Шақпақ атадағы орнитологиялық орталық...

  мұнда бiрнеше мемлекеттiң ғалымдары жұмыс iстейдi Көктем сайын көгiмiзде тыраулайтын тырналарға қарап түрлi жорамал айтатын бiз табиғатқа сән берiп, көк аспанға көрiк сыйлап, күллi болмыс-жаратылысымен ғажайыптар әлемiне жетелейтiн құстар әлемiн жете бiлмейдi екенбiз. Сол бiлмейтiндерiмiздiң арасында Түлкiбас ауданының шекарасындағы Шақпақ ата ауылында орналасқан орнитологиялық стансасы бар.

 

Шақпақ орнитологиялық стансасында 20 жылдан берi қызмет iстейтiн Рамазан Құдабаев бiздi бiраз жайттан хабардар еттi.

Жалпы, орнитология терминiн алғаш рет ғылымға ХVI ғасырда итальян ғалымы У.Альдрованди енгiзген. Орнитология – құстардың дамуын, физиологиясын, жер бетiне таралуын зерттейтiн ғылым. ХХ ғасырдың 70-80 жылдары Қазақстан аумағында, оның iшiнде бұрын аз зерттелген Тянь-Шань, Алтай тауларын, Бетпақдала өңiрi мен Маңғыстау, Бозашы шөлейттi аймақтарын мекендейтiн құстарға орнитологиялық зерттеулер толық жүргiзiлген. Құстардың қоныс аударуы өзгеше бiр әлем. Оның әуе жолымен ұшып өтетiн бағытын зерттесеңiз, талай құпияға қанық боласыз. Орнитолог-ғалымдар құстарға сырға салу арқылы олардың популяциясының жағдайын, сирек кездесетiн және жойылып бара жатқан түрлерiн анықтайды. Су құстарын пайдалану, жәндiкқоректi құстарды өзен бойындағы және таудағы ормандарға қоныстандыру арқылы олардың ауыл шаруашылығына тигiзетiн пайдасын анықтау да маңызды. Мәселен, бiр қарлығаш бүкiл жаз бойы 1 миллион құрт жейдi екен. Қараторғайлардың бiр тобы балапандарымен 22 тонна шегiрткенi азық етедi деседi (Осы жерде бiздегi диқандардың ала жаздай шегiрткелер шабуылына ұшырауы еске түседi).

Қазақстанда Ғылым Академиясының Зоология институты құстар әлемiн зерттеудi 1966 жылы бастады. Орнитолог ғалым И.Долгушиннiң басшылығымен құстарға сақина салып, зерттеумен айналысатын ғылыми орталық ұйымдастырылды. Мiне, сонда Шақпақ ата асуы неге таңдалды? Тянь-Шань тау жоталары елiмiздiң оңтүстiк-шығысында 1000 шақырымға созылып жатыр. Мiне, осы тау жоталарынан өте алмаған жыл құстары Шақпақ ата асуы арқылы ұшып өтуге мәжбүр. Дәл осы жерде Тянь-Шань мен Қаратау тауы түйiседi де екi аралық ойпаң болып келедi. Жылы жақтан ұшып келе жатқан жыл құстары осы ойпаң-қуыс жерден көктемде берi, күзде әрi ұшып өтедi екен. Содан кейiн күзде құстар оңтүстiктегi жылы аймақтарға қайтарда Шақпақ ата асуындағы осы жазық жерге аялдайды. Ендеше, орнитологиялық станса салуға қолайлы орын емес пе? Демек, жыл құстарының демалып өтер үлкен аялдамасы (бәлкiм әуежайы десек те жарасар), қасиеттi Түлкiбас аумағында жатыр! Бұл да табиғаттың бiзге жасаған үлкен тартуы.

Орнитологтар солтүстiктен оңтүстiкке қоныс аударатын қараторғай, шәуқарға, тағанақ, торғай, тағы басқа да құстардың Шақпақ ата асуы арқылы өтетiнiн сақина салу арқылы анықтаған. Дәл осы асу арқылы құстың 200-ден аса түрi көктем мен күзде әрi-берi өтедi екен.

Ал, осы кезде ғалымдар екi жотаның арасындағы берiк жiптен тоқылған үлкен торларды биiк бағандарға керiп байлайды. Конус пiшiндi торға түскен құс қайта шыға алмайды. Өйткенi, тордың артқы шетi бiрте-бiрте тарылып, құс сиятындай қуысқа айналады. Осы қуыс арқылы құс арнайы жәшiкке түседi. Жәшiкке түскен құсты зерттеушiлер лабораториялық тексеруден өткiзедi. Сирағына реттiк саны жазылған сақина салады. Құс туралы барлық мәлiмет арнайы журналға тiркеледi. Мұнан соң құс бостандыққа жiберiледi. Құстар әртүрлi қауiптi, жұқпалы аурулардың қоздырғышын (энцефалиттер, арбовирустер, гельминттер) денесiнде сақтаушы әрi тасымалдаушы болуы мүмкiн. Мұндайда дәрiгерлер сақтық шараларын жасайды.

Сақина салу арқылы құстардың қай аймақтарға ұшып баратыны мен қанша жыл өмiр сүретiнi де анықталады. Мәселен, сақиналау әдiсiмен кәдiмгi шағала – 32, күмiс түстi шағалалар – 36, қараторғай 15 жылға дейiн өмiр сүретiнi белгiлi болған. Шақпақ асуында және Алакөл көлiнде Испания мен Үндiстанда сақиналанған торғайлар торға түскен. Сондай-ақ, торғайлар Үндiстан мен тропикалық Африкада, сұр қарлығаштар Африка мен Мадагаскарда, тырналар Оңтүстiк Азияда, шақшақайлар Африкада қыстайтыны анықталған.

Иә, бiздiң Жер шарының құрлықтарға бөлiнуiн географ ғалымдар құстардың таралуы мен қоныс аударуын есепке ала отырып жасағанын да бiле жүруiмiз керек. Сонымен бiрге, Шақпақ ата асуындағы орнитологиялық орталық Қазақстан мен Орта Азиядағы бiрегей зерттеу мекемесi екенiн де ұмытпалық. Мұнда бiрнеше мемлекеттiң ғалымдары жұмыс iстейдi.

Жаратқан Иемiз әлiмсақтан екi тiршiлiк иесiн азат етiп жаратыпты. Олар – адамдар мен құстар. Жердегi пенделерден гөрi аспандағылар еркiн де азат. Десек те, Қазақстанды Отаным деп санайтын барша қауым азаттық пен татулықтың тәттi дәмiн сезiнiп келедi. Егемен елiмiздiң туында еркiндiк пен бостандықтың символы ретiнде бейнеленген қыран – ықылым замандарда аттың жалында, түйенiң қомында көшiп-қонып өмiр сүрген қазақ халқының тұрмыс-тiршiлiгiнде, таным-түйсiгiнде ерекше орын алған қастерлi құс. Иә, көк жүзiн еркiн шарлаған құс атаулы тарихымызбен тамырлас, наным-сенiмiмiзбен ортақтас екен.

Әне, көктемдi қанатына қондырып, Оңтүстiгiме құстар да келiп жеттi. Шықшы тауға, қарашы айналаға, көк көйлек киген көктемiм тоты құстай мың құлпырып, тiршiлiктi балқытып алау оттан, ала қашып көңiлдi алабұртқан, жарқ етiп көрiнбей ме ала бұлттан?!.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ.

Пікір қалдырыңыз