Тасының өзі тарих болып сөйлейді
Арыс кенті қала мәртебесін 1956 жылы алды. Ал, әкімдік институты қалыптасқан кезде Арыс қаласының тұңғыш әкімі болып Қуаныш Айтаханов тағайындалды. Ол бұған дейін төрт жыл Арыс аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған еді. Оның мол тәжірибесі жаңа басқару жүйесінің алғашқы қадамдарын қалыптастыруға үлкен септігін тигізді.
1993 жылы мен Арыс қаласының әкімі қызметіне тағайындалдым. Бұл ел өміріндегі өте күрделі кезең болатын. Қала алдында шешімін күткен проблемалар аз емес еді.
Өзекті мәселелердің бірі – тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету болатын. Бұл ондаған жыл бойы шешімін таппай келе жатқан күрделі мәселе-тін. 1964 жылы Бөген су қоймасы салынғанға дейін Арыс өзенінің суы мол әрі мөлдір болған. Қала тұрғындары ауыз суды өзеннен сорғылар арқылы алып пайдаланатын. Су қоймасы іске қосылғаннан кейін жағдай өзгерді. Өзендегі су мөлшері азайып, сапасы да төмендей бастады. Таза ауыз су мәселесі күн өткен сайын күрделілене түсті.
Ауыз сумен, электр энергиясымен және жылумен қамтамасыз ету жүйелерінде қордаланған мәселелер көп еді. Бұл үш бағыт та тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер етті. Сондықтан оларды шешу әкімдік жұмысының басты міндеттерінің біріне айналды.
Жылумен, электр энергиясымен қамтамасыз ету де оңай болған жоқ. Елдегі экономикалық дағдарыс жағдайында қолда бар ресурсты үнемдеп, тиімді жұмсау маңызды міндетке айналды. Осы мақсатта көшелер, кварталдар мен мөлтек- аудандарға жеке есептеуіш құралдарын орнату қолға алынды. Тұтынушылар нақты алған қызметінің көлеміне қарай ақы төлейтін жүйеге көшті. Бұл тұрғындардың жауапкершілігін күшейтіп қана қоймай, электр қуаты мен жылудың ысырап болуын, заңсыз тұтынуды едәуір азайтты.
Сол жылдардағы тәжірибе маған бір маңызды нәрсені ұқтырды. Мемлекет кәсіпкерге талап қойып қана қоймай, оның дамуына жағдай жасауы керек. Кәсіпкер аяғына тұрып, жұмыс орындарын ашып, салық төлей бастаса, одан ең алдымен мемлекет пен қоғам ұтады.
Арыс – талай тарихты бастан өткерген қасиетті мекен. Оның бүгінгі келбеті бір күнде қалыптасқан жоқ. Қаланың әр жетістігінің артында елге қызмет еткен азаматтардың еңбегі, тұрғындардың төзімі мен ортақ іске деген жауапкершілігі жатыр.
Қадірлі арыстықтар! Баршаңызды Арыс қаласының 70 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Қасиетті қаламыздың бірлігі мен ынтымағы арта берсін! Әр шаңыраққа амандық, әр отбасыға бақ-береке, зор денсаулық тілеймін! Тарихы терең, тағлымы мол Арысымыздың мерейі үстем болсын! Өндірісі өркендеп, экономикасы нығайып, көркейе берсін!
Әлімжан ҚҰРТАЕВ,
Арыс қаласының бұрынғы әкімі,
мемлекет және қоғам қайраткері.