Қазан айы құбылмалы болады

Әне-міне дегенше, күз мезгілінің екінші айы да жетті. Қазір шаруалар жерден өнген өнімді төкпей-шашпай жинап алудың қамында жүр. Олар үшін қазір ең керегі – ауа райының қолайлы болуы. 

Біз осыған орай «Қазгидрометтің» Түркістан облысындағы филиалына хабарласып, алдағы күн райының қалай болатынын сұраған едік. Олардың мәліметінше, қазан айындағы ауа температурасы жылдағыдан 1-2 градус жылы болатын көрінеді. Бұл, әрине, республиканың оңтүстік және батыс өңірлеріне қатысты жағдай. Ал, солтүстік аймақтарда нормадан 1-4 градус төмен болады.
Ал, Түркістан облысындағы күн райы өткен жылдардағы орташа көрсеткіштен аса өзгеше болмайтын сияқты. Күндіз ауа температурасы +18 градус шамасында болса, түнде +10 градус болады. Кей күндері +30 градусқа дейін ыстық болады. Ара-тұра күн бұлттанғанымен, жауын-шашын көп түсе  қоймайды. Есесіне, желді күндер жиі болады. Яғни, бұл қазан айы құбылмалы болады деген сөз. Жылы күндердің орнын кенеттен болатын суық ауа райы алмастыруы мүмкін. 
Қорыта айтқанда, бұл ай желі көп, ызғары мол ай. Осы айда егін және бақша өнімдері дер кезінде жиналып алынбаса, қазан ұрып, өнім жарамсыз болып қалады. Сондықтан шаруалар бұл айдың әр күнін тиімді пайдаланғаны абзал.

Д.ЖҮСІП.
Пікір қалдырыңыз