«Бар байлығым – балаларым!
Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ,
«Оңтүстік Қазақстан».
Мақтаарал ауданында өнегелі ісімен, тәлімді тәрбиесімен ауыл-аймаққа үлгі болып жүрген отбасылар аз емес. Сондай құтты шаңырақтардың бірі – Атакенттегі «Өркениет» мөлтекауданында тұратын Қожановтар отбасы. Отағасы Лесбай ағамыз бен жұбайы Шәрипа апамыз – бүкіл саналы өмірлерін білім беру ісіне арнап, шәкірт тәрбиелеген ардагер педагогтар. Лесбай аға қырық жыл мектеп басшысы болып қызмет істеп, қаншама оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беруге бар қажыр-қайраты мен күш-жігерін жұмсады. Өкініштісі ағамыз өмірден ерте өтіп кетті.
Биыл отбасының береке, бірлігін сақтап, ұйытқысы болып отырған Шәрипа анамыз мың айдың жүзін көріп, 83 жасқа толады. Ол кісі өсіп-өнген үлкен әулеттің тірегі, қамқоршысы. Өмірсерігі Лесбай аға екеуі дүниеге әкелген 13 перзенттің екеуі жастай шетінеп кетті де, қалған ұл-қыздары аман-есен азамат болып жетілді. Бәріне жоғары білім әперді, бәрін үйлі-жайлы етті. Балаларының бәрі өмірден өз орындарын тапты, түрлі салада абыройлы еңбек етіп келеді. Асқар тау әкелері бақилық болған соң бар ауыртпалық Шәрипа апаның иығына түсті. Бірақ ананың аялы алақаны мен шексіз мейірімі әр үйге жылылық, қуаныш сыйлайды ғой. Мейірім шуағы мол аналары ойсырап қалған әке орнын білдірмеуге тырысты. Көңілдеріне қаяу түсірмей, жабырқаса жұбатты, мұңайса жігерлендірді. Жұбайы екеуі бір-біріне сүйеу болып, тату-тәтті ғұмыр кешті, ең бастысы, өнегелі ұрпақ тәрбиеледі. Ұстаздар отбасында өскен балалары кішкентайларынан құймақұлақ, тілалғыш, еңбексүйгіш, оқу-білімге құштар болып өсті.
– Лекең екеуміз ең алдымен бала-шағамыздың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлдік. Бар білгенімізді, ата-бабадан келе жатқан ұлттық құндылығымызды, салт-дәстүрімізді перзенттеріміздің бойына сіңіруге тырыстық. Ұрпағымыз саналы, тәрбиелі болсын дедік. Үйге сән емес, береке керек, отбасына байлық емес, татулық керек. Береке кірген үйдің есігі тар болса да, төрі кең болады. Ұл-қыздарымызға осыны ұғындырдық, – дейді Шәрипа апа.
Шәрипа апаның тағы бір қыры – ісмерлігі. Жастайынан тігін тігіп, қазақтың ою-өрнектерін насихаттап, құрақ құрағанды жаны сүйеді. Оның қолынан шыққан әр бұйым – ананың мейірімі мен шеберлігінің нышанындай. Бұл өнер қыздарына да дарыған. Олар ұлттық киім тігудің һас шеберлері. Кенже ұлы Дәулет ұлттық құндылықтарды дәріптеуге ерекше мән беріп, жылқы шаруашылығын дамытып, атакәсіпті жалғастырып жүрген азамат. Жұбайы Салтанат екеуі қымызхана ашып, халқымыздың қасиетті сусынын насихаттауда. Индира, Жәмила, Қымбат, Мақсат, Жұмат, Таңат, Асхат – бәрі кәсіпкерлер.
Бұл әулетке ұлттық спортқа деген сүйіспеншілік те тән. Қос ұлы Мақсат пен Дәулет өңірге белгілі атбегі, ұлттық көкпар ойынын жаңғыртып жүрген азаматтар. Болаты да өнерлі азамат. Ол суретші әрі музыкант. Жұбайы – Нұрила аспаз.
Өмірдің мәнін ұрпақ бақыты деп білетін Шәрипа апа өзінің бар күш-жігерін балаларының тәрбиесіне арнады. Ол ешқашан байлыққа, атаққа қызыққан емес.
– Менің бар байлығым – балаларым. Олардың амандығы, адал еңбегі, тату-тәтті өмірі – менің ең үлкен жетістігім, – дейді «Алтын алқа» иегері Шәрипа апа. Бұл сөздерден ананың жүрек жылуын, өмірлік ұстанымын аңғаруға болады.
Бүгінде ұл-қыздарынан 51 немере, 83 шөбере сүйіп отырған апамыз отбасының береке-бірлігін бәрінен биік қоятын жан. Шәрипа апаның перзенттері «анамыздың мейірімі мен батасы – біз үшін үлкен күш. Анамыз аман болып, 100 жасасын!» дейді тебірене сөйлеп.
Иә, ұрпағыңыздың қызығына тоймай, жарқырап жүре беріңіз, Шәрипа апа! Алла Сізге шөпшек сүюді нәсіп етсін!
Мақтаарал ауданы.