Бәрі де тәрбиеге байланысты
Бала күнімізде үстінде мұнтаздай әскери киімі, басында фуражкасы, аяғында жылтыраған керзі етігі бар ағаларымыз әскерден келгенде ауылда ұлан-асыр той болушы еді. Ол кезде Отан алдындағы борышын өтеп қайтқан жігіттерді кішілер үлгі тұтып, үлкендер жағы арқаларынан қағып жататын. Әскерден келген жігіттердің де жүзінен мақтаныш сезімі байқалып тұратын еді. Жадымызда жатталып қалған осы бір әдемі көріністерді бүгінде аса көп байқай бермейтін болдық.
Әрине, бүгінгі жігіттің барлығы әскерге барудан қашып жүр деуден аулақпыз. Сала мамандары да әскери борышын өтеуге ниетті жастардың саны көбейгенін алға тартады. Алайда, әскери борышын өтеуге келгенде, сан түрлі сылтауды алға тартатын жастардың да аз еместігін жасыра алмаймыз. Қазір заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, мұндайларға жаза да қарастырылған. Әскерге барудан қашқан дені сау азаматтар бір жылға дейін бас бостандығынан айырылып, 2 миллион теңгеден аса айыппұл төлеуі мүмкін. Ал, денсаулығына байланысты жалған құжаттар жасатса, айыппұл көлемі екі есеге дейін өседі. Тіпті, осы қаржыны өндіру үшін қара жұмысқа да жіберілуі ықтимал. Бірақ, мұның да жолын тауып, әртүрі себептермен әскерден сырт қалатындар да жоқ емес. Олар осы аралықта қосымша жұмыс істеп, ақша тапқысы келеді. Себебі, бүгінгі заманда оларға ұтымдысы осы. Оның үстіне, әскери билетті түрлі жолмен «сатып алуға» болатындығы да талай жігіттің міндетін жеңілдетіп жатыр. Ата-аналар да бұрынғыдай балаларын әскерге жібергісі келмейді. Күн сайын орын алып жатқан келеңсіз жағдайлар, жантүршігерлік оқиғаларды естіген ата-ана үміт күтіп отырған баласын әскерге жіберуге қайдан ниетті болсын?!
Бүгінгі әскердің беделіне сына қағып тұрған жайттың бірі – әлімжеттік десек, мұнымызды ешкім теріс дей қоймас. Өкінішке қарай, әскердегі әлімжеттікті түбірімен жою әзірге қолдан келмей тұр. Қорғаныс министрлігі тәртіп бұзушылардың қатаң жазаланатынын ескерткенімен, мұндай әрекеттің тамырына балта шаба алмай келеді. Әскерге барған сарбаз Отан алдындағы борышымды адал атқарамын деп ант беретіні белгілі. Алайда, әскердегі қатаң талап пен сарбаздың намысын аяққа таптау, әлімжеттік пен қорлықтың арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Әскерде жүрген сарбаздар онда болып жатқан әлімжеттік туралы ешнәрсе айтпайды. Ал, әскери борышын өтеп келгеннен кейін командирлердің ұялы телефонға бірлік салдыратынын, әскерден қайтуға әзірленіп жүрген сарбаздардың қатарға жаңа қосылғандарды мәжбүрлеп үйінен ақша сұрататынын, бәрін-бәрін тізіп айтып береді. Әйтсе де, әскердегі әлімжеттіктің нақты деректерін ешкім біле алмайды. Психологтар өз-өзіне қол жұмсағандарға көбінесе психикалық ауытқуы бар деген баға береді. Ал, сарбаздар әскер қатарына алынбай тұрып, толық медициналық тексеруден өтеді. Егер әскерде жүріп өз-өзіне қол жұмсаған сарбаздың психикалық ауытқуы болса, оны әскерге қалай алған, әлде әскер қатарына сау болып аттанған сарбаз психикалық ауытқуға қызиетте жүріп ұшыраған ба? Әскери бөлімдегілер көбіне осындай қисынсыз мысалдар келтіреді. Әскерде орын алып жатқан осыншама заң бұзушылықты анықтауға келгенде, құқық қорғау органдары да дәрменсіз.
Жалпы, әскердің жазылмаған «өз заңдары» бар. Әлі жеткені әлсізін сабау, міндеттелген тапсырманы дұрыс орындай алмағандардың жазасын беру әскердегі қалыпты жағдайға айналып кеткен сияқты. Әрине, баласын Отан алдындағы борышын өтеуге жіберіп, жанын шүберекке түйіп, сарыуайымға салынатын ата-анаға да оңай емес. Әскердегі әлімжеттіктің түп-төркіні қайда жатқанын іздеп көрдік пе? Әлімжеттік жасайтын сарбаздар мен әскери қызметкерлер қайда тәрбиеленген? Олардың осындай әрекет жасауына отбасындағы тәрбиенің ықпалы болуы да мүмкін. Отбасында жақсы тәрбие алған, үлгілі, өнегелі жігіттер әскер қатарында да алдыңғы шептен көрінуге тырысады. Сондықтан әскерде орын алатын мұндай көріністерге әскерге дейінгі тәрбиенің жеткіліксіз болуының да әсері аз емес. Әрине, барлық отбасы бірдей емес. Кейбір әке-шешелер балаларын кішкентайынан елін сүюге, туған жердің белді бір азаматы болуға баулиды. Ал, кей ата-аналарға ұлдарының болашағынан гөрі ақша маңыздырақ. Міне, осындай толыққанды тәрбие алмаған жастардың әлгіндей кемшіліктері, мінез-құлықтары әскер қатарына шақырылған кезде анық көрінеді.
Меніңше, қазақ жігітінің мойнында бір ғана міндет болуы керек. Ол – Отан үшін қызмет ету, Отан үшін от кешу. «Ер ел үшін туады, ел үшін өледі» дейді ата-бабаларымыз. Қашанда елдің ұлы болу – әрбір жігіттің биік арманы. Әсіресе, Отан алдындағы борышын өтеп, әскер қатарына қосылу – нағыз азаматтықтың белгісі. Әскерді көзбен көріп, тіршілігін көңілге түйген жігіт біршама есейіп келеді. Бойында намысы бар жігіт бұл жауапкершіліктен жалтармайды. Ал, біз жігіттерді әскерден безуге емес, соған ұмтылатындай тәрбие беруіміз керек.
P.S. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізінде болған қайғылы жағдайдан кейін қорғаныс саласын бүге-шігесіне дейін тексеруді тапсырған болатын. Жақында жауапты комиссия Президентке тексерудің алғашқы нәтижелері туралы есеп берді. Жіберілген олқылықтардың ішінде біз меңзеген келеңсіздіктер де айтылды. Алдын-ала жүргізілген тергеу барысында мемлекет мүлкін талан-таражға салу, әлімжеттік және қызметін асыра пайдалану фактілері бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалып, бірқатар лауазымды тұлғаның тұтқындалғаны белгілі болды. Демек, жоғарыдағылар саладағы қордаланған проблемалардың түйінін тарқатуға бел шеше кірісті деуге болады. Дегенмен, оның қаншалықты нәтиже беретіні алдағы күндердің еншісінде.
Ерболат КӨШЕН.
Түлкібас ауданы.