«Қарттарым аман сау жүрші...»
Жыл сайын қазан айының басында
атап өтілетін Халықаралық қарттар күні мерекесінің орны ерекше. Иманды адам,
жан-жүрегінде нұры мол кісі «Құдайға шүкір, қариялыққа да аман-есен жеттік,
тәубе» деп шүкіршілік етеді.
Биылғы мереке еліміздің Тәуелсіздігінің 35 жылдығымен
орайласып келуде.
Тәуелсіз
еліміз аға буын өкілдеріне барынша қамқоршылық жасап, әртүрлі әлеуметтік
көмектер көрсетіп келеді. Зейнетақы жыл сайын қосылып, мемлекеттік жәрдемақы
молаюда. Халқымыздың саны 20 миллионнан асып, адамның өмір сүру ұзақтығы 76
жасқа дейін ұлғайды.
Облыстық
ардагерлер кеңесі 17 аудандық, қалалық ардагерлер кеңесіне біріктірілген 562
бастауыш ардагерлер ұйымы құрайды. Қарияларымыздың арасында 3 ҰОС ардагері, 2 082
тыл ардагері бар. Ардагерлер саны өткен жылмен салыстырғанда 22 212-ге артып,
13%-ға өсті. Бастауыш ардагерлер ұйымы 550-ден 562-ге, яғни 12 ұйымға көбейді.
Басты міндет бастауыш ардагерлер ұйымдарының
рөлін арттыру және оларға жұмыс істеу үшін материалдық-техникалық жабдықтармен,
арнайы кеңсемен қамтамасыз ету тағы басқа да жағдайлар жасалуына жәрдем беру
болып табылады. Бұл мәселенің шешілуіне жергілікті әкімдіктер көмек көрсетуде,
оларға ризашылығымызды білдіреміз.
Бастауыш
ардагерлер ұйымдарының жас ұрпақ тәрбиесіне және ардагерлердің қозғалысының
дамуына үлес қосып жүрген ауылдағы азаматтарға айтар алғысымыз мол. Әсіресе,
Созақ, Шардара, Келес, Жетісай, Сарыағаш, Қазығұрт, Түлкібас аудандық және Арыс
қалалық ардагерлер кеңесі төрағаларының нәтижелі жұмыстарын атап өткен жөн. Қарияларға
қамқорлық жасау және әлеуметтік қолдау ешқашан ұмыт қалған емес. Қоғамдық
көлікте тегін жүруге, жеңілдікпен дәрі-дәрмек алу тағы басқа да шығындарға жалпы
145 миллион теңге қаржы жұмсалды. 80 жастан асқан жалғызілікті 1 605 қарияның
зейнетақысына қосымша бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көмек беріліп,
жылда орта есеппен 6 520 ардагерге қажетті газет-журналдар тегін жаздырылып
берілді.
Ұлы
Жеңістің мерекесіне орай Ұлы Отан соғысына қатысушыларының әрқайсысына 5 миллион
теңгеден, басқа санаттағы ардагердің әрқайсына тиісінше 50-118 мың теңге
аралығында қаржы берілді. Демеушілер есебінен 92,4 млн.теңге қаржылық және
заттай көмек көрсетілді.
Бабалардың
ерлігін ұрпаққа өнеге етіп қалдыру мақсатында «Рух пен жігер жеңісі» тарихи
кітабы шығарылып, онда 1941-1945 жылдар аралығындағы соғыс туралы, сол
жылдардағы майдангерлер мен тылдағы еңбеккерлердің өмір жайындағы тың деректерге
мән берілді. «Ардақтаймыз» атты сайт ашылып, ҰОС ардагерлері туралы толық дерек
жүктелді.
Республикалық
Орталық кеңестің бастамасымен қолға алынған «Іскерлік және жанашырлық»
жобасының аясында әлеуметтік қолдауға аса мұқтаж 691 жанға демеушілер есебінен
орта есеппен 40,6 миллион теңгенің көмегі көрсетілді. «Ардагерлерді аялайық»
акциясының шеңберінде 500-ге жуық аға буын өкілдері Астана, Жамбыл, Қызылорда,
Ұлытау, Абай, Түркістан, Самарканд, Бұқара тағы басқа облыстар мен қалаларға
саяхат жасап, туған өлкенің терең тарихымен танысты.
Есепті
кезеңде облыс бойынша 9 201 әртүрлі санаттағы ардагерлер өңірдегі
шипажайларда демалды. Станционарлық
жағдайда орта есеппен жылына 1 087 қарт тегін ем алса, оның ішінде күндізгі
стационарда 751, үй жағдайында 1 325 қария денсаулығын түзеді. Облыстың
аудан, қалаларындағы емханаларда арнайы ардагерлер палатасы бар.
Ардагерлердің
өмір сүру сапасын арттыру, салауатты өмірін ұзарту, қарттардың
әлеуметтік-психологиялық әл-ауқатын жақсарту және қоғам өмірінің әртүрлі
салаларына, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысу мүмкіндіктерін кеңейту
мақсатында облыста «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтары ашылуда. Қабылданған
іс-шаралар жоспарының аясында 17 аудан, қалаларда тойхана, қонақ үй немесе
жаңадан салынған ғимараттар осындай орталықтарға айналды.
Жалпы 20
орталықта (Жетісайда-2, Түркістанда-3) ардагерлер мен қариялар үшін барлық
мүмкіндіктер қарастырылған. Ойдағыдай емделуге, демалуға, түрлі ойын түрлерімен,
спортпен айналысуға, сауаттылыққа, кітап, газет-журналдар оқуға жағдай
жасалынған.
Жалпы бір
мезгілде бұл орталықтар 23 мың адамды қамтиды. 14-ке дейін қызмет түрі
көрсетіліп, 264 қызметкерлер тұрақты жұмыспен қамтылған. Атқарылған жұмыстардың
тағы бір бағыты, еліміздегі сотталғандар санының көрсеткішін төмендетуге,
тараптардың татуласуына мүмкіндік беру, отбасын сақтауға бағытталған «Дәнекер»
пилоттық жобасы іске асырылуда.
Есепті
кезеңде 21 кәсіби, 355 қоғамдық медиатор-ардагерлер осы жоба аясында бірқатар
жұмыс атқарды. Жалпы 755 дау реттеліп, бұқаралық ақпарат құралдарында 19 мақала
мен сұқбат жарияланды. 39 кездесу мен семинар өткізілді. Негізгі бағыттың бірі
— ұрпақ тәрбиесі. Бүгінгі таңда аудандық, қалалық ардагерлер кеңестерінің
жанынан және облыстағы 902 мектепте «Әкелер мектебі», 528 елді мекенде «Әжелер
алқасы» жастар тәрбиесі бойынша танымдық-тәрбиелік жұмыстар атқаруда.
Осыған орай
облыста «Әкелер мектебі» мен «Әжелер алқасының» жұмыстарын бір арнаға
тоғыстырып, ұрпақ тәрбиесіне байланысты «Ата әулиеттің — тірегі, Әже ұрпақтың —
жүрегі» атты тақырыптың аясында, ұрпақ тәрбиесіне қатысты 30-дан астам іс-шара
ұйымдастырылып, 2 мыңнан астам жас қамтылды. Сонымен бірге, жергілікті
телеарналарда сахналық көріністер көрсетіліп, бала-бақшадан бастап, тәрбиелік
мәні бар ертегі, әңгіме айтуды және кітап оқуды ұйымдастырылуда.
Тәуелсіздік
алған жылдардан бері еліміздегі тұрақтылықтың, бірлік пен татулықтың сақталып,
нығаюына ардагерлердің қосқан үлесі аз емес. Еліміздегі барлық саяси
реформаларды және Президентіміздің бастамаларын облыс ардагерлері қолдап,
насихаттап Қазақ елінің Мәңгілік ел болуы жолында еңбектенуіне аянбай атсалысып
келеді. Даналықтың көзі саналатын әрқайсыңыздың орныңыз қашан да төрден
табылатынына, елдің ынтымағы мен бірлігіне, дамуына үлес қоса беретіндеріңізге
сенеміз.
Мереке
құтты болсын!
Жеңісбек
МӘУЛЕНҚҰЛОВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.