КЕЛІ-КЕЛСАП

Келі мен келсаптың дүрсілі бір кездері әр үйден естілетін. Келіге түйілген тары мен бидай кез келген отбасының ырыздығы еді.
Бүгінде келі мен келсап күнделікті қолданыстан алыстады. Дүкен сөресінде дайын азық-түлік өнімдері самсап тұр. Алайда, ағаштан жасалған осы қарапайым бұйым халқымыздың тұрмыс-тіршілігінен, еңбек мәдениетінен және ұрпақ тәрбиесінен сыр шертетін құнды жәдігер болып қалды.

Дәннен – дастарқанға дейін
Ата-бабамыздың негізгі кәсібінің бірі егіншілік болған. Тары, арпа, бидай секілді дәнді дақылдарды егіп, жинап қана қоймай, оны тазалап, түрлі тағамдар дайындаған. Келі мен келсап осы жұмыстың ажырамас бөлігі еді.
Келіге салынған дән келсаппен түйіліп, қабығынан аршылатын. Бұл бір қарағанда қарапайым жұмыс көрінгенімен, оған күшпен бірге ептілік пен төзім қажет болды. Бір адам келі түйсе, екіншісі дәнді реттеп, жұмысты жалғастырған. Осылайша тіршілікке қажет азық қол еңбегімен дайындалды.
Археологиялық және этнографиялық деректер дәнді ұсақтауға арналған құралдардың өте ерте кезеңдерден қолданылғанын көрсетеді. Демек, келі мен келсаптың тарихы халқымыздың күнделікті тұрмысымен бірге қалыптасқан.

Шебер қолынан шыққан бұйым
Келі жасау оңай шаруа емес. Шебер алдымен ағаштың қасиетін таныған. Жарылмайтын, берік әрі ұзаққа шыдайтын ағашты таңдап, оны өңдеген. Ішін ойып, кептіріп, қажетті пішінге келтірген.
Келінің көлемі мен пішімі әртүрлі болған. Шұңғыл келі, тақта келі, нар келі, құрама келі сияқты атаулар оның атқаратын қызметіне қарай жасалғанын аңғартады.
Келсаптың өзі де арнайы ыңғайға келтірілген. Сабы қолға жайлы, соғатын бөлігі салмақты әрі берік болған. Дән түю кезінде дұрыс ырғақ сақталмаса, жұмыс өнбейді. Сондықтан бұл кәсіп адамнан машық пен ұқыптылықты талап еткен.

Балаға еңбектің қадірін ұқтырған
Келі мен келсаптың тәрбиелік мәні де ерекше болған. Үйдің үлкендері дән түйгенде, балалар да қарап отырмай, қолғабыс еткен. Бірі келіге дән салса, екіншісі келсаппен түйген. Үлкендерге көмектесе жүріп, құралды дұрыс ұстауды, жұмысты рет-ретімен атқаруды үйренген. Дәнді ысырап етпеу, асты қадірлеу сияқты қасиеттер осындай күнделікті тіршіліктен сіңген. Бала еңбектің қадірін сөзден емес, істен түсінген.
Бүгінде келі мен келсапты музейден немесе мәдени орталықтардан ғана көреміз. Бірақ, оны жас ұрпаққа көрсетіп қою жеткіліксіз. Бұл бұйымның қалай жасалғанын, не үшін қолданылғанын, оның артында қандай еңбек жатқанын түсіндіру де қажет. 
Келі – қарапайым ағаш бұйым. Бірақ, оның тарихына үңілсек, қазақтың көп тұрмыс-тіршілігінен хабардар боламыз. Келі-келсаптың бойында отбасының күнделікті еңбегі, ананың қамқорлығы, баланың тәрбиесі, шебердің өнері мен дастарқанның берекесі тоғысқан. Сондықтан мұндай жәдігерді сақтау – өткеннен қалған бұйымды көздің қарашығындай қорғау ғана емес, оның қадірін ұрпаққа ұғындыру үшін де керек. 

Мәдина ЕСПАНОВА, 
Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің әдіскері.
Пікір қалдырыңыз