу жiгiттiң әкесi бауыздау қаны құйылған бата аяққа дәулетiне қарай бiр жылқы немесе бiр тоғызға толтырып ұсақ мал атаған екен.

Созақ аудандық тiлдердi дамыту және мәдениет бөлiмi мен әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы бiрлесе отырып, аудандық спорт кешенiнде «Құда мың жылдық» атты тақырыпта құда түсу рәсiмiн сахналаған болатын. Бұл дәстүр сонда көпшiлiкке көрсетiлiп, оның мәнi мен мағынасы түсiндiрiлдi.

Серттесу дәстүрi өткiзiлгеннен кейiн ғана жаңа құдаларға үйдiң есiгi ашылып, төрден орын берiледi. Осы кезде қыздың жеңгелерi келе жатқан күйеу жiгiттiң алдына бақанды көлденең тастап, жолын бөгейдi. Ел iшiнде ұмытыла бастаған ғұрыптың тағы бiрi – осы. Айта кетейiк, қазақ халқы киiз үйдiң түндiгiн ашатын бақанды киелi санаған. Оның үстiнен аттамаған. Сондықтан күйеу жiгiттен қыздың жеңгелерi бақан аттар кәдесiн сұрайды. Сый-сияпат жасалғаннан соң қыздың жеңгелерi бақанның басын бұрып, күйеу жiгiтке және онымен бiрге келген жастарға жол ашады.

 

«Ұндай жұғысты болайық»

Қазiр көпшiлiк ұнды құдалар дастарқанға отырғаннан кейiн жағып жатады. Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы ғылыми ағартушылықты қамтамасыз ету бөлiмiнiң меңгерушiсi Гүлшат Жақанқызы дәстүрiмiзде ұнның құдалар аяқкиiмдерiн шешiп, үйге кiре бастағанда жағылатынын айтады. Бұл «көңiлiмiз ағарды, ендi ұндай жұғысты болайық» деген мағынаны бiлдiредi.

Дастарқанға жайғасқаннан кейiн қыздың жеңгелерi кұдаларға «құйрықтай тәттi, бауырдай жақын болайық» деген ниетпен құйрық-бауыр асатуға кiрiседi. Қазақ халқы мұның өзiне үлкен мән берген. Жеңгелер оны әуелетiп ән айтып отырып жегiзедi.

«Құда, құда дейсiң-ау,

Құйрық бауыр жейсiң-ау,

Құйрық-бауыр жемесең,

Несiне құда дейсiң-ау ай» десе бiрi, екiншiсi:

«Үлкен құда – бас құда,

Кiшi кұда – жас құда.

Құйрық-бауыр әкелдiм

Ауызыңды аш құда-ай» деп жалғастырады. Ендi бiрi:

«Үлкен құдағи ардақты,

Кiшi кұдағи салмақты.

Құйрық-бауыр асатайын,

Тiстеп алма бармақты» дей бергенде мұны тағы бiрi iлiп әкетiп:

«Үлкен құда әнекей,

Кiшi құда мiнекей.

Құйрық-бауыр асаттым,

Кәделерiң қанекей» деп кәде сұрайды. Жiгiттiң жеңгелерi оларға сый-сияпат табыстайды.

 

«Жөргемнiң» жөнi бөлек

Осыдан кейiн құдаларға бас әкелiп, табақ тартылады. Айта кетейiк, табақтың дұрыс тартылмауы кейде қонақтар арасында түсiнбеушiлiк тудырады. Сондықтан сойылған малдың мүшелерiн әркiмнiң дәрежесiне, жасына қарап тарту ету дәстүрi қазақ халқында бұрыннан бар. Мәселен, кұда табаққа бас, жамбас, қазы, қарта, құйрық-бауыр салынса, кұдағи табақта жақ, қазы, қарта, қарын, тоқ iшек, асық жiлiк болады.

Жасыратыны жоқ, қазiр бiз iшек-қарынды шетке ысырып қоятын болдық. Ал, Гүлшат Жақанқызы оның алатын орны ерекше екенiн айтады. Iшектер қарынның iшiнде бiр-бiрiмен араласып-құраласып жататындықтан, ол табаққа негiзiнен қоян-қолтық араласып, сыйластығымыз арта берсiн деген ниетпен салынады екен. Оны қазанға салып асу үшiн қарынды ұзын етiп тiлiп алып, ащы iшек және тоқ iшекпен бiрге өру керек. Бұл «жөргем» деп аталады.

Табақ тартылып болғаннан кейiн сырға салу рәсiмi өткiзiледi. Осы кезде құдаларга қызды көрсетуге алып келген жеңгелердiң бiрi:

«Алла қолдап құдаларымызға сана берсiн,

Жақсы жер болса, қызымыз артына қарамай бара берсiн.

Екi жас бақытты болсын,

Өмiрлерi жаһұтты болсын» десе, екiншiсi:

«Дастарқаның тоқ болсын, уайым-қайғы жоқ болсын.

Жарлы болсаң жасыма, бай болсаң тасыма.

Бақ-дәулет берсiн басыңа,

Бәле-жала, жын-шайтан жоламасын қасыңа.

Иманның байлығын берсiн,

Құт-берекенiң барлығын берсiн» деп ыстық лебiзiн жеткiзедi.

 

Ата күшi. Ана сүтi

– Ертеде құдалықты көңiлдi өткiзу үшiн неше түрлi қызықты әрекеттердi ойлап тапқан. Мәселен, құдалардың iшiнде мұрнын шүйiрiп отыратын кiсiлер кездеседi. Сондайда қыздың жеңгелерi түндiктен басын iлмек етiп бау тастап, оның аяғына бiлдiрмей iлiп кетедi. Сырттағы жiгiттер тартып қалғанда, әлгiнiң аяғы аспаннан келедi екен. Ол сол әзiлге шыдап, кәдесiн берсе оны құдалар жағы кешiредi. Егер де олай етпесе, киiз үйден сүйреп шығарып, өгiзге терiс мiнгiзiп жiберетiн болыпты. «Құда болсаң шыда» деген сөз осыдан қалса керек, – дейдi Гүлшат Жақанқызы.

Дастарқан басында отырғанда жiгiт жақтан келген құдалардың бiрi сөз алып: «Бала бақытын қыздан iздейдi. Қыз бақытын түзден iздейдi. Сiздердiң қыздарыңыз бiздiң баламызды ұнатты. Ендеше, Құдай қосқан құда болып отырмыз. Мәпелеп өсiрген қыздарыңыздың ақысын ата күшiн, ана сүтiн берсек деп едiк. Құдамызға мiнгiзер арғымағымыз бар. Ана сүтi үшiн есiгiңiздiң алдына байлаған бiр қарамызды қабыл алыңыздар» дейдi.

«Төскейде малымыз қосылсын,

Досымыз қуанып, дұшпанымыз тосылсын.

Таудан аққан егiз бұлақ, аяғы теңiз болғай,

Бiр ноқтаға екi құлынымыз бас сұғыпты,

Аяғы сегiз болғай.

Мынау қос қошақандарымыздың бақыты үшiн,

Құрметтi құдалар, төс қағыстырып қойыңыздар» деп екi жақ төс қағыстырып, «Мың жылдық құда болайық!» деп бiр-бiрiне тiлек айтады.

Төс қағыстырудың да ғұрыптық ерекшелiгi бар. Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының қызметкерi Мырзабай Омардың айтуынша, ертеде құдалар үкi алмастырып тағып, төс қағыстырған. Құдалықта орындалатын тағы бiр дәстүр ол – киiт. Құдаға киiт кигiзiп, ат мiнгiзу, иығына зерлi шапан жабу да ата-бабамыздан қалған дәстүр. Шара соңында құдаға шапан жауып, құдағиға ақ жаулық тағады.

Дайындаған Дилара БИМЕНОВА.

1 пікір

  • Гулдана
    Гулдана

    Керемет түсіндіріп бердіңіз рахмет!

Пікір қалдырыңыз