Түркістанда халықаралық қолөнер және экологиялық өнімдер жәрмеңкесі өтеді
2026 жылғы 26–28 қыркүйек аралығында Түркістан қаласында «Turkistan Brand. Craft Fair» халықаралық қолөнер және экологиялық өнімдер жәрмеңкесі өтеді.
«Шеберден - брендке. Өңірден - ұлттық өнімге. Түркістаннан - әлемдік нарыққа» қағидатын негізге алған жәрмеңке дәстүрлі қолөнерді заманауи дизайнмен және авторлық шығармашылықпен тоғыстыратын халықаралық алаңға айналады.
Іс-шараның басты мақсаты - Қазақстан шеберлерінің ұлттық мұрасын дәріптеу, жергілікті өндірушілер мен шығармашылық кәсіпкерлерді қолдау және отандық өнімдерді халықаралық аудиторияға таныту. Жәрмеңкеге 10 елден 100–150 қатысушы қатысады деп жоспарлануда. Олардың қатарында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Әзербайжан, Ресей, Моңғолия, Қытай, Венгрия және Малайзия елдерінің шеберлері мен брендтері бар.Қатысушылар дәстүрлі және заманауи қолөнер бұйымдарын, ұлттық киімдер мен этнодизайн өнімдерін, зергерлік бұйымдарды, былғары, киіз, ағаш, металл, керамика және тоқыма өнімдерін, интерьер заттарын, табиғи косметика мен экологиялық өнімдерді, кәдесыйлар мен сыйлықтарды, сондай-ақ жергілікті азық-түлік өнімдерін ұсынады. Үш күнге жоспарланған жәрмеңке аясында келушілер тек дайын өнімдерді тамашалап, сатып алып қана қоймай, шеберлердің шығармашылық үдерісімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алады. Бағдарламада шеберлік сабақтары, музыкалық және театрландырылған қойылымдар, бейнетүсірілімдер мен подкасттар, этно-дефиле және кешкі концерттер қарастырылған. Іс-шараның маңызды ерекшеліктерінің бірі - халықаралық жәрмеңке аясында «Бір ауыл - бір өнім» жобасының республикалық көрме-жәрмеңкесінің өткізілуі. Сонымен қатар этномодалық бұйымдардың дефилесі ұйымдастырылып, заманауи ұлттық сән үлгілері көпшілік назарына ұсынылады. Жәрмеңке аясында туристік бизнес-форум да өткізіледі. Форум туризм мен шығармашылық индустрия өкілдерінің өзара тәжірибе алмасуына, жаңа серіктестік байланыстар орнатуына және өңірлік өнімдерді туристік нарықта ілгерілету мүмкіндіктерін талқылауға бағытталады. «Turkistan Brand. Craft Fair» - қолөнер бұйымдарын таныстыратын ғана емес, шеберді брендке, жергілікті өнімді ұлттық құндылыққа, ал Түркістанды халықаралық шығармашылық және туристік алаңға айналдыруға бағытталған жоба. Жәрмеңке қала тұрғындары мен Түркістан қонақтары үшін ашық. Қосымша ақпарат алу үшін: Байланыс телефоны: +7 701 240 20 20(Аиса Кисабекова) Ұйымдастырушы: Түркістан облысы әкімдігі.