Ордабасыда оң динамика бар
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің өңір тұрғындарымен кездесулері және жеке қабылдаулары одан әрі жалғасуда. Қазақстан Республикасы Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, кезекті кездесу Ордабасы ауданында жалғасып, өңір басшысы аудан тұрғындарының талап-тілектерін тыңдады. Жеке қабылдау өткізіп, көтерілген мәселелерді шешу жолдарын жан-жақты қарастырды. Сондай-ақ, жауапты тұлғаларға проблемаларды шешу бойынша сапалы жұмыс атқаруды тапсырды.
Кездесу барысында облыс әкімі ауданның даму көрсеткіштеріне тоқталып, өңір көлемінде жаңа өндіріс орындарын ашу, экономиканы әртараптандыру бағытындағы ұсыныстарға ашық екенін жеткізді.
Алдымен өңір экономикасының дамуына тоқталған облыс әкімі жарты жылда өнім көлемі 111,6 млрд. теңгеге жетіп, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 33 пайызға көп екенін мәлімдеді. Ал, аймақта өндірілген өнім көлемі 83,4 пайызға жеткен. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі бойынша өнім көлемі 88,5 пайызға артқан. Ауданға тартылған инвестициялар көлемі 26,6 млрд. теңгені құрап отыр. Жалпы, аудан әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша оң нәтижеге қол жеткізген. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы саласына тоқталсақ, биылғы жылдың 6 айында өнім көлемі 5,5 пайызға артқан. Құрылыс жұмыстарының көлемі 12 млрд. теңгені құрап отыр, оның ішінде тұрғын үйді пайдалануға беру жұмыстары 18,6 пайызды құрайды. Ал, ауданның жергілікті бюджет кірістерінің үлесі жыл сайын ұлғайып, биыл 1,5 млрд. теңгеге жеткен. Ауданның білім беру саласында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, өткен жылы «Келешек мектебі» жобасы аясында Ақбұлақ елді мекенінде 300 орынды 1 мектеп, облыстық бюджет есебінен Шұбарсу елді мекеніндегі 600 орынды, Төрткүл және Қызылжар ауылдарындағы 300 орынды мектептер пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы Елшібек батыр мен Ынтымақ ауылдарындағы 200 орындық мектептерді пайдалануға беру көзделген. Бұдан бөлек, осы жылдың соңына дейін 250 орынды Мәдениет үйі мен кітапхана және бір спорт кешенін ел игілігіне беру жоспарлануда. Сондай-ақ, инфрақұрылымды дамыту бағытында да бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, 45 елді мекенге «көгілдір отын» беріліп, ауданда газбен қамту деңгейі 78,9 пайызға жетті. Оған қоса, ағымдағы жылы 5 елді мекенде газ құбырларының құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Нақтылай өтсек, бұған дейін тұрғындар тарапынан нақты 20 мәселе көтерілген-ді. Бүгінгі күні оның 18-і толық орындалып, қалған 2 мәселе бойынша жұмыстар мерзімінде атқарылмағаны анықталып отыр.
Кездесуден кейін Нұралхан Оралбайұлы тұрғындарды жеке қабылдап, өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Жеке қабылдауда ауданның инфрақұрылымы, денсаулық сақтау, білім беру, экология және ауыл шаруашылығы салаларына қатысты бірқатар түйткілдер айтылды. Мәселелер бақылауға алынды. Өңір басшысы тұрғындардың талап-тілегі қашан да қолдау табатынын жеткізді.
Өңір басшысы сапар барысында Шұбар ауылында орналасқан «QAGAZPROM» ЖШС-нің қағаз және картон қалдықтарын қайта өңдейтін зауыттының капсуласын салу рәсіміне қатысты.
Жобаның инвестициялық құны 1 млрд. теңгені құрайды. Нысан 5 гектар аумақта орналасқан. Жоба іске асқан жағдайда 20 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Зауыт жылына 5 875 тонна өнім өндіруге қауқарлы. Атап айтсақ, мұнда тәулігіне 190 мың дана жұмыртқа лотогы, стақан ұстағыш және аяқ киім картоны сынды өнімдер шығарылады деп күтілуде. Өндірілген өнімнің 70 пайызы ішкі нарыққа, қалған 30 пайызы экспортқа бағытталады.
Іс-шара барысында облыс әкімі мұндай ауқымды жобаның өңір экономикасына тың серпін беретінін айтып, аймақ тұрғындарын айтулы күнмен құттықтады.
Қазіргі таңда нысанда іргетас қалау және қазаншұңқырды дайындау жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін зауыт ғимаратын жеңіл металл конструкциялар мен сэндвич-панельдерден тұрғызу жоспарланған. Қажетті құрал-жабдықтар Қытай елінен әкелінуде.