Туған жердің қасиетін ұғындырды
Сынаптай сырғыған уақыт қой, әскерден келгенімізге де 36 жыл уақыт өтіпті-ау! Өмірімнің үш жылы Отан алдындағы борышты өтеумен өріліп, одан кейінгі өндірістегі еңбек өтілімді қосқанда жалпы қырық жылға таяп қалыпты. Осы жылдарға шегініс жасасам, жастық шақтың әрбір кезеңі көз алдымда кинолентадай тізбектеліп өтеді.
1987 жылы Созақ ауылындағы мектепте орта білім алғаннан кейін кәсіптік-техникалық училищеге оқуға түстім. Алғашқы курсты бітіргеннен кейін біз қатарлыларды әскерге шақыра бастады.1988 жылдың көктемінде мен де әскер қатарына шақырылып, мамыр айының басында әскери қызметке аттандым. Бізді Қиыр Шығысқа, Приморье өлкесіндегі Владивосток қаласына жіберді. Сол жерде Тынық мұхиты флотының құрамында тексеруден өтіп, әрқайсымыз түрлі әскери бағыттарға бөліндік. Мен суасты қайықтарында қызмет ететін бөлімге түстім. Онда әуелі оқу-жаттығу отрядында жарты жыл дайындықтан өттік. Бұл кезең әскери өмірдің нағыз бастауына айналды. Кейін Камчатка түбегіндегі Петропавловск-Камчатский қаласына апарды, жауынгерлік қызметті сондағы әскери бөлімде жалғастырдық
Суасты қайықтарындағы қызмет ерекше тәртіп пен төзімділікті талап етеді. Алғаш рет теңізге шығып, дербес жүзуге қатысқан сәттер әлі күнге дейін есімде. Жас сарбаздарды сүңгуір қатарына қабылдайтын өзіндік дәстүрлері де бар еді. Сол сынақтардан өтіп, теңіздің ащы суын татып, нағыз теңізші атанған сәттер әлі жадымда.
Үш жылдық әскери қызметтің соңғы кезеңінде бізді қайтадан Приморье өлкесіне жіберді. Сөйтіп, 1991 жылдың сәуір айында әскери борышымызды аяқтап, демобилизацияға шықтық. Бәріміз жұбымызды жазбастан Куйбышев (қазіргі Самара) қаласына ұшып келіп, одан әрі әркім өз туған жеріне тарқасты. Мен де араға уақыт салып, ұшақпен Шымкентке оралдым. Туған жерге табан тіреген сәт өмірімдегі ең ерекше, ең толқулы күндердің бірі болды.
Әскери өмір жаттығу мен қызметтен тұрмайтыны белгілі. Ол түрлі адамдармен, түрлі тағдырлармен тоғыстыратын үлкен мектеп тәрізді. Сол жақта жүріп көптеген жігіттермен таныстым. Бұрын көрмесек те, күнде көріп жүрген адамдардай тез тіл табыстық. Әскери өмірдің қатаң тәртібіне қарамастан, сол таныстық жүректе сақталып қалды. Кейін арадағы байланысымыз бекіп, ұзақ жылдарға созылған достыққа ұласты. Отбасымызбен араласып, ағайын-туыстай болып кеттік.
Әскер – нағыз өмір мектебі. Ол жерде әртүрлі ұлт өкілдері бір ортада тәрбиеленеді. 300 миллионға жуық халқы бар Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен жиналған жастар бір сапта жүріп, ортақ мүддеге қызмет еттік. Сол ортада жүріп тәртіп пен төзімділікті, ұқыптылық пен жауапкершілікті үйрендік. Онда тіл мәселесі де үлкен рөл атқарды. Орыс тілін білмесең, техникамен жұмыс істеу де, бұйрықты түсіну де қиын еді.
Бүгінде өткенге көз салсам, әскердің адамды шыңдайтын, өмірге дайындайтын үлкен мектеп болғанын мойындаймын. Қиындығы да, қызығы да мол сол жылдар бізге ата-ананың қадірін, туған жердің қасиетін, достықтың бағасын ұғындырды. Ең бастысы, Отан алдындағы борышымызды абыроймен атқарып, елге аман-есен оралдық.
Мейірбек СҮЛЕЙМЕНОВ.
Созақ ауданы.