Әскери реформа не береді?

Дәулет Тұрсынұлы, «Оңтүстік Қазақстан».


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізінде болған қайғылы оқиғадан кейін ұлттық қорғаныс жүйесін қайта қарап, саланы реформалау жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырғаны белгілі. Жақында Қауіпсіздік Кеңесінің кезекті отырысында төраға орынбасары Аида Балаева Президентке әскери реформаның жаңа жоспарын таныстырды. 

Аида Ғалымқызының айтуынша, мерзімді әскери қызмет екі кезеңнен тұратын жаңа үлгіге көшірілмек. Сарбаздар алғашқы алты айда оқу орталықтарында даярлықтан өтсе, қалған жарты жылын әскери бөлімдерде өткізеді. Тарқатып айтар болсақ, бастапқыда заманауи қару-жарақты меңгеруді, алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйренсе, кейінгі алты айда далалық оқу-жаттығу жиындарына қатысып, жауынгерлік дағдыларды меңгереді. Бұл өзгеріс әскерге шақырушыларға уақытты үнемдеп, қысқа мерзімде жауынгерлік дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді. 

Қазір қоғамды әскердегі тәртіп пен сарбаздардың қауіпсіздігі алаңдатады. Құжатта әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, олардың құқықтарын қорғауға басымдық берілген. Соған орай әскери консультанттар институты құрылып, әскери қызметшілер істері жөніндегі уәкіл қызметі енгізілетін болады. 

Әрине, әскери реформа тек қару-жарақ пен құрылымды өзгертумен шектелмейтіні белгілі. Құжатта ұлттық рух мен патриоттық тәрбие беруге де  баса мән берілгенін айта кеткен жөн. Атап айтар болсақ, «Адал азамат» тұжырымдамасына негізделген «Жас айбын» бірыңғай әскери-патриоттық даярлық жүйесін дамыту көзделіп отыр. Оның аясында мамандандырылған әскери мектептердің саны көбейіп, бастапқы әскери даярлық сабақтарының мазмұны заман талабына сай жетілдірілмек. Қорыта айтқанда, жаңа әскери реформа әскерді тек қару-жарақпен жарақтандырып қана қоймай, сарбаздардың қауіпсіздігі мен олардың кәсіби деңгейін көтеруге жол ашпақ.     

Жоспарда көзделген ұйымдастыру шаралары осы жылдың соңына дейін, ал, негізгі тұжырымдамалық шаралар келесі жылы іске асырылады.

Пікір қалдырыңыз