Сайрамның экспорттық әлеуеті зор
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің аудан, қала тұрғындарымен кездесулері мен жеке қабылдаулары одан әрі жалғасуда. Өткен жұма күні Сайрам ауданы тұрғындарының өтініштері мен мәселелері, ұсыныстары тыңдалды. Өңір басшысы облыстың, ауданның даму көрсеткіштеріне тоқталып, алдағы жоспарлар мен міндеттер туралы атап өтті.
– Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, облыс әкімдері барлық аудандардың тұрғындарымен кездесіп, мәселелерді ашық диалог алаңында шешу тапсырылған болатын. Осыған сәйкес, бүгін тарихы терең, табиғаты көркем Сайрам өңірінің тұрғындарымен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Сайрам ауданының негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде оң өсім байқалады. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2026 жылдың 6 айында 203,8 млрд. теңгені құрап, өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 125,6 пайызға өсті. Өнеркәсіп өнімі көлемі 49,6 млрд. теңгеге жетіп, былтырғы көрсеткіштен 151,5 пайызға көбейді. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 37,7 млрд. теңгені құрап, 155,4 пайызға өсті. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 222,6 млрд. теңгені құрады. Сауда көлемі 70,7 млрд. теңгені құраса, өсім 110,1 пайызға жетті. Құрылыс көлемі 17,5 млрд. теңгені құрап, өткен жылғы көресеткіштен 128 пайызға көбейді. Ал, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 59,2 мың шаршы метрді құрап отыр. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 66,0 млрд. теңге болды.
2026 жылғы 1 шілдеден бастап еліміздің жаңа Конституциясы заңды күшіне енгенін білесіздер. 23 тамыз күні Құрылтай сайлауы өтеді. Бұл – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиға, елдің тұрақты дамуы мен болашағына бағытталған жауапты қадам. Сондықтан баршаңызды сайлауға белсенді қатысып, азаматтық ұстанымдарыңызды танытуға шақырамын, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Ауданда «Жайлы мектеп» жобасы аясында өткен жылы Ақсу елді мекенінде 600 орынды мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар №89 Қайнарбұлақ, №3 Хамза және «Айша-Бибі» мектептері реновациядан өтіп, жаңғыртылды. Биыл Жібек жолы ауылындағы «Бөкейхан» орта мектебіне арналған 300 орынды қосымша оқу корпусының құрылысы жүргізілуде. Нысанды қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланған.
Денсаулық сақтау саласында Қарабұлақтағы аудандық аурухана мен Ақсудағы аудандық орталық ауруханасы ғимараттары күрделі жөндеуден өтуде. Ауыз су мәселесі рет-ретімен шешіліп келеді.
Өткен жылы өңір басшысы сайрамдықтармен кездесуінде көтерілген өзекті мәселелер бақылауға алынып, оларды шешу бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Жалпы, тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің 16-сы толық орындалды. Ал, қалған 3 мәселе бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Кездесуден кейін өңір басшысы тұрғындарды жеке қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Жеке қабылдауда заңсыз жайылым жерлер, ішкі жолдарға асфальт төсеу, интернет сапасы, ауыз су, білім және денсаулық сақтау салаларына қатысты мәселелер көтерілді. Көкейкесті мәселелер ашық айтылып, облыс әкімі тарапынан тиісті жауаптар берілді.
Аустралияның тәжірибесі – Ақсукентте
Жұмыс сапары барысында өңір басшысы Ақсукент ауыл округі, Ақсу елді мекенінде орналасқан аустралиялық технология бойынша мал сату биржасының құрылысының басталуына арналған капсула салу рәсіміне қатысып, жобаның өңір экономикасы үшін маңыздылығын атап өтті.
Жобаны «RED GOLD» ЖШС жүзеге асыруда. Бүгінде жоба аясында Аустралиялық компаниялардан коммерциялық ұсыныстар алынып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Ал металл конструкциялардан жасалатын қаңқаларды дайындау түркиялық «Agro Fine» компаниясының еншісінде.
Жобаның жалпы құны 5,2 млрд. теңгені құрайды. Оның 4,7 млрд. теңгесі жеңілдетілген несие болса, 500 млн. теңгесі инвестордың жеке қаражаты есебінен қаржыландырылуда. Жер телімінің көлемі – 24 гектар. Құрылыс материалдарының 30 пайызы Аустралиядан, 70 пайызы Түркиядан жеткізіледі деп жоспарлануда.
Мал биржасы ғимаратының құрылыс-монтаждау жұмыстары биыл мамыр айында басталды. Бүгінде инвестор тарапынан нысанның құрылыс алаңын дайындау және іргетасын қалау жұмыстары қолға алынған. Аталған ауқымды жобаны 2026-2027 жылдары бітіру жоспарланған. Кәсіпорын толық іске қосылғаннан кейін бір мезетте 5 мың ірі қара, 4 мың жылқы және 10 мың уақ мал қабылдай алады. Сонымен қатар жоба аясында 20-дан астам жаңа жұмыс орны ашылып, қызметкерлердің орташа жалақысы 300 мың теңге болады деп күтілуде.
Айта кетсек, бұл жоба – өңірдегі мал саудасын халықаралық талаптарға сай ұйымдастыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өткізу нарығын кеңейтуге және экспорттық әлеуетті жақсартуға зор ықпал етеді.
Теміржол вокзалы пайдалануға берілді
Сайрам ауданында «Манкент» теміржол вокзалының ғимаратын реконструкциялау жұмыстары аяқталып, таяуда пайдалануға берілді. Нысанды жаңарту Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздегі 124 теміржол вокзалын реконструкциялау және жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Вокзалдың ашылу рәсіміне облыс әкімі Нұралхан Көшеров, теміржол саласының ардагерлері және аудан тұрғындары қатысты.
Салтанатты іс-шарада өңір басшысы жаңарған нысанның Сайрам ауданы үшін маңызын атап өтіп, тұрғындарды айтулы оқиғамен құттықтады.
– Өңірімізде биыл жалпы 5 теміржол вокзалының – атап айтқанда, Түлкібас, Манкент, Темір, Арыс, Сарыағаш стансаларының инфрақұрылымы жаңартылды. Міне, бүгін осы бағытта жаңартылған «Манкент» вокзалында жиналып тұрмыз. Тарихы терең Манкент вокзалы 1916 жылы салынған. Араға ғасырдан астам уақыт салып, заман талабына сай бой көтерген жаңартылған вокзал тұрғындар мен қонақтарға сапалы әрі қолайлы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Осы игілікті іске атсалысқан барлық азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
«Манкент» теміржол вокзалы Сайрам ауданы, Ақсукент ауылында орналасқан. Жобаның жалпы құны 576 млн. теңгені құрайды. Жаңа ғимаратта 90 орынды кең күту залы, билет кассалары, анықтама бюросы және асхана қарастырылған.