Миокард инфарктінің алдын алу


Миокард инфарктісі – жүрек бұлшықетінің қанмен қамтамасыз етілуі бұзылған кезде пайда болатын жүрек-қантамыр жүйесінің ауыр ауруы. Негізгі қауіп факторларына артериялық қан қысымының жоғарылауы, қандағы холестерин мен глюкоза деңгейінің жоғары болуы, темекі шегу, артық дене салмағы, төмен дене белсенділігі, қант диабеті, дұрыс тамақтанбау, созылмалы күйзеліс және тұқым қуалайтын бейімділік жатады.

Алдын алудың негізі – салауатты өмір салты. Теңгерімді тамақтану ұсынылады: күнделікті көкөністер, жемістер, тұтас дәнді өнімдер, балық және тағамдық талшықтарға бай өнімдерді тұтыну қажет. Тұзды, майлы және қуырылған тағамдарды, шұжық өнімдерін, тәттілер мен тәтті сусындарды шектеу керек. Дене салмағын бақылап, семіздіктің алдын алу маңызды.

Тұрақты дене белсенділігі жүрек-қантамыр жүйесін нығайтып, дене салмағын, артериялық қан қысымын және холестерин деңгейін қалыпты ұстауға көмектеседі. Қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда аптасына кемінде 150 минут орташа қарқынды дене белсенділігі ұсынылады. Жаяу жүру, жүзу, велосипед тебу, гимнастика және басқа да қимыл-қозғалыс түрлері пайдалы.

Артериялық қан қысымын, қандағы холестерин мен глюкоза деңгейін үнемі бақылау қажет. Қауіп факторлары бар адамдар профилактикалық медициналық тексерулерден уақтылы өтіп, медицина қызметкерлерінің ұсынымдарын орындауы тиіс. Тағайындалған дәрілік препараттарды жүйелі түрде қабылдап, емдеуді өз бетінше тоқтатпау қажет.

Темекі шегуден толық бас тарту миокард инфарктісінің алдын алудың тиімді шараларының бірі болып табылады. Темекі шегу қан тамырларын зақымдап, атеросклероздың және жүрек-қантамырлық асқынулардың даму қаупін арттырады. Сонымен қатар алкогольді тұтынуды шектеу, ұйқы және демалыс режимін сақтау, ұзаққа созылған күйзелістен аулақ болу қажет.

Миокард инфарктісінің негізгі белгілерін білу маңызды: төс артындағы қысып немесе күйдіріп ауыратын ауырсыну, оның сол қолға, иыққа, арқаға, мойынға немесе төменгі жаққа таралуы, ентігу, суық тер, қатты әлсіздік, жүрек айну немесе бас айналу. Осындай белгілер пайда болған жағдайда жедел медициналық жәрдемді дереу шақыру қажет.

Миокард инфарктісінің алдын алу күнделікті денсаулыққа қамқорлық жасаудан басталады. Дұрыс тамақтану, дене белсенділігі, темекіден бас тарту, денсаулықтың негізгі көрсеткіштерін бақылау және профилактикалық медициналық тексерулерден уақтылы өту жүрек-қантамыр ауруларының даму қаупін төмендетіп, жүрек саулығын сақтауға көмектеседі.

 

Дияна ОДЗЯЛ,

Шымкент қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы.

 

Пікір қалдырыңыз