Менің алтын бесігім!

Орта Азия қақпасы саналатын теміржолшылар мекенінде бүгінде 77 мыңға жуық тұрғын бар. Мұнда екі теміржол вокзалы жұмыс істейді. Екеуіне де жолаушылар пойызы аялдайды. Тұрғындардың едәуір бөлігі теміржол саласында еңбек етеді. Кезінде бір депода мыңнан астам жұмысшы болған. Қазір де локомотив пайдалану депосы мен Арыс стансасында жүздеген адам жұмыс істейді.
Арыстың басқа аймақтарға ұқсамайтын бір ерекшелігі бар. Мұнда теміржолдың ықпалы қала тіршілігінің көптеген саласынан анық байқалады. Мысалы, қалалық ауруханамен қатар теміржол ауруханасы, полиция бөлімімен бірге теміржол полициясы жұмыс істейді. Қалалық прокуратурадан бөлек көлік прокуратурасы да заңдылықты қадағалайды. Су мен электр жүйелерінде де теміржол мекемелері мен қалалық мекемелер қатар қызмет атқарып келеді. Бұрын қалада теміржол мектептері болған. Тұрғындардың екі түрлі уақыт белдеуіне бейімделген кездері де болды. Бірі Алматы уақытын, енді бірі Мәскеу уақытын ұстанған кездер әлі есте. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің де екі жүйесі жұмыс істеген. Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің басым бөлігін теміржол мекемелері салған.
Тағы бір ерекшелік – велосипедке деген ықылас. Арыста бұл көлік түрін үлкен де, кіші де пайдаланады. Велосипед мінбейтін отбасы сирек. Теміржол деполары мен үш әскери бөлімде арнайы велотұрақтардың болуы осы үрдістің кең тарағанын аңғартады. Бұл дәстүрдің тамыры да тереңде жатыр. Кеңес дәуірінде арыстық велосипедшілер Мәскеуге дейін ұйымдастырылған веложорықтарға қатысқан.
Арыс – менің алтын бесігім. Жетпіс жыл ішінде Арыстың келбеті ғана емес, тыныс-тіршілігі де айтарлықтай өзгерді. Бүгінде көріктеніп, көркейген шаһар тұрғындарына жергілікті билік жайлы орта қалыптастырып, жаңа белестерге ұмтылып келеді. Айтулы жылды толайым табыстармен қарсы алған арыстықтардың қуанышы да ерекше. Осы мерейлі күнде барша тұрғындар мен қонақтарға ақжолтай тілек білдіреміз. Әр шаңыраққа амандық пен бақ-береке, елге тыныштық пен молшылық тілейміз! Еңбегімен еңсе тіктеген Арыстың мерейі үстем болып, келешегі кемел болсын!

Расиль БАЙКОВ,
татар-башқұрт мәдени орталығының жетекшісі,
Арыс қаласының құрметті азаматы.
Пікір қалдырыңыз