Сарбаздар дрон басқаруды үйренуде
Ұлттық ұланның Түркістан қаласындағы 5574 әскери бөлімінде қызмет ететін сарбаздар жыл басынан бері ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқаруды меңгеріп жатыр. Бұл оларға заманауи әскери дағдыларды игеріп, жаңа мамандықты меңгеруге мүмкіндік береді.
Мұнда әскери қызметшілердің даярлығы жас жауынгер курсынан басталады. Бұл кезеңде олар жалпы әскери жарғыларды зерделеп, саптық және атыс даярлығынан өтеді. Әрі әскери күн тәртібіне бейімделіп, бөлімше құрамында әрекет етуді үйренеді. Міне, осының арасында дрондарды басқару бойынша да білім алады. Ұландықтар оқу барысында дрондардың құрылымын, оларды басқару ережелерін, техникалық қызмет көрсету тәртібі мен тактикалық қолдану негіздерін меңгереді. Бағдарлама аясында командирден, FPV-дрон операторынан, оқ-дәрілер жөніндегі маманнан және барлау операторынан тұратын жауынгерлік топ даярланады.
Оқыту кезең-кезеңімен жүргізіледі. Алдымен әр сарбаз өз мамандығы бойынша қажетті дағдыларды игеріп, содан кейін топтық жаттығуларға қатысады. Бұл топ мүшелерінің өзара үйлесімді әрекет етуін пысықтап, міндеттерді бірлесе орындау дағдыларын қалыптастырады. Дайындықтан өткен сарбаздар патрульдік қызметке кірісіп, Түркістан қаласындағы қоғамдық тәртіпті сақтауға және тұрғындар мен қала қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысады.
Бүгінде заманауи технологиялар әскердің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Сондықтан ұландықтардың мерзімді әскери қызмет кезінде жаңа технологиялар мен олардың жұмыс тәсілдерін меңгеруі өте құптарлық жайт. Дрон операторларын даярлау әскери қызметшілердің кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтіп, заман талабына сай дайындалуына және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттерін тиімді орындауына ықпал етеді.
Д.Жүсіп.