Декларацияны кімдер және қашан тапсырады?

2026 жылдан бастап жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне бірқатар маңызды өзгеріс енгізілді. Соған орай декларация тапсыру тәртібі оңтайландырылып, азаматтарға түсетін әкімшілік жүктеме азайды. 

Қағазбастылыққа жол берілмейді

Елімізде жалпыға бірдей декларациялау жүйесі 2021 жылдан бастап кезең-кезеңімен енгізіліп келеді. Оның негізгі мақсаты – азаматтардың кірістері мен мүлкі туралы мәліметтердің ашықтығын қамтамасыз ету, салықтық міндеттемелерді орындау мәдениетін қалыптастыру және көлеңкелі экономиканың үлесін азайту. Биылдан бастап аталған жүйеге бірқатар өзгерістер енгізіліп, декларациялау тәртібі жеңілдетілді. Атап айтар болсақ, енді артық қағазбастылыққа жол берілмейді. Ең маңызды өзгерістердің бірі – жалпыға бірдей декларациялаудың төртінші кезеңінің оңтайландырылуы. Бұдан былай тек жалақы, зейнетақы немесе стипендия алатын, Қазақстан аумағында ірі мүлік сатып алмаған азаматтарға 270.00 нысанындағы декларацияны тапсырудың қажеті жоқ. Бұл өзгеріс азаматтардан мемлекетке бұрыннан белгілі ақпаратты қайта ұсынуды болдырмауға мүмкіндік береді. Себебі, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне азаматтардың кірістері, мүліктері және өзге де қажетті мәліметтер туралы ақпараттар енгізіледі. Осылайша, декларациялау жүйесі цифрлық мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдалануға бағытталып жатыр.

240.00 нысаны жойылды

Биылғы жылдың тағы бір маңызды жаңалығы, 240.00 нысанының жойылуы.

Бұған дейін шетелдегі банк шоттары, активтері немесе табыстары туралы мәліметтерді көрсету үшін 240.00 нысаны ұсынылатын. Енді мұндай мәліметтер 270.00 нысанына біріктірілді. Сонымен қатар 270.00 нысанының мазмұны да ықшамдалды. Енді жұмыс беруші арқылы алынған және салық органдарына бұрыннан белгілі табыстарды қайта көрсетудің қажеті болмайды. Негізгі назар азаматтардың шетелдік активтеріне, ірі мәмілелеріне және декларациялауға жататын мүлік пен активтеріне аударылады.

2026 жылы декларация тапсыру міндеті барлық азаматтарға бірдей қатысты емес. Заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес, 270.00 нысанын тапсыруға міндетті мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектор қызметкерлері және олардың жұбайлары; бизнес иелері, заңды тұлғалардың құрылтайшылары мен басшылары және олардың жұбайлары; жеке нотариустар, адвокаттар, жеке сот орындаушылары және медиаторлар; шетелдік банктердегі шоттарында 1 000 АЕК-тен асатын қаражаты бар тұлғалар; есепті жыл ішінде жалпы сомасы 20 мың АЕК-тен асатын ірі мүлік сатып алған азаматтар; декларациялауға жататын цифрлық активтері бар тұлғалар жатады. Ірі мүлікке Қазақстан аумағында немесе шетелде сатып алынған жылжымайтын мүлік, көлік құралдары, бағалы қағаздар және заңнамада көзделген басқа да активтер жатуы мүмкін.

2026 жылы ұсынылатын 270.00 нысанындағы декларация 2025 жылға қатысты. Декларацияны тапсырудың соңғы мерзімі 2026 жылдың 15 қыркүйегінде аяқталады. Салық органдары декларация тапсыруға міндетті азаматтарға белгіленген мерзімді күтпей, есептілікті алдын ала тапсыруды ұсынады.

Онлайн тапсыруға да болады

Бүгінде декларация тапсыру үшін салық органына барудың қажеті жоқ. 270.00 нысанын электрондық форматта қашықтан ұсынуға болады.

Декларацияны «Салық төлеушінің кабинеті», СӘБЖ ақпараттық жүйесі, eGov.kz электрондық үкімет порталы, e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы, екінші деңгейдегі банктердің мобильді сервистері арқылы тапсыруға болады.

Бұл азаматтардың уақытын үнемдеп, салықтық міндеттемелерді орындауды барынша қолжетімді етеді. Жалпыға бірдей декларациялау жүйесіндегі 2026 жылғы өзгерістердің басты мақсаты – салықтық есептілікті оңтайландыру, артық қағазбастылықты азайту және цифрлық технологияларды кеңінен қолдану.

Сондықтан әрбір азамат өзінің декларация тапсыру міндетіне жататынын алдын ала анықтап, қажетті жағдайда 270.00 нысанын белгіленген мерзімде ұсынуы қажет.

Мерзімді өткізіп алған жағдайда не істеу керек?

Декларация тапсыру мерзімі 2026 жылдың 15 қыркүйегінде аяқталды. Мерзімі өтіп кеткенімен, бұл деклорация тапсыру міндеттемесін жоймайды. Электронды жүйелер арқылы декларацияны әлі де жіберуге болады. Мерзімді өткізіп алған жағдайда салық органдары тарапынан алғашында ескерту беріледі. Егер жыл ішінде тағы қайталанса, әкімшілік айыппұл қарастырылған. Декларация  мерзімінде тапсырылмаса, салық органдары банктік шоттардағы шығыс операцияларын уақытша тоқтата алады. Сондықтан мерзімді өткізіп алсаңыз да, кейінге қалдырмағаныңыз жөн. Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті азаматтарды салықтық міндеттемелерін уақтылы орындауға және декларация тапсыру мәселелеріне жауапкершілікпен қарауға шақырады.


Мақсат НҰРАХАЕВ, 

Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы.

Пікір қалдырыңыз