Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер
Балалар мен жасөспірімдердің
денсаулығы – қоғамның маңызды құндылықтарының бірі. Бала уақытының едәуір
бөлігін мектепте өткізетіндіктен, білім беру ұйымы салауатты әдеттерді
қалыптастыруда және денсаулыққа жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеуде маңызды
рөл атқарады.
«Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін
мектептер» – білім алушылардың денсаулығын сақтауға және нығайтуға,
салауатты өмір салты дағдыларын қалыптастыруға, сондай-ақ қауіпсіз әрі қолайлы
білім беру ортасын құруға бағытталған кешенді тәсіл. Денсаулықты сақтауға бағытталған
мектеп тек жекелеген профилактикалық іс-шараларды өткізумен шектелмейді. Мұнда
қауіпсіз әрі қолайлы оқу жағдайларын қамтамасыз ету, санитариялық-гигиеналық
талаптарды сақтау, дұрыс тамақтануды ұйымдастыру, жеткілікті дене белсенділігін
қамтамасыз ету, білім алушылардың психологиялық әл-ауқатын қолдау және қауіп
факторларының алдын алу маңызды.
Негізгі бағыттардың бірі
– дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру. Білім беру ұйымдарында
балаларды құнарлы және теңгерімді тамақтанумен қамтамасыз етуге жағдай жасау,
сондай-ақ рационалды тамақтану қағидалары мен тағам өнімдерін дұрыс таңдаудың
маңыздылығы туралы ақпараттандыру қажет. Дене белсенділігі де салауатты өмір салтының
маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Дене шынықтыру сабақтары, спорттық
іс-шаралар, белсенді үзілістер және спорттық инфрақұрылымның қолжетімділігі
балалардың денсаулығын нығайтуға, қозғалыс белсенділігін арттыруға және
қимыл-қозғалыстың аздығымен байланысты аурулардың алдын алуға ықпал етеді.
Балалардың психологиялық
әл-ауқатына да ерекше көңіл бөлінуі қажет. Қолайлы психологиялық ахуал,
өзара сыйластық, буллингтің алдын алу, білім алушыларға қолдау көрсету және
қарым-қатынас дағдыларын дамыту баланың толыққанды дамуына қажетті қауіпсіз
орта қалыптастырады.
Маңызды бағыттардың бірі
– профилактикалық жұмыс. Ол инфекциялық және инфекциялық емес аурулардың
алдын алуға, жеке бас гигиенасы дағдыларын қалыптастыруға, темекі, алкоголь
және басқа да зиянды заттарды тұтынудың алдын алуға, сондай-ақ білім алушылар
мен ата-аналардың денсаулық сауаттылығын арттыруға бағытталады. Бұл
жобаны тиімді іске асыру мектеп әкімшілігінің, педагогтердің, медицина
қызметкерлерінің, ата-аналардың және білім алушылардың бірлескен қатысуын талап
етеді. Барлық тараптардың өзара іс-қимылы нәтижесінде денсаулықты сақтау бір
реттік іс-шара емес, мектептің күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналады.
Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін
мектеп – баланың физикалық, психологиялық және әлеуметтік әл-ауқатына қолайлы
жағдай жасалған білім беру ортасы. Осындай ортаны қалыптастыру өскелең ұрпақтың
денсаулығын сақтауға және аурулардың алдын алуға қосқан маңызды үлесі болып табылады.
Ұлмекен ҮСІПБАЕВА,
Шымкент қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім
басшысы.