Сіз жатқа оқуға тиіс бір өлең...
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ
КҮЗ
Қайтесің тірлік дейтін қақпақылды,
Әр басқа бір қондырар Бақ пақырды...
...Жаздың бар иелігін тартып алып,
Алшаңдай басып кеп, Күз таққа отырды.
Құлағаны қиын, ә, достың нардан,
(Жаз болып көкірегімнен көштің бе,
арман?!)
Артына қарайламай жөнелді ол да,
Шынымен жалған екен, бес күн жалған...
Қазір бірақ Жазды ойлап, шақ па
уайымдар,
Уәзір-Жел Қаған-Күзден хат дайындар...
Сарыала погон тағып, сап түзеді,
Қағаннан жарлық алған ақ қайыңдар.
Ей, өмір, Күзге ғана баянды ма ең,
Жан-жағым сары жағалы ноян кілең.
Дүн-дүние сарғайып шыға келді,
Сары түс – қағанға ұнар бояу, білем...
Арналып жатқанда елдің ақ тілегі,
Тағы да, ай, біреулер, тапты нені:
«Етек-жеңі кең болар билеушінің,
Мынаның тізесі тым қатты...» – деді.
Өзара күңкілдесіп шоқ қарағай,
Әр жерде күбір-сыбыр тоқтамады-ай...
«Хан дуды ұнатпайды екен...» – десіп,
Жөнелді құстар жылы жаққа қарай.
Көңілін құс кетті деп бұзбас ханың...
Сөзінің ұғына алмай сызды астарын,
Қалың құстан қап кеткен қарға екеуміз,
Қабағына қараймыз Күз-патшаның...