Чемпиондарға пәтер берілді
Тамыз айының әрбір үшінші жексенбісінде елімізде «Спорт күні» мерекесі атап өтіледі. Осыған орай, Түркістан қаласында Спорт күніне арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Мерекелік жиынға өңірдің спорт саласының ардагерлері, жаттықтырушылар, спортшылар, дене шынықтыру саласының мамандары және спорт жанашырлары қатысты.
Іс-шара барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жұртшылықты Спорт күнімен құттықтап, өңірде бұқаралық және кәсіби спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Бұл мереке – кәсіби спортшылар мен бапкерлерге ғана емес, барлық жанкүйерлер мен салауатты өмір салтын ұстанатын әрбір адам үшін ерекше мереке. Себебі, спорт барша әлемді біріктіреді, дені сау, саламатты қоғам қалыптастыру жолында маңызды рөл атқарады. Биыл Түркістан спорты үшін табысты жыл болды. Облыс спортшылары 2026 жылғы 7 айда 876 медаль жеңіп алды. Өңіріміздің 798 спортшысы Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы сапында ел намысын қорғап жүр. Өңір спортшыларының алдағы жауапты халықаралық додаларға дайындығы да қарқынды жүргізілуде. Жерлестеріміз алдағы дүбірлі додаларда жоғары нәтиже көрсетіп, ел мерейін асқақтатады деп сенеміз. Барша спортшыларымызға сәттілік пен жеңіс тілеймін! – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Салтанатты жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңірде спорт саласының дамуына елеулі үлес қосып, байрақты бәсекелерде жүлде олжалаған бір топ азаматты Грамоталармен, Алғыс хаттармен марапаттады. Сонымен бірге «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісі мен «Еңбек ардагері» медальдарын тапсырды. Сондай-ақ, Токиода өткен XXV жазғы Сурдолимпиадалық ойындарының жеңімпаздарына 2 және 3 бөлмелі пәтер кілттерін табыстап, еркін күрестен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінің жүлдегерлеріне қаржылай сыйақылар табыс етті.
Іс-шара аясында арнайы көрме ұйымдастырылып, онда өңір спортшыларының жетістіктері, жеңістері мен спорт саласындағы маңызды жобалар таныстырылды. Салтанатты іс-шара мерекелік концертке ұласты, облыс өнерпаздары театрландырылған қойылымдар қойып, патриоттық әндер шырқады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.