ТАБЫС ФОРМУЛАСЫ

– Оңтүстiктiң бақша өнiмдерi онсыз да мыңдаған шақырымға тасымалданып, Ресейге жетiп жатыр. Ал, солтүстiк өңiрлерде тиiмдi дақылдарды өсiрудi жолға қойып, шекара асыру әлдеқайда пайдалырақ болады деп ойлаймын. Мәселен, Қазығұрт ауданында «Амангелдi» ЖШС солтүстiк облыста 5 мың гектарға егiн егiп, берекелiөнiм жинады. Ол жақтан астық жеткiзiп, ұн өндiрiсiн ұлғайтуға ниет бiлдiрген азаматтар көп, – деп бизнес-форумда атап өткен облыс әкiмi Жансейiт Түймебаев күнгей өңiрдiң терiскейге жыл соңына дейiн 400 мың тоннаға дейiн бақша, 250 мың тонна көкөнiс, 15 мың тонна жемiс-жидек, 15 мың тонна жүзiм жөнелтуге мүмкiндiгi мол екенiн мәлiмдедi.
Ойды ой қозғайды. Облыс әкiмi өзгелерге үлгi етiп, сенiм артқан кәсiпкерлердiң бiрi Нұрлан Құралов басқаратын «Амангелдi» ЖШС 1999 жылы құрылған. Облыстан тысқары, республиканың басқа аймақтарында да бизнесiн дамытып, өрiсiн кеңейткен құрылым аудандар мен қалаларда 30 мың гектар алқапқа дәндi дақыл егедi. 700 гектар жерге тамшылатып суару технологиясын енгiзген. Оның 150 гектарына жүзiм, 500 гектарына жемiс ағаштарын еккен. Мұнда еңбек ететiн 200 адам тұрақты жұмыс тапты.
Нұрлан – киелi Қазығұрт ауданының тумасы. 1963 жылы табиғаты тамаша Көкiбел ауылында дүниеге келдi. Қазақ политехника институтын бiтiрген. Еңбек жолын Балқаштағы металлургия комбинатында мыс балқытушы болып бастады. Кейiн Шымкенттегi қорғасын зауытында жұмысын жалғастырды. «Бұл – Қазақ елiнiң тұңғыш Президентi Нұрсұлтан Назарбаев таңдаған мамандық. Өмiр де домна пешi сияқты қайнап жатыр. Температурасы 1500 градусқа жететiн ыстыққа ердiң сойы ғана шыдайды. Болат балқытып, құрыш құйып шыныққан азаматтар тағдырдың ащы-тұщысынан тайсалмайды. Тәуекелшiл келедi» деп онысын орынды мақтаныш етедi. Елбасымен бiрнеше рет кездестi де.
Одақ ыдыраған кезде қорғасын зауытының жұмысы құлдырады. Заман ағымына қарай әр жұмыстың басын шалмай, бiрден коммерцияға бет бұрды. Бұл оның бизнеске жасаған алғашқы қадамы едi. Бұрынғы колхоз-совхоздар тарап, жұрт жерге қарап қалғанда Н.Құралов шаруалардың басын бiрiктiрiп, агроөнеркәсiп корпорациясын құрды. Техникалар алып, жердi жаңаша әдiстермен игерудiң арқасында жоғары өнiм алуға қол жеткiздi. Солтүстiк облыстардың шаруашылықтарында бидай өсiрудi қолға алды. Трактор-машина паркiн жаңа техникалармен толықтыруға қыруар қаржы бөлдi. Қазығұрт ауданы мен Шымкент қаласында диiрмен салдырып, ұнды облыстан бөлек шетелге сатуды жолға қойды.
Негiзi кәсiптiң көзiн тапқан адам ғана оның игiлiгiн көрiп, жаңа жетiстiктерге жете алады. «Амангелдi» ЖШС тек астық өсiрумен ғана шектелмедi. Үкiмет тарапынан берiлетiн субсидияларды тиiмдi пайдалана отырып, 2008 жылы бау егiп, жүзiм шаруашылығын өркендетуге ден қойды. Көкiбел ауылындағы көнекөздер атасы Құралды бұрын кәнiгi диқан ретiнде жақсы бiледi. Сонау өткен ғасырдағы отызыншы жылдардың басында ашаршылық жайлаған кезде жерлестерi оның бауының жемiсiн жеп, жан сақтаған деседi жұрт. Ата кәсiбiне адал ұлдың қарқынды бау өсiру мен жүзiм шаруашылығының егiнге қарағанда көп табыс әкелетiнiне көзi жеттi. Мәселен, жүзiмге 3-4 жылдай жас баладай күтiм жасау керек. Сосын бау 100 жылға дейiн өнiм бередi. Тек жалықпай күту қажет.
– Бұдан екi-үш жыл бұрын жүзiмнiң алғашқы өнiмiн Мәскеу қаласының орталық базарына алып бардық, – деп еске алады Нұрлан Амангелдiұлы. – Бұрынғы одақ астанасының тұрғындары жүзiмдi таласа-тармаса алды. Экологиялық таза өнiм болғандықтан тауарымыз тез сатылып кеттi. Сондағы бiр кейуананың айтқаны әлi есiмнен кетпейдi. «Балам, дәмi таңдайымызда қалатын мұндай жемiстi жемегенiмiзге көп уақыт болды. Жүзiмнiң мұндай сорты баяғыда құрып кеткен шығар деп едiк. Бар екен ғой. Бiзге осындай өнiмдi тарту еткендерiңiзге рахмет!» деп жанарына жас алды. Сонда менiң көкейiмде «Бiз өнiмдерiмiздi әкелiп, тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыра алады екенбiз ғой» деген нық сенiм пайда болды, – дейдi ол.
Аталмыш серiктестiк 6 жылдан берi қарқынды бау өсiрумен айналысуда. Жоғарыда айтып өткенiмiздей, 500 гектар жерге алма, өрiк, шабдалы, шие егедi. Кәсiпкер «ҚазАгроҚаржы» акционерлiк қоғамының қаржылай қолдау қоры арқылы 863 млн. теңгенiң жобасын ойдағыдай жүзеге асырды. Агроқұрылым келешекте польшалық инвесторлармен бiрлесiп, жемiстерден түрлi тосап, шырын, джем, концентрат шығару жөнiнде келiсiмге келдi. Бұл күндерi жобаны қаржыландыратын қаржы институттарымен келiссөздер жүргiзiлуде.
Қазақстанға негiзiнен шетелден шабдалы, қара өрiк, қызыл шие тасымалданады. Ал, Оңтүстiктiң климаты осындай жемiстердi өсiруге өте қолайлы. Елбасының тапсырмасына сай импорттық тауарларды отандық өнiмдермен алмастыратын кез әлдеқашан жеттi. Осы қағиданы басшылыққа алған Н.Құралов және ол басқаратын агроқұрылым алдағы уақытта облыс қажетiнен артылған жемiс түрлерiн Ресейге және ТМД елдерiне жөнелтпек. Жаңа технологияның жай-жапсарын бiлетiн тәжiрибелi маман Бирол Қарабұлұтты серiктестiк басшылары Түркиядан арнайы алдыртқан. Шетелдiк агроном мұндағы жұмыстарды жолға қоюға жәрдемдеседi. Оның айтуынша, бiрiншi жылы алманың әрбiр түбiнен 5 келiден өнiм жиналған. Жасынан асқан ағаштардан кейiн 25-50 келi алма алуға болады. Сонда әр гектардан 75 тонна жемiс жинауға мүмкiндiк бар. Ал, 2014 жылдан берi «Амангелдi» ЖШС тұқымбақ мәртебесiн алып, жылына 1,5 миллион жемiс-жидек және жүзiм көшетiн өсiруде.
Кейiпкерiмiз экономиканы әртараптандыру бағытына да қомақты үлес қосып келедi. Компанияның бұдан басқа мал бордақылау алаңы мен тауарлы сүт фермасы да жұмыс iстейдi. Құрылыс нысандарын салуға да атсалысып жүр. Қазiргi кәсiпкер жан-жақты болуы тиiс. Бұл – Нұрлан Құралов және ол басқаратын корпорацияның басты қағидасы.
Серiкқали ЖЕКСЕНБАЕВ, «Оңтүстiк Қазақстан».